Еліміздегі ғылым саласында есімі құрметпен аталатын, ерекше еңбек жолымен дараланған тұлғалардың бірі – химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым акаде­миясының құрметті академигі, Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Сармурзина Раушан Гайсиевнаның ғылыми-өндірістік қызметіне 60 жыл толып отыр. Бұл – бір адамның өміріне ғана емес, тұтас бір дәуірге, еліміздің ғылыми және ­өндірістік дамуына арналған ұшан-теңіз ­еңбектің белесі.
Ғылым мен мемлекет мүддесіне арналған 60 жыл
974
оқылды

Қазақстан-Британ техникалық университетінің қабырғасында химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Сармурзина Раушан Гайсиевна­ның 60 жылдық ғылыми-өндірістік қызметі­не арналған «Мұнай химиясы мен сутек энергетикасындағы перспективалық тех­нологиялар» атты ғылыми семинар өтеді. Іс-шара мұнай химиясы, экологиялық таза технологиялар және сутек энергетикасы салаларындағы өзекті бағыттарды талқылауға арналған маңызды алаңға айналады. Оған жетекші ғалымдар, сала өкілдері мен жоғары оқу орындарының мамандары қатысады.

Раушан Сармурзинаның кәсіби жолы Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен даму кезеңімен тығыз байланысты. Ол 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің химия факультетін тәмәмдаған соң, өзінің алғашқы ғылыми ізденістерін сирек элементтер мен аналити­калық химия саласында бастаған болатын. Әлі күнге дейін ұмытылмас оқиғалардың бірі – студенттік жылдары оның шығарма­шылыққа да ден қойып, «Қазақфильм» ки­ностудиясының «Жоғалған дос» және «Қырғызфильмнің» Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде түсірілген «Ана – Жер Ана» көркем фильмдерінде басты рөлдерде ойнағаны. Бұл дерек оның жан-жақтылығын, ғылыммен ғана емес, өмірмен де үндес тіршілік кешкен тұлға екенін көрсетеді.

Ғалымның ғылыми жолындағы ірі бе­лес – 1988 жылы Мәскеудегі атақты Д.И.Менделеев атындағы Химия-техно­ло­­гиялық институтында докторлық диссер­та­ция қорғауы болды. Бұл жетістік Раушан Гайсиевнаның Қазақстандағы аналитикалық және мұнай-химия ғылымының көшбас­шысына айналуына негіз қалады. Оның ғылыми қызметі тек теориямен шектеліп қалмай, әрқашан өндірістік мәселелермен тікелей байланыста өрбіді. Бұл қасиет оны елдегі ғылыми-технологиялық саясат пен инновациялық жобалардың негізгі қозғау­шы күшіне айналдырды.

1986 жылы Чернобыль апаты кезінде Припять өзенінің суын тазарту мақсатында жүргізілген шұғыл жұмыстарға қатысуы – ғалымның кәсіби батылдығы мен қоғамдық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Ол кезде Раушан Сармурзина өзі жетекшілік ететін лабораториямен бірге өңделген энергия жинақтаушы заттектерді қолданып, апат аймағындағы экологиялық қалпына келтіру шараларына нақты үлес қосты. Бұл оның ғылымдағы ізденістері нақты нәтижелерге бағытталғанын тағы бір дәлелдейді. Бұл жұмыстар академик Сокольскийдің жетекшілігімен, ҚазКСР ҒА органикалық катализ және электрохимия институтында жүзеге асырылды. Зерттеулер нәтижесінде әзірленген қосылыстар Мәскеу мен Харьков қалаларында «Волга» автокөліктерінің қозғалтқыштарында сыналды.

