Тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырығына жетпей жүрген отбасыларға арналған жәрдемді жолай жырып әкету арға, адамгершілікке қайшы. Мемлекет мұны құптай алмайды. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау қағидалары өзгеріп жатыр. Енді ол Президент тапсырмасымен тек мұқтаждарға беріледі. Алушылардың қаржылық жағдайы қатаң тексеріледі. Реформа аясында қандай жаңашылдықтар өмірге жолдама алмақ?
Кедей көрінген бай арсыз...
Елімізде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 2002 жылдан тағайындала бастады. Содан бергі 20 жылдан астам уақыт ішінде бұл тетік талай рет жетілдірілді. Оны бірде ай сайын, бірде тоқсан сайын төлеу тәсілі сыналды. Бүгінде классикалық моделіне, яғни тоқсанда бір рет көмек ұсыну үлгісіне қайта оралды.
Өзгерістер аясында 2020 жылы кепілдендірілген әлеуметтік топтама (КӘТ) енгізіліп, жағдайы төмен отбасылардың балаларына деп азық-түлік, гигиена және тұрмыстық химия тауарлары таратыла бастады. Бірақ ата-аналардың бір тобы тегін берген тауарды ризалықпен қабылдау орнына таңдаумен және ассортиментін әлеуметтік желіде ашықтан-ашық сынаумен әуестеніп кетті. Содан Үкімет былтыр КӘТ-ті де ақшалай беруге ауысты. 1-6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК көлемінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі. 2025 жылғы үш айда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 65 мың балаға 1,1 млрд теңге берілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, атаулы әлеуметтік көмек жүйесін түбегейлі реформалайтын кез жетті. Себебі оны ерінбегеннің, ебін тапқанның бәрі алатынды шығарды. Мысалы, 2019 жылы АӘК 2,5 миллион адамға және 485 мың отбасына тағайындалыпты. Осы ақшалай жәрдемді алу үшін көзбояушылықпен ажырасатындар көбейген. Сондай-ақ мемлекеттен 1,5 миллион теңгедей АӘК алғандар арасында зәулім коттеджде тұратындар, қымбат көлігі барлар, тіпті бизнес жүргізетіндер әшкереленді.
Сондықтан 2020 жылдан бері әр өңірде арнайы учаскелік комиссия құрылды. Оның міндетіне көмек алушының үйіне «ревизорлық» тексеріспен барып, отбасының шынайы әлеуметтік ахуалын анықтау кірді. Тек бір жылда комиссиялар заңсыз түрде тағайындалған АӘК-ті алып келген 73 мыңнан астам бай адамды анықтаған!
Өзгелерінің де бұл көмекке қол жеткізу шарты қатаңдатылды. Мысалы, АӘК тағайындау талабы бойынша кедей отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінен екі қолға бір күрек табу немесе мемлекет ұсынған жұмысқа орналасу талап етілетіні мәлім. Ал үйде бала баққан ата-аналарға перзенті 7 жасқа толғанша тиіспейтін. Жаңашылдықтар аясында бала күтімімен отырған ана не әкеден енді бала 7 емес, 3 жасқа толса болды, жұмысқа тұруын талап ете бастайды.
Тәртіптің күшейтілуі, талаптың қатайтылуы нәтиже берді. Еңбекминінің дерегінше, 2024 жылы АӘК 78,1 мың отбасындағы 413,7 мың адамға тағайындалған. Оларға бюджеттен 39,5 млрд теңге бағытталды. Биыл АӘК алушылар санаты тағы екі еседей кеміді. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 40 мың отбасындағы 214,3 мың адамға ғана атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оларға биылғы бірінші тоқсанда 8,1 млрд теңге аударылды. Әр отбасына орта есеппен 202,5 мың теңгеден келді.
Фото – еріккеннің ермегі емес
Биыл АӘК жүйесі реформалану үстінде. Учаскелік комиссиялардың АӘК алудан үміткердің әл-ауқатын тексеру мерзімі 3-тен 7 күнге ұзартылды, комиссия құрамы 5-тен 7 мүшеге дейін артты. Кандидат отбасының көмекке мұқтаждығын анықтайтын арнайы өлшемшарттар әзірленді.
– Былтырғы шілдеде бір топ адам топырлап келіп, есік қағып тұр. Ашсам: «Учаскелік комиссиямыз, АӘК бойынша тексеруге келдік!», – дейді. Жай әңгімелесетін шығар деп ішке кіргізсем, үй ішін, жаңа теледидарды, диванды, басқасын тырсылдатып, суретке түсіре бастады. Арсыз екен өздері. Мен фотоға түсіруге рұқсат еткен жоқпын. Заң бойынша менің келісімімсіз фото, бейнежазбаға тіркеуге құқығы жоқ. Бәрін дереу үйден қуып шықтым. Соған ашуланды ма, АӘК төлеуді тоқтатып тастады, – дейді Кузнецова есімді шағымданушы.
Енді үміткерлер дүние-мүлкін фотоға түсіру үшін келген комиссия мүшелерін тырқыратып қуып шыға алмайды. Бұл енді АӘК тағайындау үшін қажетті шарттардың бірі.
