Арал жайында сөз қозғалса, көзкөргендер теңіздің ақ сазанын аңыз қылып айтып отырады.
Камбала қайда, Кіші Арал?
1,655
оқылды

Толқыны жағаны ұрған сол бір берекелі заманды сағынышпен еске алады.  Бір кездері көлемі жағынан төртінші орын алған теңіздің толқыны жағадан қашқалы өңір халқының берекесі,  балықтың күйі кемігені белгілі. 

Балық демекші, осыдан 50-60 жыл бұрын Арал айдынынан су маржанын сүзіп отырған жамағаттың жағдайы көш ілгері болатын. Дерекке сәйкес, сол заманда Арал жағасында 2 комбинат, 10 балық зауыт және 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болғанын көзкөргендер айтып жүр. Ол уақытта теңізден 30-дан аса балық түрі ауланған деседі. Оның ішінде алтынға бергісіз бекіре тұқымы, Қызыл кітапқа енген қаяз, кішігірім жайындар да теңіз толқынымен таласып, ойнақ салған көрінеді. Тіпті, ақбалық, сазан, мөңке сияқты балықтармен қатар, тісті тұқымының экспорты да Еуропаға жол ашқан екен. Осы орайда бір кездері Лениннің хатына орай Еділ бойы хал­қына көмекке ұмтылған балықшылардың ерен еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Нақты айтқанда, сол хаттың негізінде көмекке мұқтаж жұртшылыққа бір тәу­лікте 14 вагон су маржаны жөнелтілгені аңыз болып айтылады. Осының өзі сол уақытта теңіз ырысы артып, берекесі тасығанын аңғартады. 

Уақыт өте келе теңіз толқыны жаға­дан алыстаған сайын жергілікті жұрт­шылықтың да жағдайы жұқара бастады. Аймақ экологиялық апаттың аранында қалып, балықшылар байырғы атакәсі­бінен қол үзді. Теңіз тұздылығы артып, балық қоры кеміп кетті. Күн санап күйі қашқан Арал теңізінің ахуалы әлемді алаң­дататын жағдайға жетті. Аралды құт­қарудың тетіктері қарастырыла бастады. 

Соның негізінде 1996 жылы «Катте­гаттан Арал теңізіне дейін» деген атаумен халықаралық дат-қазақ біріккен жобасы қолға алынды. Баянды бастама, әсіресе байырғы атакәсібінен қол үзген балықшы қауымды қуантты. Өйткені жоба аясында даниялықтар тұзды суға айналған Арал айдынына мұхиттың ащы суын мекен­дейтін Камбала балығын жіберіп, теңіз тіршілік қайта жандандыруды көздеген еді. 

Сол кездері теңіздің екінші тынысына дем берген бастама көпті қуантқанымен, алғашында мұхиттың беймәлім тіршілік иесіне жергілікті жұртшылық таңырқай қарады. 

Әп дегеннен аралдық балықшылар бұл балық түрін аулаудың қыр-сырын жетік білмеді. Десек те, бұрынғы кәсіп­терімен қайта қауышқанына қуанып жатты. Өз кезегінде даниялықтар Сыр еліне таңсық балық түрін аулауға қажетті ау-құралдарымен де қамтамасыз етіпті. Сол кезеңді көзбен көргендер дания­лық­тар демеген жобаның жүзеге асырылған сәтін дәл бүгінгідей еске алады. 

«Сол кезеңде камбала балығы Сыр жұртшылығына ғана емес, республика көлеміне де таңсық болды. Мұхиттан жеткен су маржанын аулау тәсілі алға­шында балықшыларға оңай соқпады. Бірақ бертін келе жергілікті балықшылар камбаланы аулаудың қыр-сырын жетік меңгеріп алды. Тіпті, атакәсібімен қайта қауышқан халық мұхит маржанынан әжептәуір табыс та тапты. Күнделікті нәпақасын айырып, тұрмыстары түзелді. Сол уақытта ауданда ондаған балық өңдеу зауыты қайта ашыла бастады. Соның ішінде «Камбала балық балық­шылар өндірістік орталығы» іске қосы­лып, қарқынды жұмыс істеді. Мұндай зауыттардың бірлі-жарымы әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді», – деп Үсен Бисенбай ақсақал сол уақытты сағынышпен еске алады. 

