Санкт-Петерборда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 58-ші пленарлық отырысы өтті.
Жеңіс күні ерекше мәнге ие
395
оқылды

Оған Достастық елдер Парламенттері палаталарының басшылары мен депутаттары қатысты. Қазақстандық делегацияны Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды. Сапар аясында ол Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ТМД ПАА-ның салтанатты отырысында сөз сөйледі және маңызды екіжақты кездесулер өткізді.

Мәулен Әшімбаев салта­натты кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, қазақс­тан­дық­тар үшін Жеңіс күні ерекше мәнге ие еке­нін атап өтті. Қа­зақстан Жеңіске айтарлықтай үлес қосқан негізгі индустриялық және гумани­тарлық орта­лық­тардың бірі бол­ды. Майданға аттанған миллион екі жүз мың қазақстандықтың жартысынан көбі елге оралған жоқ. Сондай-ақ 500-ден астам отан­дасы­мыз­дың «Кеңес Ода­ғы­ның Батыры» атанғаны айтылды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ұл­тымыздың қаһар­ман ұл-қыз­дары­ның арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыз­дар­мыз. Ешкім де ешқашан ұмытыл­майды!» – деп нақты атап өтті. Мем­лекет басшысының бас­тамасымен былтыр «Айбын» орденінің дәрежелеріне аты аңыз­ға айналған батырлар Са­ғадат Нұрмағамбетов, Ба­уыр­жан Момышұлы және Рахымжан Қош­қарбаевтың есімдері берілді. Биыл 7 мамырда Астанада Же­ңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әс­кери шеру өтеді. Бүкіл Қазақ­стан бойынша Ұлы Жеңіс күнін атап өтуге қатысты белсенді жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында конференциялар мен көрмелер, концерттер мен әс­кери-патриоттық акциялар, спорттық жарыстар мен ғылыми-ағартушылық жобалар бар. Елді мекендерге, көшелерге, мектеп­терге ардагерлердің есімдері берілуде. Жеңістің 80 жылдығына орай қолдау шараларына қо­сымша әрбір ардагерге 5 млн теңгеден біржолғы төлем беріледі. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұның бәрі тарихты дәріптеуге және Қазақстандағы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға деген ұмтылысымыздың жарқын кө­рінісі», – деді Сенат Спикері.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ардагерлерге құрмет көрсету, ха­лықаралық форумдар мен ғы­лы­ми конференциялар және Же­ңістің 80 жылдығы аясында түр­лі мемлекеттерде өтіп жатқан патриоттық акциялар ортақ тарихты дәріптеуге қосылған үлес және ұрпақтар сабақтастығының негізі екенін айтты.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА Кеңесінің жұмысына және Ассамблеяның пленарлық отырысына қатысты. Одан бөлек, Парламент депу­таттары негізгі салаларға қатысты және өзара мүддені білдіретін модельді заңдар топтамасын қа­рады. Бұл нормалар алдағы уа­қыт­та заң шығару қызметінде пай­далануға ұсынылады.

Отырыс алаңында Сенат Төрағасы парламенттік делега­ция­лардың басшыларымен ма­ңызды екіжақты кездесулер өткізді.

Сондай-ақ ТМД ПАА пар­ла­менттік делегацияларының бас­шылары мен мүшелері соғысқа қатысқан жауынгерлерді еске алуға арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.