Ғылым мен технологияны ұштастырған бастамалар қоғамдағы әлеуметтік, экологиялық және технологиялық өзекті мәселелерді шешуге бағытталып отыр.
Инклюзияға – инновациялық қадам
Сондай жобалардың бірқатары Amanzholov University жанындағы Shygys Bastau технопаркінде жүзеге асырылуда. Технопарк қабырғасындағы грант жеңіп алған жобалардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау, оңалту және әдістемелік-технологиялық сүйемелдеу бойынша құзыреттілік орталығы. Жоба аясында психолог-дефектолог мамандарына арналған кәсіби үстелдер, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған вертикализаторлар, парталар, сондай-ақ реабилитациялық және дамытуға бағытталған техникалық құралдар жасалуда. Қазір осы жоба барысында 5 пайдалы модельге патент және 12 оқу-әдістемелік құралға, интерактивті тренажерларға, альбомдарға, бағдарламаларға авторлық куәлік алынған.
– Ерекше өнімдеріміздің бірі – сал ауруына шалдыққан балаларға арнап жасаған вертикализаторлар (отырып-тұруға арналған арба). Бұл құрылғы баланы отыру, жату, тік тұру немесе еңкею жағдайында дұрыс орналастыруға мүмкіндік береді. Оның барлық бөлшегі реттеліп, баланың бойы мен дене өлшеміне сәйкес оңай бейімделеді. Бала өскен сайын аяқ тірегі мен арқалығын үлкен өлшемге ауыстырса жеткілікті, жаңадан арба сатып алудың қажеті жоқ. Құрылғының жаңашылдығы – оның автоматтандырылған вертикализациялау және арқалықты еңкейту механизмдерімен жабдықталуында. Бұл функциялар пульт арқылы басқарылады және педагог не қамқоршының жұмысын едәуір жеңілдетеді. Шетелдік баламалармен салыстырғанда, бұл өнім 4-5 есе арзан, – дейді жоба жетекшісі Досым Ерболатұлы.
Бастапқы кезеңде өнімнің барлық үлгілері Dana bala үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы мен церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған Demeu қолдау орталығының базасында сынақтан өткен.
Біздің назарымызды аударған тағы бір дүние – сенсорлық моноблокпен жабдықталған, еңкейетін үстелі, жарық шамы мен логопедиялық айнасы бар заманауи көпфункциялы кешен болды. Оның биіктігі мен орналасуы баланың бойына қарай автоматты түрде реттеледі. Оның тағы бір басты артықшылығы – қазақ тіліндегі логопедиялық түзетуге арналған авторлық әдістемелер мен жаттығулар. Елімізде баламасы жоқ бұл интерактивті үстел дефектологтар мен логопед мамандар үшін арнайы әзірленген. Оның құрамына сенсорлы моноблок, интерактивті панель, кәсіби логопедиялық айна, логопедиялық карточкалар мен әдістемелік материалдар кіреді. Атап айтқанда, дыбыстарды автоматтандыру мен қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыруға арналған 100-ден астам тапсырма қамтылған.
– Бұл құрылғыны ондаған жылғы жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады. Оқу-әдістемелік құрал фонематикалық қабылдау, көру және вербалды жад, сөздік-логикалық ойлау, дыбысты дұрыс айту, екпін қою секілді мәселелерді шешуге көмектеседі. Құрылғыны жасау үшін арнайы педагог, дефектолог, педагог, психолог, ІТ маманы, физик, технологтар тізе қосып жұмыс істеді. Қазір бұл үстел мектепке дейінгі ұйымдарда, түзету балабақшаларында, оңалту орталықтарында және түзету кабинеттерінде сынақтан өтті, – дейді логопед-дефектолог, психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы, дефектология магистрі Рауан Байчинов.
Орталық жетекшісі Алима Әліпованың айтуынша, елімізде 200 мыңнан астам бала инклюзивті білім беруді қажет етеді, ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша бұл көрсеткіш 11 мыңнан асады. Ғалымдар бұл мәселені зерттеп, талдай отырып, жаңа әрі тиімді шешімдерге қол жеткізіп отыр.
Сапалы сүзгі – сау ағзаның кепілі
Технопарк қабырғасында коммерцияландырылып жатқан тағы бір маңызды жоба – су көздерін тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясы. Жоба жетекшісі, университеттің аға ғылыми қызметкері Тілек Қуанышбековтің айтуынша, бұл технология экологиялық жағынан пайдалы болуымен қатар, коммерциялық тұрғыда да тиімді, себебі ол импорттық шикізатқа тәуелді емес, қымбат жоғары технологиялық жабдықтарды, реагенттерді және күрделі өндірістік тізбектерді қажет етпейді, шағын үлгілерде оңай іске асырылады.
