«Ұлттық кітап күніне» орай Астанадағы Президент орталығында «Astana Eurasian Book Fair-2025» VIII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.
«100 кітап»:  Ұлттық сауалнама басталды
596
оқылды

«Фолиант» баспасы» ұйымдас­ты­рып отырған іс-шараға Қазақ­стан, Ресей, Түркия, Испания, Иран, Өз­бек­­стан, Португалия және Қытай ел­­дерінен келген 70-ке жуық баспа, кі­тап сату, танымдық-ғылыми білім беру ­мекемелері және полиграфиялық ком­паниялар қатысты. Көрмеге Ұлт­тық құрылтай Төрағасының орын­ба­сары, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қа­рин келіп, залдарды аралап көрді. Сон­дай-ақ алғаш өтіп жатқан «Ұлт­тық кітап күні» мерекесі аясындағы жаңа бастаманы жария етті.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ұлт­тық құрылтайдың отырысында «Ұлт­тық кітап күнін» белгілеу идея­сын қолдады. Президент: «Озық ой­лы ұлт болудың ең төте жолы – кі­тап оқу. Сондықтан кітап оқу мә­дениетін қоғамда барынша орнық­тыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап кү­нін» атап өтіп отырмыз. Осынау ай­тулы күні  төл әдебиетіміздегі 100 таң­даулы кітапты айқындауға ар­нал­ған жалпыұлттық сауалнама бас­тал­ды. Бұл тізім кітап оқуға деген қы­зы­ғушылықты арттырады және әде­биетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, «100 кітап» ұлттық сауалнамасы eFov Mobile порталы арқылы жүргізілмек. Оған арнайы анкета дайындалған. Еліміздің кез келген азаматы порталға тіркеліп, өзінің 10 сүйікті де таңдаулы кітабын ұсына алады. Кітаптар әртүрлі жанрда болуы мүмкін. Тарихи шығармалар, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, фантастика, детектив және тағы басқалар. Осылайша, зерттеу жүргізе отырып, ең үздік деген 100 кітаптың тізімі жасақталмақ. Сауалнама үш ай бойы жүргізіледі. Нәтижесі тамызда, Абай күні қарсаңында белгілі болады. Жиында осы бастама авторларының бірі, «AMANAT» партиясының Мәжілістегі фракция төралқасының мүшесі Айдос Сарым көпшілікті мерекемен құттықтап, игілікті іске қуанышын жеткізді.

«Баяғыда Еуропада «ағартушылық кезеңі» деген заман болған. Сол кезде бір үлкен ғұлама кісі: «осы шаруаның іске асуы түптеп келгенде жүздеген түйеге жүк болатын кітаптардың санымен өлшенетін болады» деген екен. Ендеше біз де сондай жаңа ағартушылық кезеңнің, даңғыл жолдың бастауында тұрмыз. Бүгінгідей талқылау ортасын құрып, талғам қа­лыптастыратын, оқырманды ізденуге бағыттайтын игі шаралардың керек екені сөзсіз. Адамды осындай кітап оқуға итермелейтін алаңдар көп болса, оқыр­мандардың сұранысы артып, баспаханалар біз айтып отырған 100 шығарманы таласа басатын күнге жетер болсақ, бұл – үлкен қадам. Қазір елімізде оқырман кітапқа қайта оралды деп айтуға болады. Оны біз күнделікті өмірде көріп жүрміз. Кітап дүкендерінде жастарымыз көп. Бұл осындай бастамалардың арқасы деп білемін. Ендеше кітапсүйер, көш бастаған үлкен мемлекетке айналайық!» – деді ол.

Жиынға әдебиет саласында жүрген белгілі тұлғалар, Мәжіліс депутаттары, жас авторлар және көрмеге келген қалың оқырман қатысты. Зиялы қауым атынан сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов «Ұлттық кітап күні» адамзат құндылықтарын дәріптейтін мереке боларын атап өтті.

«Сүйікті кітабыңды таңдау, оны жұртқа айту бастамасы – ғажап нәрсе. Бұл фран­цузда да, ағылшында да, немісте де бар. Бұл қоғамдағы сұраныстың қандай екенін, сауалнама уақытындағы талғамның си­патын білдіреді. Яки, қаламгерді ұмтылуға, ізденуге, оқырман талғамына, сұранысына лайық болуға итермелейді. Ертеңгі күні біз өткізгелі тұрған сауалнамада да солай болуы мүмкін. Бұл – жақсы тенденция. Баяғыда біздің кезімізде Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» романы шыққан кезде, жұрт кезекке тұрып оқитын. Міне, осындай кітаптар көп болсын», – деді ол.

«Astana Eurasian Book Fair-2025» VIII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі 23-27 сәуір күндері аралығында өтеді. Көрменің басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көпшілікке таныстыру, баспа ісіндегі заманауи технологияларды көрсету және халықаралық әріптестікті дамыту. Іс-шара аясында балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдері, белгілі жазушылармен және ақындармен кездесулер, автограф-сессиялар, баспа саласының мамандарына арналған кәсіби пікірталастар мен кез­десулер, сондай-ақ балаларға арналған кітап оқу сессиялары, шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер ұйым­дастырылған. Сонымен қатар қатысушылар үшін құнды сыйлықтар ойнатылуда. Көрменің дәстүрлі бөлігі болып саналатын «Жылдың үздік кітабы» байқауы келесідей номинациялар бойынша жарияланған. Олар – «Жыл кітабы», «Үздік дебют», «Үздік көркем әдебиет туындысы», «Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап» және «ТҮРКСОЙ-дың Гран-приі».

Нұрлан ҚОСАЙ