Ол кезде даниялықтар мұхиттың мар­жанын Ресейдің Азов теңізінен жет­кіз­генін де айта кеткен абзал. Тұзды суды мекендейтін санаулы балықтардың бірі болып есептелетін камбала жергілікті табиғатқа тез бейімделіп, жылдам кө­бейгенін де балықшылар тілге тиек етеді. Тіпті, өңірде балық шаруашылығын да­мыту мақсатында даниялықтар Арал балықшыларына 1 млн АҚШ долларына жуық қаражат бөліп, ау-құралдармен қамтамасыз етуге мұрындық болғаны да айтылып жүр. 

Алайда Арал халқының қуанышы көпке созылмады. «Саратс» жобасына қан жүгіріп, Кіші Аралды сақтап қалу бастамасы қарқын алғаннан бастап кам­бала тұқымы сирей бастаған. Нақтысын айтқанда, Аралға Сырдариядан тұщы судың құйылуы артып, теңіздің тұзды­лығының азаюы камбаланың қалыпты жағдайда өсіп жетілуіне кері әсерін тигізгенін мамандар жоққа шығармайды. Яғни, теңіз суының тұшытылуы ондағы камбаланы азығынан айырып, жаппай жойылуына әкеп соқтырған көрінеді. 

Қазір 30 жылға жуық уақыт бұрын қолға алып, елдің ырысын тасытқан бірегей жобаның келмеске кеткенін тұрғылықты халық түсініп жүр. Бүгінде бір кездері теңізден өзгеше әдіспен ау­ланған ерекше балықтың сирек те болса ауға ілікпейтінін айтып, налиды. 

Осы орайда Арал айдынындағы балық шаруашылығының бүгінгі ахуалын жергілікті әкімдіктен де сұрап көрдік. 

«Қазір Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді. Соның ішінде су маржанының 16 түрі ауланады. Нақты кезеңде Арал ауданында жылдық қуат­тылығы 23 900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Сондай-ақ аудан бойынша балық өңдеу саласында 31 балықшылар бригадасы болса, оларда 1 426 адам жұмыс атқарады. Сол сияқты 713 өздігінен жүретін флот, 15 өздігінен жүрмейтін флот, 6 дана үлкен кеме, 3 дана шағын кеме және 9 905 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше ау бар. Жыл сайын ауданда балық аулау кезеңі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен келесі жылдың 1 шілдесіне дейін есепке алы­нады. Соның негізінде 2024 жылдан 2025 жыл аралығында Кіші Арал теңізінен ауланатын балық көлемі 6 362 тонна бо­лып бекітіліп отыр», – дейді Арал ау­дан­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің жаз­баша жауабында.

Осылайша, құзырлы бөлім тарапынан ауданда балық шаруашылығының өркен жайып тұрғанын жеткізді. Ал аралдық балықшылар болса бір кездері елдің бе­рекесін тасытқан теңіздегі су маржаны­ның бұрынғыдай күйі жоқ екенін айтып, ашынып жүр. Соның салдарынан өңірде байырғы кәсібінен қол үзіп, үйінен жы­рақта жұмыс іздеп, сенделіп жүрген жас­тардың қарасы қалыңдап барады екен. 

Соған орай, камбаласын сағынған халық Арал айдынында балық шаруа­шылығын дамыту жұмыстарын әлі де жетілдіру қажет деп есептейді. Шынында да, 30 жылға жуық уақыт бұрын дания­лық­тар қолға алған баянды бастама секілді дәл қазір Арал теңізіндегі су маржанын молайтуға негіз болатын өміршең жобаның қажеттігі өздігінен сезіліп тұр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы