Мемлекет әлеуметтік аз қамтылған топтың баспана мәселесін шешуге қанша ұмтылғанымен жол ортада шын мұқтаждың алдын кесетіндер азаймай тұр.
Қалтаның қамы – халықтың зары
551
оқылды

Айталық, тұрғын үй субсидиясын алу үшін өз үйін өзгенің атына жаздырып, жалдамалы пәтер ретінде туысының үйін көрсетіп, айына 100 мың теңге субсидия­ны қалталарына басатындар бар. Жақында декретке миллионмен шығатындардың осындай қитұрқылығының алдын алу үшін шара қолданған еді. Неге біздің халық ақша үшін ардан аттауға құмар? 

Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, «Декретке миллионмен шығарамын. Жал­дамалы тұрғын үйге субсидия алып беремін» деген сияқты онлайн бухгалтерлердің жарнамасы қаптап тұр. Бір қарағанда бәрі заң аясында көрінгенімен, сұрастырсаңыз заңды белінен басып, мемлекеттің қаржысын жымқыруға бағытталған. «Әй дейтін әже болмаған соң» осы уақытқа дейін 40 жұмыс орнынан декретке шығып, миллиондап ақша алғандар да болды. Жыл басында осы мәселеге тоқтау салуға ұмтылған министрлік жүктілік пен босануға, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу ережелеріне өзгерістер енгізді. Ведомство мұндай қадамға ел арасында «декретке миллионмен» деп аталып кеткен тәсіл, яғни көбірек төлем алу үшін табысын арттыру жағдайларының жиілеп кетуінен кейін барған. Жаңа ереже 8 сәуірден бастап күшіне енді. 

– 2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 958 млрд теңге со­масына 1,4 млн азаматқа төлемдер жүргізілді. 15 өңірде жүйеге қатысушыларға төленетін төлемдер көлемі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік аударымдар түсімінен асып түсті. Тек бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеулер жоқ – бұл жүктілік және босануға қатысты төлемдер. Сондықтан жекелеген азаматтар жасанды түрде ұлғайтылған төлем мөлшерін алу үшін заңнамадағы олқылықтарды іздестіруде. Бұл осы жүйеге адал қатысу­шылардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соғады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Курс оқығанның бәрі бухгалтер

Айта кету керек, ақпан айында жүктілік және босануға қатысты асыра төлем алған 113 алушыға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Олардың келтірген залал сомасы 158,4 млн теңгені құрады. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мыңға жуық алушы өз еркімен табысының жасанды өсірілгенін растады. Осылайша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтері 3,4 млрд теңге сомасында сақталды. Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын үлкейтудің әдістерін үйрететін консуль­тациялық қызметтердің де үстінен шағым түсіргені анықталды.

– Біздің санамызды әлеуметтік желі құртып жатыр. Желідегі онлайн бухгалтерлер қанша ақша салғанда, қанша миллионмен декретке шығуға болатынын есептеп береді. Сөйтіп, әйелдер бірнеше жеке кәсіпкерлік­тің атына жұмысшы ретінде тіркеліп, миллиондап ақша тапқан. Қазір мемлекет бұл қитұрқылықтың алдын алу үшін заң бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр. 10-20 жеке кәсіпкерлікте бір адамның қатар жұмыс істеуі мүмкін емес. Мұны мемлекеттің ақшасын жымқыру дейді. Себебі бала босанғанға дейін де, кейін де мемлекет жәрдемақы береді. Осы қаржыны жалған жолмен көбейтетіндер көп. Жәрдемақы беретін орган әйелдерге ескертіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, – дейді заңгер Әлімжан Жұбатқанов.

Шынымен де, декретке миллионмен шығу үшін табысын қолдан жасайтын азаматшалар өз қара басының қамына бола, елдің экономикалық статистикасына кері әсер етіп жатқандарын білсін бе? Айталық, 2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы орташа айлық жалақы – 390 328 теңге. Осылайша, жалған табыс мәліметтері орташа табыс деңгейін жоғарылатып көр­сетеді, бұл нақты экономикалық жағдайды түсінуді қиындатады. Сонымен қатар мемлекеттік қаржының заңсыз пайдаланылуы бюджеттің тиімсіз жұмсалуына әкеледі. Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, тұрғын үйге субсидия алып беретін, декретке миллионмен шығудың жолын көрсететін онлайн бухгалтерлер көбейіп кетті. Олардың өзін-өзі жарнамалауына заң бойынша тыйым салу керек. 

– Мысалы, адвокаттар туралы заңда жарнама жасауға тыйым салынған. Сол сияқты онлайн бухгалтерлер де офис ашып, заң бойынша жұмыс істесін. Қазір курс оқып алып, өзін бухгалтермін деп таныс­тыратындар көбейіп кетті. Адамдарды қылмыс жасауға итермелейтін осындай бухгалтерлерді жауапқа тарту керек. Олар халықтың миын улап жатыр. Әлеуметтік желідегі алаяқтықпен полиция да жұмыс істеп жатқан жоқ, – дейді заңгер.

