Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған «Серпер» байқауы өтті.
Дарынды жастардың жеңісі
358
оқылды

Байқауға еліміздің әр өңірінен келген өнер майталмандары түрлі ұлттық аспаптармен сынға түсіп, шеберліктерін паш етті. Солардың бірі – Айшолпан Қасым. Кіл мықтының арасынан оқ бойы оза шауып домбыра аспабында бірінші орынға лайық болған домбырашы қызды жүлдесімен құттықтап, жетістікке жету жолындағы еңбегімен жақын танысу үшін әңгімеге тартқан едік. 

Бұдан бұрын Мұрат Өскенбайұлы атындағы үшінші халықаралық конкурстан бас жүлдені иеленген Айшолпанға «Серпердің» де жүлдесі бұйырыпты. Ол бұл жүлдені аянбай еткен еңбегінің нәтижесі деп біледі. 

– Күніне 7-8 сағатты дайындыққа арнадым. Бұл аз уақыт емес. Соған сай нәтижеге де жетуім керек деген мақсат болды. Менің мақсатыма жетуіме ұстазым Жұмабек Боранбайұлының үлесі зор. Өйткені ол әр оқушыға домбыра үйретуде түрлі әдісті ұстанады. Домбыра ұстаудан бастап, сахнада қалай отыру керегіне дейін үйретіп шықты. Сондықтан мен бағындырған шың, жеткен  жетістігім, ең алдымен менің емес, ұстазымның еңбегінің зая кетпегені, – дейді домбырашы қыз. 

I республикалық «Серпер» ұлттық өнер байқауы – ұлттық өнердің терең сазын ұлықтап, дәстүрлі өнерге бет бұрған жас таланттардың жаңа тынысын ашқан ерекше шығармашылық алаң, ұлттық мұраны жалғап, заманауи сахнада төл өнерімізді дәріптейтін тың жобалардың бірі ретінде бағаланды. Аталған байқау екі кезеңнен тұрған. Бас-аяғы 70-тен астам өтінім түсіп, онлайн форматтағы бірінші кезеңнен 42 қатысушы іріктеліп алынған. Соның ішінде алғашқы кезеңде қатарынан 5 күйді шерткен Айшолпан домбыраға талпынысын әкесінен дарығанын айтады. 

– Әкем бұрын құйма құлақ әдіспен күй тартқан екен. Сол кезде түрлі ансамбльдің жетекшісі болып қызмет атқарған. Арғы аталарым да осы өнер жолында жүргені анық. Қанымда болғанынан да шығар, кішкентайымнан домбыраға ерекше ықыласпен қарайтын едім. Бұл аспапты 3-сыныптан бері меңгеріп келе жатырмын. Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебі студиясын, одан кейін Маңғыстау өнер колледжін бітірдім. Балалық қызығушылық қазір мені кәсіби домбырашыға айналдырды, – деді ол.

Ұлттың үні – ұлттық аспапта. Дәстүрлі құндылығымызды насихаттайтын, ұлттық аспапты серік еткен өнер иелері бір сахнада бақ сынайтын байқаулардың орны бөлек. Бұлар – қазақ музыкасының, ұлттық аспабының мәңгі жасауын көздесе, байқау қатысушылары – оны ұрпаққа жеткізушілер. Биыл алғаш рет өткен «Серпер» байқауына 18-35 жас аралығындағы шын таланттар қатысты. Айшолпанның айтуынша, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияны, «Шабытты» бітірген өнерпаздар да қатысыпты, бұл жас домбырашыға үлкен тәжірибе алаңы болды. Іріктеуден өткен домбырашылар екінші кезеңде де 5 күй орындауға міндетті. Қазанғаптың «Күй шақырғыш Ақжелең», Махамбеттің «Жауға шапқан», Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғау» және бірқатар күйді нақышына келтіріп ойнаған Айшолпан байқаудың әр кезеңін толқумен өткізгенін жасырмады.

– Кәсіби домбырашы болсам да, «Серпердің» алдында толқыдым. Өйткені еліміздің небір мықты күйшілері, домбырашылары жиналған сахна болды бұл. Олармен бір сахнада тұрып жарысқа түсудің өзі мен үшін жетістік саналады. Осы жетістіктен кейін маған енді тек алға ұмтылу керек . Егер алдағы уақытта ансамбльдерден ұсыныстар түсіп жатса, қуана қабыл алар едім.  Осылайша, өнерден орнымды тапқым келеді. Немесе бір жобаның жетекшісі ретінде өзімді қалыптастыру жоспарымда бар. Келешекте қазақтың қара домбырасы танылып, дәстүрлі күй өнеріміз насихатталып, қазіргідей жоғары жетістікке жеткенін қалаймын. Әр қазақ домбырадан басқа да ұлттық аспапты меңгерсе қандай жақсы! Біздің рухани құндылығымыз сол кезде сақталады, – деді Айшолпан. 

Әр өңірден келген таланттардың басын қосқан байқаудың марапатынан бөлек қаржылай сыйлығы да бар. Әр номинация­дан жүлдегер атанғандарға 1 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Биылғы байқаудың жеңімпазы Айшолпан Қасым жүлдесіне бұйырған ақшалай сыйлығын ата-анасына беруді ұйғарыпты. «Олардың мен үшін өнерге қосқан үлесі өте көп. Осындай дәрежеге жетуім – ата-анамның арқасы» деп сөзін түйді ол.

Ұлттық аспап ұстап сахнада бақ сынаған таланттар – ұлттық өнерге деген жанашырлық пен сүйіспеншіліктің айғағы. Сыналар сәтте сыр бермей, шашауына шаң жұқтырмайтын жүйріктердің алаңында өнерді паш ету, ұлттық өнерді киелі сахнада көрсету – үлкен бақ. Себебі жас өнерпаздар үшін шабыт, тәжірибе мен өсу алаңына айналған байқаулар да төл мәдениетіміздің насихатталуының жарқын көрінісіне айналған.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