Ауыл әкімінің бір уыс гүлмен түскен суретті problema.aktobe Instagram парақшасы жариялап, «заң бойынша тыйым салынған емес пе? Аудан әкіміне шара қолдануды сұраймыз» деп жазған. Міне, осы сурет әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қызғалдақ жұлған әкімнің мәселесі қызу талқыға салынды.
Жергілікті ақпарат порталдарының мәліметінше, қызғалдақпен түскен адам - Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаева. Ауылдастарының арасында онлайн әкім атанған ол полиция назарына ілікті. Қазір оның қандай қызғалдақ жұлғаны қаралып жатыр.
Облыстық Полиция департаменті «Ақпарат тексеріледі және құқықтық баға беріледі. Табиғатты қорғау инспекциямен суреттегі гүлдің Қызыл кітапқа енгені немесе басқа екені анықталады», деп жауап берген.
Ал ауыл әкімі болса, қызғалдақтың күні кеше жұлғанын мойындады.
«Күні кеше түскен сурет. Демалыста балалармен далаға серуенге шықтық. Қандыағашқа қарай Жұрынның қасында трассаның бойында болдық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүлді танымайды екенмін. Мен оны жұлуға болмайтынын білген жоқпын. Басқа жақта Қызыл кітапқа енген гүлді жұлуға болмайтынын білемін. Елдің бәрі жұлып жатты. Ойымда ештеңе жоқ. Әйтпесе, мен жұлдым, міне, суретке түстім деп нем бар», – деді Ләззат Бердібаева.
Ләззат Бердібаева — 2024 жылдың 13 ақпанынан бастап Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі. Округке Қаракөл және Жаңатұрмыс ауылдары қарайды. Онда 722 адам тұрады.
Егер осы фактіге қатысты іс қозғалса, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы, 1-бөлігі — «Сирек және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерімен заңсыз айналысу» бабы бойынша тергелуі мүмкін. Ал заң бойынша, сирек және жойылып кету қаупі бар өсімдік түрлерімен заңсыз айналысқан тұлғаның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал 3 мың айлық көрсеткішпен есептесек, айыппұл құны —11 миллон 796 мың теңге.