Раушан Гайсиевна бұл кезең туралы өз естеліктерінде былай деп толғанды:

«Энергия жинақтаушы заттектерді әзірлеу мен зерттеу — менің ғылыми қыз­метімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл мақсатта ҚазКСР ҒА академигі Д.В. Сокольскийдің және менің жетекші­лігіммен ҚазКСР ҒА Органикалық катализ және электрохимия институтында арнайы зертхана құрылды. Біз әріптестерімізбен бірге іштен жанатын қозғалтқыштарда пайдалануға болатын бірегей құрамдарды әзірледік. Осы еңбектерім үшін ВДНХ-ның 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медалімен марапатталдым. Докторлық диссертациям­ды сәтті қорғадым, ал негізгі өндірістік серіктес – Мәскеудегі Курчатов атындағы Атом энергетикасы институты болды. Ол кезеңде біздің ЭЖЗ Мәскеу мен Харьковтегі АН УССР Машина жасау мәселелері институтында «Волга» автокөліктерінің қозғалтқыштарында сыналды. Әсіресе, суға түскенде сутекті белсенді түрде бөлетін қосылыстар болашағы зор шешім ретінде танылды. Бұл тақырыпқа, соның ішінде Қазақстанда да, қайта қызығушылықтың оралуы мені ерекше қуантады. Ол кезеңде біздің құрылғылар Мәскеу мен Харьковтегі сынақтарда «Волга» автокөліктерінің қозғалтқыштарында қолданылды. Әсіресе, суға түскенде көп мөлшерде сутегі бөлетін қосылыстар болашағы зор шешім ретінде танылды. Бүгінде бұл тақырыптың қайта өзектене бастауы – соның ішінде Қазақстан үшін де – мені ерекше қуантады».

1990-жылдары, саяси және экономикалық реформалар кезеңінде, Раушан Гайсиевна Мемэкономкомитетке (бұрынғы Мемжос­пар) мемлекеттік қызметке шақырылып, Өнеркәсіптік саясаттың Бас басқармасын басқарды. ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде ол түрлі салаларды реформалау жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламаларды әзірлеуге тікелей қатысты, соның ішінде мұнай-химия өндірісін жаң­ғырту және импортты алмастыру стратегиясы да бар. Оның басшылығымен әзірленген бағдарламалар нарықтық жүйеге көшу кезеңінде ел экономикасының тірегіне айналды.

Ғалым ретінде де, стратег ретінде де ол жаңа технологияларды өндіріске енгізу, ғылыми-зерттеу мен өндірістік процестерді ұштастыру бағытында табанды еңбек етті. 2000 жылдардан бастап ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында, одан кейін Kazakhstan Petrochemical Industries Inc және KAZENERGY қауымдастығында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Осы кезеңде ол отандық мұнай-газ секторындағы ғылыми-техникалық бағдарламалар мен кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы іргелі жобалардың басы-қасында жүрді.

Қазақстан-Британ техникалық уни­верситеті Раушан Гайсиевнаның ҚБТУ-дың құрметті профессоры екенін мақтанышпен атап өтеді. Біз оның еліміздің мұнай-газ химия саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Оның ғылыми зерттеулері мен белсенді қоғамдық қызметі мұнай-химия саласындағы заманауи күн тәртібін қалыптастырып, білікті мамандар даярлауға ықпал етуде. Әсіресе, техникалық және экономикалық білімді білім беру үдерісіне біріктіру тәсілі ерекше маңызға ие. Бұл әдіс химиялық және экономикалық тұрғыдан үдерістерді бағалай алатын кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орны ретінде ҚБТУ үшін осындай көрнекті сарапшылармен ынтымақтастық – стратегиялық маңызды бағыт.

Ғалым білім ордаларының өндіріс саласындағы рөлінің аса маңызды екенін ерекше атап өтті:

«Қазіргі кезеңде химиямен байланысты әрбір университет пен институтта мұнай химиясы кафедрасын ашу аса маңызды. Бұл мамандарды алғашқы курстан бастап тек химиялық процестерді ғана емес, олардың экономикалық және қаржылық аспектілерін де меңгеруге үйретеді. Кеңес дәуірінде бізге экономикалық тиімділікті талдауды үйреткен жоқ, бірақ бүгінгі өмір бұл білімнің маңыздылығын көрсетіп отыр. Әсіресе Атыраудағы Мұнай-газ химиясы институтының жұмысын атап өткен жөн. Ректор Гүлзада Шакуликованың бастамасымен жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылып, мектептерде зертханалар ашылды. Сонымен қатар, ҚБТУ, Satbayev University сияқты жетекші жоғары оқу орындарының еңбегін де атап өткен жөн. Отын, катализ және электрохимия институтында газды жағу кезінде қалдықтарды нөлге дейін төмендететін нейтрализатор өндіруге арналған бірегей патент алынды. Бұл жобалар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» мен бірге жүзеге асырылуда және мұнай-химия саласын орнықты дамыту жолында маңызды қадам болып табылады».

