«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға арнап депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2025 жылдың 7 наурызында қабылданған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның №2 бұйрығы отандық тұз өндірушілерді тығырыққа тіреп отырғанын айтып, тарифті қайта қарауды сұрайды.
«Құрметті Роман Васильевич! Өздеріңізге белгілі тұз – стратегиялық маңызы бар өнім, ол тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да үлкен сұранысқа ие. Қазақстанда өндірілетін тұз сапасы жоғары болғандықтан, ол басқа елдерге экспортталуда.
Елімізде өндірілген 2 млн тоннаға жуық ас тұзы мен техникалық тұздың 85 пайызы экспортқа жіберіледі…», – дейді ол.
Депутаттың дерегінше, салада 3 000-нан астам адам жұмыс істейді, ал тұз экспортының жылдық айналымы 35 млн АҚШ долларына жуықтайды.
«Тұзға тариф үш есе, мұнайға – 1,44 есе»
«2025 жылдың 7 наурызынан бастап "Қазақстан темір жолы“ ҰК» АҚ-ның № 2 бұйрығына сәйкес, экспорттық бағытта вагондарда жүктерді тасымалдау кезінде магистральды теміржол желісінің (МТЖ) тарифін 3 есеге өсірді. Мысалы, мұнай өнімдеріне 1,44 есеге, газға 1,51 есеге өссе, дәнді дақылдарға өспеген, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына жататын тұзға 3 есеге өсіп тұр», –дейді депутат.
Ергешбаевтың айтуынша, 30 теңгеден аспайтын ас тұзы мен 12-15 теңгеге бағаланатын техникалық тұз үшін логистика құны өнім бағасынан да жоғары болып кеткен.
Экспорттық келісімшарттар бұзылып жатыр
«…МТЖ тарифтің ұлғаюы себебінен отандық тұз компанияларының шетел компанияларына бәсекелес бола алмайды. Қазіргі таңда баға өсіміне байланысты бірқатар ресейлік компаниялар отандық тұз компанияларымен келісімшарттарын бұзып отыр», – дейді ол.
Депутат «ҚТЖ» тарифтік өсімді инфрақұрылымдық жобалармен байланыстырғанымен, бизнестің төзім шегінен асып кеткенін алға тартады.
Депутаттың ұсыныстары
«…Отандық тауар өндірушінің экспорттық әлеуетін және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетін арттыру мақсатында ас тұзы мен техникалық тұзға 2025 жылдың 7 наурызына дейінгі МТЖ тарифті қалдыру қажет», – дейді Мұрат Нәлқожаұлы.
Сауал соңында Ергешбаев вице-премьерден:
-
Магистральды теміржол желісі тарифін тұз өнімдері үшін қайта қарауды;
-
Экспортқа тәуелді кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау тетігін қосуды сұрайды.
«Еліміздегі 3 000 адамды жұмыспен қамтып, өнімнің 85 пайызын экспорттап отырған кәсіпорындарға магистральды теміржол желісімен тасымалдау тарифін қайта қарап, қолдауыңызды сұраймын», – дейді ол өзінің депутаттық сауалда.
Ас тұзы – әлеуметтік маңызы бар тауар, ал техникалық тұз – мұнай-газ, химия, коммуналдық шаруашылықтағы негізгі шикізат. Тарифтің үш есе өсімі саланың экспорттық әлеуетін тұсауласа, ішкі нарықтағы бағаға да қысым түсіруі ықтимал.