Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында екі жылдан астам уақыт тұралап тұрған көпір құрылысы қайта жанданды. Бұл жайында Қазалы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Негізі 2022 жылы Қазалы ауданындағы аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымдағы Қарлан учаскесінен темір бетонды көпір құрылысы басталған болатын. Алайда мердігер мекеме «СтандартОйлКзо» ЖШС-нің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы тоқтады.
Көпір құрылысын жауапкершілігіне алған мердігер мекеме өзіне жүктелген міндеттемелерін толық орындамау салдарынан тоқтап қалған еді. Соған орай өткен жылы сот процестері жүргізіліп, келісімшарт біржақты бұзылған еді. Биыл көпір құрылысы жұмыстарын аяқтау үшін қайта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз болып «НұрлыТау ЛТД» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі анықталып отыр. Нәтижесінде облыс әкімінің қолдауымен көпір құрылысы қайта басталып, жаңа мердігер мекеме тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.
Өз кезегінде Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет Қарлан учаскесіне барып, мердігер мекеменің жауапты өкілімен кездесті. Кездесуде Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін бұл көпірдің маңыздылығы жоғары екенін айтып, құрылысшыларға ең бірінші кезекте құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы керектігін жеткізді.
Айта кетейік, Қарлан көпірінің құрылысы іске қосылса Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекеніндегі 12 мыңға жуық халықтың жол қатынасы жақсара түспек.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.