Ардақты ақсақал, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Солтанбай Жарықбасовтың жасы жүзден асса да, әлі тың. Ол қазіргі Іле ауданы аумағындағы Алға ауылында 1925 жылы өмірге келген. 1943 жылы Іледегі әскери комиссариаттан соғысқа шақыру қағазын алғанда Солтанбай ақсақалдың жасы солқылдаған он сегізде еді. Әскерге шақыру алғанна кейін оны Ташкенттегі мергендер курсына жібереді. Алты айлық оқудан кейін жас сарбаз Забайкалье майданындағы 25-Қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамына қосылған екен. Кейіннен, осы бригаданың 1-батальонына қарасты 1-ротада пулемет бөлімшесінің командирі болған. Фашистерді түре қуғаннан кейін, жапондарға басқыншыларына қарсы майданға аттанған. Солтанбай майданда мергендігімен көзге түсіп, талай ерлік жасаған.
Соғыстан соң елге бірден оралмай, майданнан кейінгі ауыл шаруашылығын көтеруге жұмылды. Ол қазіргі Ресейдің Новосібір облысы Красноземск ауданына қарасты «Правда» ұжымшарында тракторист болып еңбек етті. Бейбіт майданда да еңбегімен көзге түсіп, алғысқа бөленді. Тек 1950 жылдың сәуірінде туған жерге оралып, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ұжымшарда есеп комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалыпты.
Жастайынан білімге құштар Солтанбай Жарықбасовтың бала күнгі арманы мұғалім болу еді. Жастық шағын соғыс жалмағаннан кейін ол арманына қол жеткізудің уақытын өткеріп алғанға ұқсайтын. Алайда алғыр солдат алға қадам баса беріпті. Еңбектен қол үзбей жүріп, Түрген педагогикалық училищесінде сырттай білім алды. Одан кейін Қазақ педагогикалық институтының Тарих факультетін сырттай бітірген. Ұстаз ретіндегі алғашқы еңбек жолын сол кездегі Алексеевка, Ключи орталау мектептерінде мұғалім болудан бастапты. Ылдиға салса, төске озған солдат Солтанбай еңбегі мен тәжірибесі толысқан шақта Алға бастауыш мектебінде Оқу ісінінң меңгерушісі болып қызметке кірісті. Одан кейін он жылдан астам уақыт бойы, зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандағы бірнеше мектепте басшылық еткен.
Он сегіз жасында майданға түскен Солтанбай ақсақалдың өңірінде ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Отан соғысы» ордендері мен Жеңістің мерейтойлық медальдары жарықырайды. Бүгінде қарулы қария кіндігінен өрген сегіз баласынан немере, немерелерінен шөбере сүйіп отыр.
– Соғыс салған жара әлі жазылған жоқ. Уақыт алмасып, ұрпақ ауысқан сайын қасіретті оқиғалардың тізбегі санамнан өшкен емес. Ол заманда нәсбеттің зардабы тимеген отбасы болмады десек қате айтпаспын. Мысалы, біздің әулеттен әкем мен екі ағайым соғысқа кеткен еді. Олар менен бұрын кеткендіктен, мен әскерге аттанғанда ешкім майданға шығарып салған жоқ. Жалғыз өзім сұрапыл соғысқа бара жатып: «Егер аман қайтсам, үрім-бұтағымды өсіремін» деп өзіме серт еттім. Жаратқан осы тілегімді қабыл етсе керек, қазір бала-шағаның ортасында бақытты өмір сүріп жатырмын. Екі ағам соғыстан қайтпады. Ал әкем 1944 жылы майданнан жаралы оралды. Кейін сұрау салып, екі бауырымның соғыста қаза болып, бауырластар зиратына жерленгенін білдім. Соғыс ешкімді аямады. Қазақ «орнында бар оңалар» деген, сол бір сұрапыл жылдарды да еңсердік. Енді заманымыз тыныш болып, Тәуелсіз еліміздің тұғыры биіктеп, айбыны арта берсін, – дейді ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, соғыс ардагері Солтанбай Жарықбасов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Алматы облысы