Заңды айналу әдетке айналған

Декреттік төлемдер қысқарғаннан кейін де, онлайн бухгалтерлер жұмысын тоқтатар емес. Енді олар қарапайым халыққа мемлекеттік көмектің басқа қай түрінен ақша жасауға болатынын белсенді түрде үйретуге кіріскен. Әрине, өздері де құралақан қалмайды. Мысалы, желідегі бір бухгалтер: «Туысыңыздың үйін көрсетіп, жалдамалы пәтерге субсидия алып беремін. Құжат тапсыру бағасы – 50 мың теңге» деп жарнама жасапты. Біздің халық тегін көмектен бас тартсын ба? «Бұл баспана өзімнен де мұқ­тажға бұйырсын» дейтіндер де жоқ. Заңды қалай айналып, атымдағы үйді қайтсем жасырып мемлекеттен көмек аламын дегендер жаңағы жарнаманың астына жаппай пікір қалдырыпты. 

– Қазір алаяқтықтың неше түрі бар. Адамдар мүмкіндікті пайдаланып пайда тауып қалуға тырысады. Аталмыш мәселеге бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі, ха­лықтың әлеуметтік жағдайының төмендеп кеткені. Кез келген адамның басында кемі бір несие, арысы 4-5 несие бар. Сондықтан адамдар дайын ақшаны алған кезде, несием­ді жабамын деп ойлап тұрады. Екіншісі, мемлекеттік бағдарламалардан пайда табудың жолдарын көрсететін «пысықтар» бар. Үшіншісі, кейбір адамдар жұмыс істемей, дайын асқа тік қасық болады. Анығырақ айтсам, жалқаулық. Психикасы қай жерде мүмкіндік болса, соны пайдаланып қалуға тырысады. Жалқаулық адам миында неше түрлі айланы ойлап табуға мүмкіндік береді. Төртінші фактор – ортаның ықпалы. Бір адам үйі бола тұра, жалдамалы пәтердің субсидиясын алғанын айтады. Екіншісі, «мен де байқап көрейін» деп, осындай әрекетке барады, – дейді психолог Балабек Кеніштайұлы. 

Маманның айтуынша, алаяқтықпен қанша қаржы тапса да, ол – мемлекеттікі. Заңды қатаңдату арқылы ғана мұндай қи­тұрқылыққа тоқтау сала аламыз. Қазір мем­лекеттік операциялардың барлығы цифр­лы форматта жүзеге асады. Бұл да үйден шықпай пайда табуға септігін тигізіп тұр. 

– Кеңес заманындағы адамдардың психологиясында «мемлекет көмектеседі, үкімет өлтірмейді» деген түсінік болды. Сондықтан мемлекеттен алған заңсыз ақшасын «қылмыс» деп санамайтын психология бұрыннан бар. Түпсананың ең төменгі сатысы – құлдық психология дей­міз. Ол біреудің жұмысын істеу емес. Ақшаның құлы, интернетке тәуелді болған адамдар. Әлеуметтік желіде өзгенің пікірі үшін өмір сүретіндер. Бұл психологиядан да төме­ні – ұрлық психологиясы. Мұндай адамдар мүмкіндікті жібермей, реті келсе пайдаланып қалуға тырысады. Ал бұл адамдардың дүниетанымын өзгерту оңай емес, – дейді Балабек Кеніштайұлы.

Дегенмен заңгер Әлімжан Жұбатқанов таяқтың екі ұшы болатынын еске салды. Заң бойынша жалдамалы тұрғын үй мүгедектігі бар жандарға, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және әлеуметтік осал топтарға беріледі. Олар тұрғын үй кезегіне тұрып, мемлекеттік субсидия ала алады. Бұл жерде заң бойынша өз туыстарының үйін жалға алмауы керек. Бірақ ерекше қажеттілігі бар баласы бар отбасыға үй иелері жалдамалы пәтер бергісі келмейді. Мемлекеттік бағдарламамен жалға берсе, кейін үйдің жалдау ақысын да көтере алмайды. Келісімшарт та ұзақ мерзімде болады. 

– Жалға беретіндер үшін көбіне бұл шарт тиімсіз. Сондықтан кейбір адамдар жақын туысымен келісуі мүмкін. Тұрғын үй басқармасына бұл шындықты қарапайым адамдар айтып та жүр. Бірақ еститін құлақ жоқ. Сондықтан тұратын жері жоқ, жал­дамалы үй таппаған отбасыларға туыста­рының үйін көрсетуге заң бойынша рұқсат беруі керек. Мұны заңбұзушылық деп қа­рамай, екінші тарапты да ескеруі қажет, – дейді заңгер. 

Ал әлеуметтанушы Айдар Хамиттың пікірінше, мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж адамдарға жеткізу үшін құжаттарды мұқият тексеру және жалған мәліметтерді анықтау жүйесін жетілдіру керек. Көмекті заңсыз алған адамдарға қатысты қатаң шаралар қолдану мен қоғамдық бақылауды күшейткен абзал.

– Қазақстанда кейбір азаматтар мем­лекеттік көмекті, мысалы, тұрғын үй суб­­­сидиясын алу үшін жалған мәліметтер бе­реді. Мұндай әрекеттердің бірнеше се­бе­бі бар. Кейбір адамдардың табысы тө­­­мен болғандықтан, олар қосымша қар­­жы көз­дерін іздейді. Сонымен қатар құ­жат­тар­ды тексеру механизмдерінің әлсіздігі адам­дарға жүйені айналып өтуге мүмкін­дік береді. Мұндай әрекеттер үшін жаза­ның болмауы немесе жеңілдігі адам­дарды заңсыздыққа итермелеуі мүм­кін, – дейді Айдар Хамит. 

Ар мен ұят – әр адамның ішкі компасы. Жағдайы бола тұра, жарлының несібесіне жармасу мен мемлекеттік көмекті заңсыз алуды ақтап алу мүмкін емес. 

Көктем ҚАРҚЫН