Раушан Сармурзина – нағыз ғалым-инноватор. Оның жетекшілігімен әзірленген ғылыми-техникалық бағдарламалар қатары­на мұнай кен орындарындағы парафинді, шламды, тұзды шөгінділерді тазарту тех­нологиялары, энергия жинақтаушы және гидро жинақтаушы заттектер негізінде қабатқа әсер ету әдістері жатады. Бұл ғы­лыми жобалар бүгінгі таңда өндіріске енгізіліп, отандық мұнай өңдеу саласының тиімділігін арттыруда нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Бүгінгі күні оның ғылыми қоржынында 360-тан астам еңбек бар, оның ішінде рейтингтік журналдардағы ондаған жарияланым, 70-тен астам авторлық куәлік пен халықаралық патенттер бар. Тек соңғы 5 жыл ішінде 60-тан астам ғылыми жұмыс жарияланған, оның ішінде Journal Citation Reports-тың 1–3 квартиль журналдарында 13 мақала, РИНЦ және басқа да халықаралық дерекқорларда 5 мақала, ҚР БҒМ ҚКСОН ұсынған басылымдарда 15 мақала және халықаралық форумдарда жоғары бағаланған шамамен 30 жұмыс бар.

Раушан Гайсиевна Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы артықшылықтары туралы өз көзқарасын білдірді:

«Қазақстанда мұнай-газ химиясын дамытуға арналған бай шикізат қоры бар. Әсіресе «майлы газ» деп аталатын газ құра­мында этан мөлшері 14-тен 18%-ға дейін жетеді — бұл мәліметтерді Теңізшевройл растап, Энергетика министрлігіне ұсынған. Мұндай көрсеткіштер Қазақстанды ха­лықаралық инвесторлар үшін тартымды етеді. Мемлекеттің міндеті — шикізатты жеткізу бойынша келісімшарттарға қолай­лы жағдай жасау. Қазірдің өзінде Lummus, KBR, Linde, McDermott, Technip, Chevron Philips, Univation, Sinopec, ПАО «Сибур Холдинг», ПАО «Татнефть» сияқты әлемдік көшбасшылар осы жобаларға қатысып отыр. Алайда бұл бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін заманауи инфрақұры­лым қажет». 

Ғалымның адал еңбегі қоғам тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, KAZENERGY медалімен, Тәуелсіздіктің 25 және 30 жылдық мерекелік медальдарымен, сондай-ақ «Мұнай-газ-химия саласының еңбек ардагері» төсбелгісімен, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. Сонымен қатар, ол — ВДНХ алтын, күміс және қола медальдарының иегері. Халықаралық деңгейде де мойындалып, «Факел Бирмингема», «Золотой Прометей», Refining Leaders Awards, GLOBUS сияқты беделді марапаттарға ие болды. 2024 жылы Satbayev University оған «Production Professor» атағын, ал 2025 жылы «Құрметті профессор» атағын берді.

Раушан Сармурзинаның ғылыми және қоғамдық қызметі — ғылым мен өндіріске қызмет етудің, адалдық пен табандылықтың шынайы үлгісі. Ол бүгінгі таңда да еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталық­тарында сарапшы ретінде, кеңесші ретінде белсенді қызметін жалғастырып келеді. Жастарға тәлім беріп, болашақ ғалымдардың жолын ашуға барынша үлес қосуда.

60 жылдық қажырлы еңбек – бұл ғы­лымға адал берілгендіктің, ұлттық мүддеге қызмет етудің жарқын көрінісі. Раушан Сармурзина — Қазақстан ғылымының тірегі, ал оның өмір жолы — келешек ұрпақ үшін өнеге мен бағдар.

Қазақстан-Британ техникалық универ­ситеті Сармурзина Раушан Гайсиевнаны ғылыми-өндірістік қызметінің 60 жылдығы­­мен құттықтай отырып, отандық ғылымды да­мытуға және жоғары білікті мамандарды даярлауға қосқан зор үлесі үшін шынайы алғысын білдіреді. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және жаңа жетістіктерге жетелейтін сарқылмас энергия тілейміз.