– Жобаның экономикалық пайдасы орасан зор. Біріншіден, ол ауызсу сатып алу шығындарын азайтады, бұл, әсіресе бөтелкедегі немесе тасымалданатын суы қымбат өңірлерде өзекті. Екіншіден, тұрмыстық техника мен инженерлік жүйелерді күтіп ұстау шығындарын төмендетеді: сүзгілер құрал-жабдықты әк, коррозия және бітелуден қорғап, олардың қызмет ету мерзімін ұзартады. Үшіншіден, медициналық шығындарды үнемдейді, яғни таза су сапасыз судан туындайтын аурулардың алдын алады. Төртіншіден, нысандардың инвестициялық тартымдылығын арттырады: сүзгілеу жүйелері тұрғын үйлердің, кәсіпорындардың және агронысандардың құнын жоғарылатады, – дейді жоба жетекшісі Тілек Қуанышбеков.
Жаңа технология дағдарыс жағдайында да тиімді болмақ. Атап айтсақ, төтенше жағдайларда (табиғи апаттар, су құбырларындағы апаттар, ластану) қауіпсіз суға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, орталықтандырылған сумен жабдықтау бұзылғанда аурулардың таралуына жол бермейді, жергілікті тазарту жүйелері елді мекендер мен мекемелерді сыртқы инфрақұрылымға тәуелділіктен босатады. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауда да пайдасы біршама.
– Бұл сүзгілерге арзан әрі қолжетімді шикізат – КМЦ биополимері, шунгит, активтелген көмір және графит пайдаланылады. Бұл материалдардың адсорбциялық қабілеті жоғары, ион алмасу және нанофильтрация қасиеттері бар, нәтижесінде су ең жоғары деңгейде тазартылады. Біздің сүзгілер зиянды қоспалардың 99,9%-на дейін, соның ішінде бактериялар, вирустар және ауыр металдарды ұстап қалады. Ойластырылған құрылымы суды үнемдеуге және картридждердің қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сүзгілерде қолданылатын материалдар халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді, – дейді Тілек Қуанышбеков.
Апаттың алдын алар «ақылды» жүйе
Технопарк ғалымдары қол жеткізген тағы бір тамаша жетістік – қашықтан зондтау деректерін, географиялық-ақпараттық жүйе технологияларын және машиналық оқытуды пайдалану негізінде Шығыс Қазақстан облысында су тасқынын болжау жүйесін әзірлеу жобасы. Технопарк жетекшісінің орынбасары Алмасбек Мәуліттің айтуынша, бұл жоба үш ғылыми мәселені шешеді.
– Біріншіден, бұл жоба жерүсті бақылауларын, аэрофототүсірілімдерді және спутниктік қашықтан зондтауды пайдалана отырып, өзен бассейндеріндегі қар қорын бағалайды. Екіншіден, гидрометеорологиялық, топографиялық және антропогендік процестерді ескере отырып, көктемгі қар еру кезінде су басуға бейім аудандарды зерттейді. Үшіншіден, климаттың, экологиялық жағдайлардың және Жерді пайдаланудың әртүрлі сценарийі кезінде су режимінің өзгеруін модельдеп, болжайды, – дейді Алмасбек Мәуліт.
Бұл жобада су тасқыны қаупін бағалау және болжау үшін әртүрлі ғылыми тәсіл қолданылады. Ол үшін ұзақмерзімді ауа райы, өзен суы және жер бедері туралы мәліметтер, сондай-ақ жерді қашықтан зондтау мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы алынған деректер пайдаланылады. Сонымен қатар аймақтың даму жоспарлары да зерттеуге енгізіледі – бұл су тасқыны қаупі бар аумақтарды анықтауға көмектеседі.
Айтпақшы, былтыр осы жоба аясында Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан Қара оба өзеніне және Огневка ауылы аумағында орналасқан Тайынты өзеніне OTT Hydromet компаниясының гидропостттары қойылып, бүгінде олар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан Линейский асуында және Самар ауданында орналасқан Ұмыш асуында Vaisala компаниясының метеостансасы қойылып, өлшеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал биыл ақпан-наурыз айларында Amanzholov University ғалымдары ресейлік әріптестерімен бірге Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан Сауыр-Тарбағатай таулары, Қалба тауларының, Қара оба және Ақ оба өзендерінің сағаларында қардың қалыңдығын өлшеу, ылғал көлемін есептеу жұмыстарын атқарды. Алынған мәліметтерді топографиялық және топырақ, өсімдік ерекшеліктерімен байланыстыра отырып, ғылыми негіздегі тұжырымдамалар жасауға қолдануға болады.
Бүгінде Shygys Bastau ғылыми орталығы Үндістан, Малайзия, Түркия, Қытай елдерінің серіктес жоғары оқу орындары мен компанияларымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Серіктес университеттердің үздік тәжірибелерін зерттеу аясында олар бірлескен ғылыми коллаборациялар әзірлеп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми гранттарына өтінімдер беруге мүмкіндік алуда.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ,
Астана – Өскемен – Астана