Салада неге маман тұрақтамайды?
Психологке психолог қажет
907
оқылды

Бүгінде жасөспірімдер арасында қылмыс көбейгені жасырын емес. Бір-біріне әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу, суық қарумен қорқытып бопсалауға елдің еті үйрене бастаған секілді. Мұндайда енді қайтпек керек? Мектеп ата-ананы, ал ата-ана мектеп әкімшілігін кінәлағаннан мә­селе шешіле ме? Бұл тұста таяқтың бір ұшы мектеп психологтерінің жұмысының әлсіздігіне келіп тірелетені анық. Алайда аталған сала мамандары білім ошақтарында тапшы болып, өздері қолдауға мұқтаж болып отырса қайтеміз?

Жамбыл облыстық Поли­ц­ия­ департаменті берген ақпа­рат­қа сүйенсек, өңірде мек­теп­­ішілік есепке қойылған оқу­шылардың саны 2023 жылы 395 баланы құраса, 2024 жылы 490 балаға артқан екен. Ал биыл есепте тұрған бала­лар­­дың саны 587-ге жеткен. 

Аудандар бойынша былтыр Байзақ ауданында кәмелетке толмағандар арасында 5 қыл­мыс жасалса, Жамбыл аудан­ында 7 оқушы полиция бөлім­і­нің, 14 оқушы мептепішілік есепк­е алынған. Сол секілді Жуалы ауданында колледж студенттері арасында 3 қыл­мыс, ал Қордайда 2 қылмыс­тық оқиға тіркелген. Жоғары­да аталған аудандар жас­өспір­ім­дер арасындағы қылмыс пен есепке алынған оқушылар саны бойынша көш бастап тұр. Бұл – әрине, санаға сал­мақ салатын статистика. 

Салаға жауапты министр­лік бекіткен қаулыға сәйкес, мектеп психологтеріне орта есеппен 300 баладан болуы тиіс екен. Ал облыстық Білім басқармасы басшының орын­басары Ләззат Қызыл­құло­ваның айтуынша, өңірде бұл стандарттың межесі 3-4 есеге арт­қан. Яғни, аймақта бір мек­теп психологіне 1 000-2 000 оқушыдан келуде. Осы­лай­ша, жүктеменің көптігінен және артылған жауапкер­ші­ліктің ауырлығынан мамандар бүгінде білім ошақтарына тұр­ақ­тамауда. Сондықтан білім саласының мамандары мәселеге басқа қырынан қарау керек екенін айтады. 

– Облыста психолог маман­дар тапшылығы бар екені жасырын емес. Оның бірінші себебі – мектеп жасындағы бала­лар арасындағы қылмыс үшін оқиғаның қайда бол­ғаны­на қарамастан, дәл осы мамандық иесінің жауапқа тартылуы болып отыр. Бүгінде жүргізілген зерделеу нәтиже­леріне назар аударсақ, кәме­лет­ке толмағандар арасындағы қылмыстың 80 пайызы мек­теп­тен тыс уақытта орын ал­ған. Демек, бұл тұрғыда бір­інші кезекте ата-ана жау­апкершілігін күшейту керек, – дейді Ләззат Әбілдақызы.

Кез келген маманның жұ­мыс орнында нәтижелі жұмыс істеуі үшін бірінші кезекте жай­лы орта мен жалақы мә­селесі реттелуі керектігі айт­паса да түсінікті. Психолог ма­мандардың білім ошақ­тарында тұрақтамауының бір ұшы да осыған тіреліп отыр. Мәселен, бүгінде мектептегі пси­хологтердің жалақысы мұғалімдерден, ал оларды қа­дағалайтын облыстық Пси­хологиялық орталық маман­дарының айлығы мектеп пси­хологтерінен де төмен дең­гейде. 

