Кеше кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оқ тиген қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жағдайы бірқалыпты ауыр. Алған жарақаттан көп қан жоғалтқан шенеунікке дәрігерлер 4 сағат ота жасаған. Оқ атты деген күдікке «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы ілінді. Полиция оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Оtyrar телеарнасына сілтеме жасап.
Кеше кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов оққа ұшты. Бейресми ақпаратқа қарағанда, оқты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры атқан. Оқ Берденовтің иығы мен жамбасына тиген, ол көп қан жоғалтқан. 4 сағаттық отадан кейін шенеунік есін жиған. Қазір оның денсаулығы тұрақты ауыр.
Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Ота барысында қан тоқтатылып, алған жарақатына келген зақымдар қалпына келтірілді. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ. Жалпы жағдайы ауыр. Өміріне ешқандай қауіп жоқ».
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, қамауға алынған. Ол қазір тергеу изоляторында. Оның үстінен «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалған.
«Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс оқиғасы болды. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды».
Күдікті бұған дейін 2008 жылы құрылған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басшы болып жұмыс істеген. Серіктестік әкімдіктің тұрғын емес ғимараттарын салумен айналысқан. Оқиғадан кейін әлеуметтік желі мен кей сайттар Берденов күдіктінің әйеліне «қырындады» деп жазды. Бұл ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында «Отырар» телеарнасы күдіктінің әйеліне хабарласты. Бірақ онымен сөйлесу мүмкін болмады. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы күдіктінің әйелімен жолыққанын хабарлады.
«Жаңа ғана қалалық Полиция департаментіндегі тұтқынның әйелімен сөйлестім. Әйел адам іс бойынша куәлік беру үшін коттеджге келген. Ол Берденовпен жеке таныс емес екенін мәлімдеді».
Журналист Козачков өзінің Telegram каналында күдікті осыдан 10 күн бұрын жұмыстан босатылғанын, бұған Берденовтің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат таратты. Десе де, оқ ату себебі туралы әзірге ресми ақпарат айтылмады. Парламент Мәжілісінің депутаты болған Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып биыл 24 ақпанда тағайындалған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.