«Мемлекеттік қолдауға шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтау мақсатында өтініш берушінің материалдық жағдайына зерттеу жүргізіледі. Оның барысында учаскелік комиссия мүшелері арнайы мобильді қосымша арқылы фотофиксациялауды жүргізеді. Соның нәтижелері бойынша өтініш берушінің материалдық жағдайы туралы тексеру актісі жасалады және аталған отбасының АӘК-ке мұқтаждығы немесе мұқтаж еместігі туралы қорытынды дайындалады», – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Материалдық жағдайды тексеру және фотоға түсіру өтініш берушінің көзінше, ол болмаған жағдайда – отбасының кәмелетке толған, әрекетке қабілетті мүшелерінің біреуінің қатысуымен жүзеге асырылады. АӘК-тен үміткер (ол үйінде болмаса, кәмелетке толған баласы) өз отбасының әл-ауқатын, дүние-мүлкін фототіркетуден бас тартса, хаттама толтырылады. Бұл жайт отбасының материалдық жағдайы туралы актіге тіркеледі және АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафиннің айтуынша, биылғы 2025 жылы материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК-ке мұқтаждығы туралы қорытынды шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметі цифрландырылып жатыр.
– Бұл комиссиялар үшін FSM Social атты мобильді қосымша жасалды. Оның көмегімен біз АӘК-ке кандидаттың геолокациясын, тұрғылықты жерін анықтаймыз. Шешім де жедел қабылданады, қорытынды шығару рәсімін оңайлатады. Зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септеседі, өйткені барлығын қосымшаға түсірілген фотодан көруге болады, ол фото редакцияланбайды, – деді вице-министр.
Мобильді қосымша пилоттық режимде былтыр Қонаев қаласында сыналды. 2025 жылғы қаңтардан FSM Social қосымшасын бүкіл ел бойынша енгізіп жатыр. Комиссиялар тек үй ішін емес, үміткердің өзге де мүлкін, мысалы, ауласын, бақшасын, саяжайын, жер учаскесін, қорасындағы малы мен құсын да тіркейді.
Мемлекет шығысы шектеуліге жақ
Жасыратыны жоқ, қараша үйде тұрып-ақ байша шалқып өмір сүруге, елдегі және әлемдегі қымбат курорттарда демалуға, жинағын өзге адамның атына ашылған салымда ұстауға, кейін оны «қарыз алдым» деп қайтаруға болады. Ізденсе, схемасы көп. Президенттің тапсырмасымен реформа аясында АӘК тағайындау үшін бұдан былай оған да жан-жақты зерттеу жүргізіліп, қомақты досье жиналады. Мысалы, үміткердің отбасы мүшелерінің әрқайсысының кірісі ғана емес, шығысы да тексеріледі.
Осы мақсатта Еңбекмині «Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» №227 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» жаңа бұйрық жобасын әзірледі. Ведомство оны қабылдаудың алғашқы нәтижелері 2025 жылғы желтоқсанда күтілетінін хабарлады.
«Құжат Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпанда және 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында берген, өтініш иелерінің жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындау туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Құжатқа сәйкес, АӘК алудан үміткер келіскен жағдайда шығыс операциялары, банктік шоттардағы, банктік қарыздардағы, микрокредиттегі, жинақ салымындағы, депозиттегі қаражаттар қозғалысы туралы мәліметтер алынады», – деп түсіндірді министрлік.
Мұндағы мақсат – жиынтық кірістер мен шығыстарын салыстыра отырып, АӘК-ке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды айқындау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, Президенттің тапсырмасын іске асыру үшін Еңбекмині азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындай отырып, АӘК көрсетудің бизнес-процесін трансформациялау тетігін әзірледі.
– Министрлік мүдделі органдармен бірлесіп қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатыр. Бұл нақты мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларды мемлекеттің нысаналы қолдауына мүмкіндік береді. Мұнда азаматтың жылжымайтын мүлікті, машинаны сатып алуы, ақылы оқуға түсуі, ақылы қосымша білім қызметін тұтынуы, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға шығындалуы, кредиттерді өтеуі және басқа негізгі шығыстары ескеріледі, – деді министр.
Шенеуніктердің тұжырымдауынша, тапқан-таянғаны күнделікті тірлігіне жетпейтін ыңыршағы шыққан кедей отбасылар мұндай шығыстарға бара алмас еді. Азаматтардың шығыстары туралы мәліметтерді алу үшін Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым министрліктерінің, Ұлттық банктің және басқа жауапты, құзырлы органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау қарастырылған.
Олжас Анафиннің айтуынша, Президенттің тапсырмасын орындау үшін Әлеуметтік кодекске түзетулер әзірленді. Ол бойынша АӘК тағайындау кезінде азаматтардың тұрғын үйді, жеңіл автокөлікті сатып алуы, ипотеканы қоспағанда, банктік қарыздар мен микрокредиттер ресімдеуі, банктік шоттары бойынша отбасының әрбір мүшесіне айына кедейлік шегінен асатын шығыс операцияларының болуы және депозиті тексеріледі. Банктерден үміткердің және оның отбасы мүшелерінің кірістері мен шығыстары туралы мәліметтер алу алгоритмі дайындалды.
Парламентке шағымданған Төлегенова есімді үш баланың жалғызілікті анасының айтуынша, күтіміндегі ақсақал дүние салғаннан кейін өздері тұрып жатқан ескі үй мұрагерлікпен соған көшіпті. Комиссия мұны «жаңа баспана иелену» деп танып, көмектен айырған екен. Бұлай асыра сілтеуге жол бермеу үшін жүйе жетілгені, кемшілік жойылғаны жөн.
Айхан ШӘРІП