Алматы облысындағы 1 200 тұрғыны бар ауылда жаңа фельдшерлік пункт ашылды. Енді жергілікті жұрт шалғайдағы қалаға, аудан орталығына сабылмайтын болды.
Ауырып ем іздегендер алысқа сабылмайтын болды
3,688
оқылды

Балқаш ауданына қарасты Миялы ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Нысан «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынды. Мекеме 1 200-ден астам ауыл тұрғынына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған. Құрылысына облыстық бюджеттен 220 млн теңге бөлінген. Ғимаратқа ауызсу құбыры мен кәріз жүйелері тартылған. Медициналық нысанның 15 бөлмесі бар. Олардың іші фельдшерлік-акушерлік пункт­ке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Аудан әкімі Азат Құтпанбетовтың айтуынша, 270 шаршы метр аумақта ор­наласқан нысан 15 адамға бір уақытта қыз­­мет көрсете алады. Құрылыс жұмыстары 4 айда аяқталып, қазір барлық медициналық жабдық пен жиһаз орнатылған. Партия өкілдері бұл нысан ауыл халқына меди­циналық көмекті қолжетімді етудің нақты қадамы екенін айтады.

– Енді ауыл тұрғындарына анализ тапсыру үшін  55 шақырым қашықтағы аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Тіпті, қажет болған жағдайда қаладағы ауруханаларға жолдама беріледі. Бұл – партияның шалғай ауылдарға медициналық көмекті жақындату бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі, – деді «AMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбай.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Тәжі­ковтің мәліметінше, бұл тек бір ауылға арналған жоба емес. Мұндай медициналық мекемелерді көбейту арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекендерін дәрігерлік көмекпен қамту көзделіп отыр.

– Біз үшін әр азаматтың заманауи ме­дициналық көмекке қол жеткізуі маңызды. Сол үшін қазір ауылдық жерде денсаулық сақтау нысандарын салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қолданысқа берілген фельдшерлік-акушерлік пункт осының дәлелі. Жыл аяғына дейін 30-дан астам медициналық мекеме қолданысқа берілмек, – дейді Әлімбек Тәжіков.

Айтпақшы, ауыл тұрғындары үшін ғимарат қана емес, дәрігердің тұрақты жұмысы да маңызды. Осы мәселені шешу үшін өңірде нақты шаралар қолға алынуда. Бұған дейін «AMANAT» партиясы ауылға келген жас мамандарға 10 млн теңге көлемінде жәрдемақы беру бастамасын көтерген еді. Соның нәтижесінде аса тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңге көлемінде бірреттік төлем беру қарастырылып отыр. Бұл қолдау тек белгілі бір мамандықтарға  тиесілі. Шарт бойынша дәрігерлер кемінде 5 жыл ауылда жұмыс істеуі тиіс.

Айта кету керек, «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде биыл 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 меди­ци­налық пункт салу жоспарланған.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Алматы облысы