Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға келді.
Бірлік – бауырластық негізі
381
оқылды

Президент мәртебелі мейманды Түркістан әуе­жайынан қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұха­медов түркітілдес елдерге ортақ ең көр­некті рухани және тарихи-мәдени ескерт­кіш­тердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ен­ген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.

Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағ­зым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ ке­се­не­де жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Түрік­мен­стан Халк Маслахатының Төрағасы «Әзірет Сұл­тан» музей-қорығының аумағында орналасқан ұлт­тық-мәдени кешенді аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Шығыс базарын» аралап, дәнді дақылдардың сұрыптарымен танысты.

Мәртебелі меймандарға ұлттық тағам түрлері, ағаш­тан түйін түю, кілем тоқу, киіз басу, қыш және зер­герлік бұйымдар жасау сияқты халық қолөнері ше­берлерінің туындылары көрсетілді, салт-дәс­түрімізді паш ететін театрландырылған қойылым ұсы­нылды. Сонымен қатар олар тазы ит пен қыран құстарды тамашалады.

Одан кейін Қазақстан Президенті мен Түрік­мен­стан Халк Маслахатының Төрағасы Turkistan визит орталығына барды.

Меймандарға көне «Күлтөбе» қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи ескерткішті музейге айнал­дыру барысымен танысты. Қалашықтың 27 гектар ау­мағында археологиялық қазба жұмыстары аяқ­тал­ған.

Сонымен қатар таяуда ашылатын «Қолөнер­ші­лер қалашығының» тұжырымдамасы таныс­ты­рыл­ды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түр­лерін ұсынатын орындар, «Шығыс базары» жә­не шағын қонақүйлер орналаспақ.

Осы орайда биыл 25 наурызда Түркістанға World Craft Council халықаралық ұйымының ше­шімімен «Қолөнершілер қаласы» деген мәртебе беріл­генін атап өткен жөн.

Бұдан бөлек, визит орталықта Қазақстан Пре­зиденті мен Түрікменстанның Ұлт көшбас­шы­сы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жә­­­­­дігерлермен танысты.