Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен мерекелік шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Гүлшат Мұсаева, партия ардагерлері мен кітапхана оқырмандары қатысып, ізгі лебіздерін білдірді.
Фестиваль аясында кітапхана ғимаратының алаңында қонақтарға «Кітап – жан азығы, өмір қазығы» атты жаңа кітаптар көрмесі, жас ақындар аллеясы, «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбына сурет салу, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы, Арт – территория шығармашылық алаңы және түрлі интеллектуалды ойын мен кітап инсталляциялары ұсынылды.
Атап өту керек, Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада «Кітапханаға кітап сыйла» акциясына бастамашы болған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына өзінің жеке кітапханасынан 700-ден астам кітапты сыйға тартты. Бұл кітаптарға оқырманның қолжетімділігін арттыру мақсатында кітапхана ішінен арнайы бұрыш ашылып, кітаптар мазмұны кеңінен таныстырылды.
Жаһандану заманында тілсіз тәрбиеші саналатын кітаптардың маңыздылығын арттыру «AMANAT» партияcының да негізгі миссиясы екенін атап өткен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партия Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосқанын жеткізді.
«AMANAT» партиясы барлық өңірде отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдауға бағытталған кітап орталықтарын ашты. Жоба ел азаматтарының отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған. Кітап орталықтарының ашылуы партия филиалдарын руханият орталықтарына айналдырып, азаматтардың партияға өз мәселесін шешу үшін ғана емес, рухани баю үшін де келіп, отандық авторлардың ең озық кітаптарымен танысуына жасалып отырған мүмкіндік десек болады», – деді Алмасбек Есмаханов.
Іс-шарада сондай-ақ кітапхананың тұрақты оқырмандары, мәдени көпшілік шараларға белсене қатысып жүрген бірнеше оқырман «Үздік оқырман-2025», «Отбасылық оқудың қуанышы», «Ең кішкентай оқырман», «Белсенді оқырман» номинацияларымен марапатталды.
Елнар ЕЛТАЙ