– Өңірде соңғы уақыттарда болған қылмыстық жағдай­ларға байланысты бүгінде орталық тарапынан мектеп психологтеріне аутодес­труктивті (зиян келтіруге ба­ғыт­талған) мінез-құлықтың а­л­дын алу бағытына басымдық беру жүктеліп отыр. Алайда педагог-психологтерге қа­жетті жағдайдың жасалмауы­нан маман тапшылығы туын­дауда. Зерделеу жұ­мыс­тарының нәтижесінде мектептегі психолог мамандардың 90 пайы­зы өз қызметінен бөлек жұмыстарды да атқаратын­дығы анықталып отыр. Бұл ме­желенген міндеттің өз дең­гейінде орындалмауына әсер­ін тигізетіні анық. Жалпы, тек мектептегі психологтердің ғана емес, өзге саладағы атал­ған мамандық иелерінің жай-күйі – осы. Өңірдегі педагог-психологтерге жетекшілік ететін облыстық Психо­ло­гиялық орталық мамандары­ның жалақысы мектептегі әр­іп­тестерінен де төмен. Сон­дықтан орталықтағы 48 ма­ман­ды 1,5 мөлшерлемедегі айлық жалақымен қамтамасыз етіп, әзер ұстап отырмыз, – дейді орталық директоры Ришат Райф.

Сондай-ақ Ришат Еркін­ұлы биылдан бастап аталған ма­м­андықтың магистрант­тары­на төлемақыны алып тас­тау да өз деңгейінде бола­шақ маман иелерін дайындауға кері әсер етпей қоймайтын­дығын айтады.

Ал Адам құқықтары жөнін­дегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев болса, маман тапшылығын өңірдегі жоғары оқу орындарымен өз­ара байланыс орнату арқылы жолға қоюға болатындығын алға тартады. 

– Тергеу изоляторларында бол­ғанымызда кәмелет жасы­на толмағандардың басым көп­шілігі іс-әрекеттері үшін қыл­мыстық жауапкершілік қарас­тырылатынын білмеген. Демек, бұл ретте түсіндіру жұ­мыстары өз деңгейінде жүргіз­ілмеген. Ал маман тапшылы­ғы­на келетін болсақ, бұл мә­­се­лені өңірдегі білім бағдар­ламасы бар қос бірдей жоғары оқу орнымен бірлесе шешу керек деп ойлай­мын. Жылына кемінде бұл білім ордаларын 50-ге жуық студент тәмамдап шығады, – дейді Еркін Қуанышев.

Байқап тұрсақ, психолог мамандардың тапшылығы мен мамандардың салада тұр­ақ­тамауы бірнеше факторға келіп тірелуде. Ал психолог мамандардың өздері шын мәнінде жалақыларының аз екенін айтады. Сондай-ақ бір психолог маманға 1 000-2 000 баламен жұмыс істеу – қиын­ның қиыны. Бұдан бөлек, мектеп директорлары оқу орнының беделі үшін жасөс­пірімдер арасындағы көптеген заңбұзушылықтарды жасыра­тын көрінеді. Ал бұл әрекеттері әш­кере болып жатса, онда оған мектеп психологтері кін­әлі болып шығуда. Осылайша, «бастан құлақ садаға» деген мектеп басшылары сала ма­мандарын қолдан сүріндіруде. 

Әрине, мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес екені айт­паса да түсінікті. Алайда психолог мамандар бұл мә­селені көтерейін десе, жұмыс­тан айырылып қаламын деп те қорқады. Сондықтан білім са­ласында қызметте жүрген пси­хологтер жұмған аузын аш­пай, «шыда жаным, шыда­мен» күнелтуде. 

Ел ертеңі саналған бала­лары­мыздың келешегін ойла­сақ, бұл мәселеге бейжай қа­рауға болмайды. Психолог ма­ман­дардың жағдайын жақ­сартып, өз алдына мәртебе бер­ген де жөн секілді. Сол кез­де оларды мектеп басшы­лы­ғы да басына алмайды, жөн­сіз ешкім кінә да артпай­ды. Ал одан ұтпасақ, ұтылма­сы­мыз анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы