Көрмеге облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада сақталған мыңнан астам сирек кітап пен құнды мұралар қойылды. Оның ішінде 10 дана қолжазба және 1929 жылы басылған «Жаңа әдебиет», 1944 жылы шаққан «Майдан» атты журналдар бар. Сондай-ақ құнды мұралар қатарында 1926 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Жаңа құрал» атты әліпбиі де көрмеге қойылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қолжазбалар мен сирек кітаптардың көпшілігі жергілікті тұрғындардың жеке қорынан алынып, арнайы зертханада қалпына келтірілген.
– Жалпы сирек қорда түрлі жолмен келген, қолдан алған, әр жерден табылған кітаптар сақталған. Бізде бір кітапты қалпына келтіру үшін 4 айдай уақыт кетеді. 2010 жылдан бастап кітапты қалпына келтіру секторы өзімізде ашылды. Қазір кітаптарды өзіміздің кітапханада қалпына келтіріп жатырмыз, – дейді кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова. Ал тарих пәнінің мұғалімі Гүлбағира Бәкірова кітапхана қоры өте бай екенін, оқырман тарту үшін мұндай көрмелердің жиі ұйымдастырылып тұруы керегін айтты.
– Бұрыннан келе жатқан көне тарихи деректермен танысып жатырмыз. Көрме өте керемет болды. Бұдан кейін балаларымыз келіп, осы кітапханадан көптеген басылымды пайдалана отырып, өз жұмыстарын жазады деген ойдамыз, – деді ол.
Көрме барысында оқырмандар тарихи мұраларды сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