Алматыда өткен марафондағы қайғылы оқиғаға байланысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Instagram парақшасында пікір білдіріп, оған ерекше назар аударуды талап етіп, оның жан-жақты тексеру жүргізетінін айтты, - деп хабарлады Аikyn.kz.
"Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарыстарды ұйымдастыру, медициналық қамтамасыз ету деңгейі және қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тексеріліп жатыр. Мұндай іс-шараларды өткізу талаптары күшейтіледі, оларды ұйымдастыруда жергілікті атқарушы органдар жоғары стандарттарға сай жұмыс істейтін болады. Жаппай спорт қауіпсіз болуға тиіс және жоғары деңгейдегі ұйымдастыру талаптарына сай келуі керек", – деп жазды ол.
Ведомствода сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеп, оларды тиісті құрылымдарға жіберетінін мәлімдеді.
Айтар болсақ, жексенбі күні Алматыда өткен жартылай марафон кезінде оның екі қатысушысы қаза тапты. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, екі адамның бірі - 21 жаста, екіншісі - 84 жаста.
84 жастағы қария Аккоян Рсалиев бірінші шақырымда-ақ кенеттен өзін нашар сезінген. Бір минутта жеткен дәрігерлер оған еш көмектесе алмады. Марқұм Аккоян Рсалиев жүгіруден жарысқа 2021 жылдан бастап қатысқан. Негізі 10 және 21,1 шақырым қашықтыққа жүгірген екен.
Ал 21 жастағы Нұрбол Ахмади марафонның 16 шақырымында өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Дәрігерлер оның да өмірін аман алып қала алмаған. Ахмади қыста ғана 10 шақырымға жүгіріп, тағы бірнеше жарысқа тіркеліп қойған.
Жарыстың ұйымдастырушылары сол жерде болған дәрігерлердің хаттамаларға сәйкес әрекет етіп, жедел көмек көрсеткенін айтты. Бұл екі жағдайда да қатысушылардың өкпе эмблиясы салдарынан өкпедегі артерияның бірі бітеліп, қан айналымы дұрыс жүрмеуінен жүрегі тоқтап қалған деп болжанды. Медициналық қызметкерлердің айтуынша, екі қатысушының нақты қайтыс болу себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады. Сараптама нәтижелері жақындарына хабарланады.
Биыл - жартылай марафонның Алматыда өтіп жатқаны сегізінші рет. Бұған осы жолы он шақты елден келген 10 мыңға жуық адам қатысты.