Жуырда Астана IT университетінде «Әйел аманаты» жобасы аясында мектептерге арналған халықаралық аккредиттеу семинары өтті.
Сапалы білім беру жүйесі талқыланды
343
оқылды

«Мектептерді халықаралық аккредиттеу: НААР/IAAR тәжірибесі және білім сапасын қамтамасыз ету» тақырыбында өткен оқыту семинарына елордалық және өңір мектептерінің директорлары, орынбасарлары, партия мүшелері қатысты. 

Қазір еліміздің орта білім беру жүйесінде халықаралық сапа стандарттарын қамтама­сыз етуге бағытталған ауқымды реформа­лар жүзеге асырылуда. Осыған орай НААР/IAAR әйел-мектеп басшыларын халықаралық аккредиттеу сарапшысы ретінде даярлау мақсатында арнайы оқыту семинарын ұйым­дастырып отыр. Бұл қатысушы әйелдер үшін мансаптық өсуге, тәжірибе алмасуға, ел ішіндегі және халықаралық деңгейде білім сапасын бағалауға қатысуға жол ашады. Семинарда сөз алған Оқу-ағарту министр­лігінің Орта білім комитеті, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен Ақтөбе облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшылары халықаралық аккредиттеудің маңызына тоқталып, оның жүзеге асуында басымдық беру керегін атап өтті. Мектептегі білім бе­ру­ден бөлек, жоғары оқу орындарының ак­кре­диттеу тәжірибесі бүгінде қалыпты жағ­дайға айналған. Бұл туралы Astana IT University ректоры Асқар Хикметов кеңінен тоқталды.

«Бұрын шетелдік агенттіктерге тәуелді едік, қазір өзіміздің ұлттық жүйеміз бар. Бұл тәжірибені орта білімге де енгізу дұрыс қадам деп санаймын. Болашақ университет студенттері дегеніміз – бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан бұл жүйенің біріз­ділігі мен сапалылығы болашақ адами капиталдың негізі болмақ», – деді.

Бүгінде еліміздің экономикасында жұмыс істейтін әрбір бесінші әйел – білім беру саласының өкілі. Мектеп директор­ларының, партияның бастауыш ұйымда­рының басшылары мен мүшелерінің басым бөлігі – әйелдер. Демек, мектептегі білім сапасы мен болашақ ұрпақтың тәрбиесі көбіне-көп осы әйел басшыларға байла­нысты. Жиында айтылған тағы бір маңызды мәселе – халықаралық аккредиттеу тек мұғалімдер мен директорларға қатысты емес, жалпы мектептің оқу ортасын, материалдық-техникалық базасын, басқару сапасын, оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық жағдайын, ата-аналармен өзара әрекеттесуіне оң ықпалын тигізеді.

«Бүгінгі семинар – білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды шараның бірі. «AMANAT» партиясы әйелдердің кә­сіби дамуына, олардың білім беру жүйе­сіндегі рөлін күшейтуге тұрақты түрде қол­дау көрсетіп келеді. Халықаралық аккре­диттеуді енгізу арқылы әр мектеп бір жүйеде жұмыс істеп, барлық стандартқа сай сапалы білім береді», – деді «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ма­рия Өтебаева.

Қазіргі таңда елімізде халықаралық мектеп мәртебесіне 14 мектеп ие. Осы тұста сөз алған Аккредит­теу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің ке­ңесшісі Ольга Алексеевна орта білімді аккреди­тациялау тәжірибесі шетелде де жүйеге енгенін атап өтті.

«Бүгінде білім беру сапасы – жоғары білім деңгейі үшін де, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейі үшін де басты әрі басым мәселе екені бәрімізге белгілі. Бүгінгі семинарымыз дәл осы тақырып­­қа – мектептерді аккредиттеу мәселесіне арналған. Бұл тек халықаралық мектептерге ғана қатысты емес, сонымен қатар мемлекет­тік мектептерге де қатысты. Біздің агенттік 2011 жылы құрылған және білім беру бағ­дарламаларын да, білім беру ұйымдары­­ның қызметін де халықаралық деңгейде аккре­диттеумен айналысады, яғни институ­ционалдық аккредиттеу жүргізеді. Мұны елімізде ғана емес, Еуропа, Азия және Аме­рика елдерінде де жүзеге асырып отырмыз. 2018 жылдан бастап 200-ден астам ұйым мен шамамен 6 000-ға жуық білім беру бағдарламасы аккредит­тел­ді. Бұл – біздің тәжірибеміздегі оң көр­сеткі­ш», – деді ол.

Айта кетейік, іс-шараны «AMANAT» партиясының қолдауымен Тәуелсіз аккре­диттеу және рейтинг агенттігі (НААР/IAAR) ұйымдастырды. Жиын офлайн және онлайн форматта өтіп, орта білім саласына жаңа серпін әкелетін тәжірибе талқыланды.

С.БЕГІМБАЙ