«Этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу бойынша медиативтік дағдыларды дамыту, келіссөз процесі техникасы» тақырыбындағы екі күндік семинар-тренинг барысында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Этномедиация кеңесінің төрағасы, философия PhD докторы Сымбат Шакиров, кәсіби медиатор, заңгер, психолог Күлпаш Шалбулова әкімшілік және қылмыстық медиация, этносаралық даулардың алдын алу және шешу бойынша практикалық жаттығулар өткізіп, нақты кейстер арқылы шешім табу жолдарын көрсетті. Семинар-тренингке Астана қаласының аудандық әкімдіктері мен Білім беру, Денсаулық сақтау, Тілдерді дамыту және мұрағат ісі, Ішкі саясат, жастар саясаты істері басқармаларының өкілдері, сондай-ақ қоғамдық медиаторлар қатысты.
– Медиация – дауласушы екі тараптың өз мүдделерін қорғауда медиатордың көмегіне жүгіне отырып, өзара келісіп дауларды реттеудің баламалы түрі. Бұл салада қазір көп жұмыс атқарылып жатыр, – деді Астана қаласы Этномедиация кеңесінің төрағасы Сымбат Шакиров.
Семинарда этносаралық қақтығыстар дамуының негізгі кезеңдері, әлеуметтік-тұрмыстық жанжалдардың этносаралық қақтығыстардан айырмашылығы, оны реттеу кезінде жергілікті билік органдарының, этнос өкілдерінің рөлі сынды дәрістер оқылды.
– Медиация – қазақ халқының «Жеті жарғысында» кездесетін мемлекет және құқық ережелерін әдет-ғұрып заңдарымен реттеу тәсілімен үндес процесс. Бұл әртүрлі қақтығысты, дау-дамай, жанжалды шешуге көмектеседі. Сонымен қатар этномедиация әдеттегіден түбегейлі ерекшеленіп, психологиялық аспектілерге әсер етеді. Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы – ұтқан, ұтылған деген тарап болмайды, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек, – деді кәсіби медиатор, психолог Күлпаш Шалбулова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар-тренингтің еліміздегі медиация институтын дамытудағы және қоғамда өзара түсінушілік дағдыларын қалыптастырудағы маңызы зор.
– Біздің мақсатымыз – медиация және этномедиация әдістерімен теориялық танысу ғана емес, сонымен қатар мамандарды практикалық даярлау. Біз шеберлік сабақтарын өткізетін, нақты жағдайлармен бөлісетін және келіссөздер жүргізу дағдыларын үйрететін тәжірибелі жаттықтырушыларды шақырдық, – деп түсіндірді Достық үйі жанындағы «Қоғамдық келісім» медиаторы, талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Роза Бекишева.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