Футбол десе ойға бірден Криштиану Роналду, Лионель Месси, Неймар, Килиан Мбаппе оралады. Сондай кезде осылардың арасында қазақтың қара домалақ баласы болса екен дейсің... Кім білер, болашақта болуы мүмкін. Себебі, футбол десе ішкен асын жерге қоятын өсіп келе жатқан жеткіншектер өте көп. Олар барда қазақ футболы да ұмытылмас... Міне, жақында жасөспірімдерге, әсіресе футбол сүйер қауымға арналған отбасылық әр мотивациялық «90+1» атты фильмнің жабық көрсетілімі өтіп, қалың көрерменге жол тартты.
«90+1»: Қазақ футболы кімге керек?
баспасөз орталығы
1,118
оқылды

Фильмнің басты кейіпкері – Райымбек есімді жігіт, оның есіл-дерті футбол. Ол жастайынан футболшы болуды армандайды. Анасы дүкенге жұмсаса да ойын алаңын айналшықтап, доп теуіп, ойнап үлгереді. Оның бұл қызығушылығын әкесі де қолдайды. Тіпті әкесі Райымбекті достарымен бірге жаттықтырып, футболға дайындайды. Тұрғын үй ауласындағы шынайы атмосфера, тастан жасалған қақпа, балалар арасындағы шынайы достық пен бәсеке – барлығы көрерменді елітіп әкетеді. Экрандағы қарқынды футбол көріністері де аз емес.

Баланың футболға деген құштарлығы әкесінің қатал талабына ұштасып, оның қатарластар арасында үздік шабуылшы атануына сеп болады. Райымбектің ендігі мақсаты – еліміздің үздік футбол команданың құрамына кіру.

Өмірінің маңызды кезеңінде басты кейіпкер тағдырдың сынағына ілінеді. Ұлының жарысына асыққан ата-ана жол апатына ұшырап, әкесі қаза тауып, шешесі комаға түседі. Райымбектің басына түскен қиындық анасының ем-домының ақысын табумен ғана шектелмейді. Үйіндегі еркетотай қарындасының тілін табу, оны бағу, күнкөріс қамы, жұмысқа тұруы: отбасының бар ауыртпалығы бір Райымбекке түсті. Ол енді күйбең-тірліктің илеуіне ене ме әлде бала күнгі арманынан қол үзе ме деген арпалысын режиссер Тимур Дулатов жақсы жеткізген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетімізді жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде киноның рөлі ерекше екенін бірнеше мәрте атап өтті. Өйткені кино – тек өнер туындысы ғана емес, ол – ұлттық болмысты айқындайтын қуатты құрал. Осы орайда мемлекет тарапынан әлеуметтік, тарихи тақырыптарды, отбасылық құндылықтарды қаузайтын мазмұнды киножобаларға ерекше көңіл бөлуде. Бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадам.

Бүгінгі «90+1» фильмі де – осы бағыттағы маңызды туындылардың бірі. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарыққа шықты. Біз бұл туындыны тек жастар ғана емес, әрбір ата-ана, әрбір отбасы көрсе екен дейміз. Себебі баланың бойындағы сенімді ояту – тек сөзбен емес, өнегемен келеді. Ал өнеге осындай мәнді де мағыналы туындылар арқылы беріледі», – деді Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев.

Фильмнің атауы – футбол ойнындағы екі таймның уақыты. Ал тағы бір минут ойынға берілген қосымша уақыт. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаровтың айтуынша, киноның атауына дейін қатаң сүзгіден, талдаудан өткен. Кино орталық дұған дейін де қоғам үшін маңызды 117 картинаға қолдау көрсетіп, көрерменге сапалы, әлеуметтік бағыттағы, тарихи, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, балаларға арналған мазмұнды контент ұсынуға үлес қосып жатыр.

– Фильмнің атауы – режиссерлар мен түсірілім тобы тарапының ұсынылған идеясы еді. Оның үстіне, креативті әрі қызығушылық танытарлық болуын қаладық. Сөйтіп, сараптамы кеңесі бұл ұсынысты қолдап, фильмнің атауын «90+1» деп қойдық. «Қандай жағдай болса да, арманыңнан бас тартпа!» деген басты ойды жеткізгіміз келді.  Жалпы жастарды ұлттық киноны көруге, оны қолдауға шақырамын. Футболға деген махаббаты арта түсіп, алдағы уақытты бес жылдық, онжылдықта еліміздің абройын үлкен аренада асқақтататын футболшылар мен командалар болады деп сенемін, – деді Әділет Омаров.

Кинодағы Райымбекті сомдаған Қуаныш Керімқұлов бала кезінен футболшы болуды армандағанын айтты.

– Өзім кезінде футболшы болуды армандаған едім. Бірақ ол арманым жүзеге аспады. Мен секілді арманшыл балалардың нәтижеге қол жеткізсе деймін. Осы фильмнен кейін еліміздің футболына жүз бала келсе, менің мақсатым орындалды деген сөз, – дейді Қуаныш Керімқұлов.

P.S: Соңғы кезде келін мен ененің, қайын ата мен күйеу баланың, ауыл мен қала жұртының қарым-қатынасын бейнелейтін қазақ фильмдері  кинотеатрларда жайлағаны белгілі. Соның ішінде бұл фильмнің жаңа леп,  әкелді деуге болады. Кино таза қазақ тілінде, орыс сөздері араластырмай түсірген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдаған.