Ол 1933 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келді. Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы (қазіргі Рысқұлов) Жаңа тұрмыс ауылында тәмамдаған. 1957 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін бітірді. 1957-1959 жылдары Жамбыл обылысы Шу ауданы Жаңа тұрмыс орта мектебінде орыс тілі мен әдебиет сабақтарынан білім берді. 1960-1962 жылдары Мәскеудегі жоғарғы кинематография курсында (КСРО мәдениет министірлігінде) дәріс тыңдады. 1962 жылы «Литературный газет» (Мәскеу) Қазақстандағы меншікті тілшісі, 1964 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1970-1980 жылдары Қазақстан Киногерлер одағының бірінші хатшысы, КСРО Киноматография одағының хатшысы болып еңбек етті.
Жасы тоқсанның екеуіне келгенше ойы мен сөзінен жаңылмай, ұлт әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақ әдебиетінің тұтас бір көшін бастаған алыптар қатарында оқ бойы озық тұрды. Ұлтының ұлықты ұлы, әдебиеттің саңлақ сардары болды. Әкім Тарази артына өшпейтін рухани мол мұра, мәңгілік өлмес дүние қалдырды. Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ. Оның қаламынан туған мәдени байлығы – мәңгілік.
Қош, дәуіртекті суретші
Өмірден Әкім аға өтті...
Қазақтың классик жазушысы Әкім Үртайұлы Тарази бақиға аттанды.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ауыр жүгін арқалап, алған биігін аласартпай, ұлт руханиятының туын асқақ ұстап, жаңа жиырма бірінші дейтін жұмбағы мен сыры мол, тосын мінез бен беймәлім әрекетінен аяқ алып жүру қиын, күрделі ғасырдың төрінен абыздық орын алған дәуіртекті суреткер, ұлтжанды елағасы, еркін ой мен еркін сөздің иесі, алашбітімді қайталанбас тұлға, ұлы қаламгер өмірден ұзап барады.
Қалам... Қағаз... дейтін киелі де қасиетті қос ұғым алдындағы жауапкершілікке адал болу, уақыт ұсынған қиындықтар мен пенделік арбаулардың жетегіне кетпей, суреткерлік ұстанымға шаң қондырмай өмір сүру – табандылық пен төзімділікті, кеңдік пен парасаттылықты керек етері хақ. Артына мол мұра қалдырып, саналы сәт-сағатының бәрін жазу дейтін жанкешті күреске арнаған Әкім Тарази өмірі – осындай өрісі кең, өркені мол, әдебиетті ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің ғажайып биігіне көтере білген шынайы жазушының, нағыз суреткердің өмірі!
Әкім Тарази есімі тіл ұшына оралған сайын менің жадымның төрінде әркез жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары жаңғырады.
Әдебиеттің абыройы мен беделі аспандап тұрған кез. Жазушының қаламынан туған әр сөз, сөйлем, әр кітап алты құрлық назарын өзіне бұрып, озық деген үлгілі көркем дүниелер жұмыр жердің түкпір-түкпірін шарлап кететін... Кітап оқитындардың саны да, сапасы да жоғары осынау тағдыры мен тәлімі айырықша дүбірлі дәуір адамзат ойы мен санасының бағыт-бағдарын анықтап тұрған өрісті кезең қазақ руханиятының көшбастары болған көркем әдебиет те өзінің тарихи міндетін ойдағыдай атқарды... Күні кешегі ұлт ойы мен сапасын отап тастаған отызыншы, қырқыншы жылдардың өртең топырағына жан бітірген «алпысыншы жылғылардың» алғашқы легі сөз өнерінің ғана емес, жалпы ұлт руханиятының дамудың жаңа биігіне көтерілгенін айқын танытты.
Дала мен қаланың арасына өздерінің білік-білімімен, парасатымен, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениетінің кеңдігімен, тереңдігімен кең өріс ашып, ұлттың «өлгенін тірілтіп, өшкенін қайта жаққан» Алтай мен Атырау арасында жатқан Ұлы Байтақтың алпыс екі тамырына қазақы қан жүгіртіп, рухани әлемімізге үлкен өзгерістер алып келген, өмір, қоғам, заман, адам танудың ғаламдық сипаттағы үлгілерін қалыптастырған, сол «алпысыншы жылғылардың» бірегей бітімді, аса көрнекті өкілдерінің бірі, өрісімізді кеңейтіп, өркенімізді өсірген екі ғасыр тоғысындағы ұлт әдебиеті ақсақалының жүрек қағысы тоқтады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастап жазушы шығармаларымен сусындап өскен оқырман қауым, суреткердің өмірі мен өнеріне қанық әріптестері аза тұтып, қаламгердің жары Роза Мұқанова мен отбасына, балаларына, ағайын-туыстарына көңіл айтуда. Тірінің қолынан келер ең игілікті іс – осы...
Біз де «ағамыздың иман байлығын берсін, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!» деген басу сөзін айтқанша асықтық...
Иә...
Әдебиет босағасын құбылыс болып аттаған, әр жылдарда жазылған «Өрт», «Құйрықты жұлдыз», «Қиян соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Әулет», «Ақбердінің ауласы», «Дүниенің шеті», «Көк», «Жаза», «Тәж» секілді әңгіме, повесть, романдары, «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», «Қыз махаббаты», «Тұлпардың ізі» тәрізді пьесалары әдебиетімізге өлшеусіз олжа салған суреткер ойы мен қиялының кеңдігі, көркемдік бітімі мен өміршеңдік өресінің тереңдігін танытар өлмес дүниелері.
Бұл – тізім ғана емес, төркінінде уақыт мен қоғамның, адам мен заманның, дала мен ғаламның арақатынасын анықтауға ұмтылған, ұлы дүние туралы толғанған, тебіренген жүрек пен сананың ұйқысыз сәт-сағаттары, мазасыз ойлары, тынымсыз жылдары жатқан жазу дейтін ұлы майданның көрінісі. Әкім Тарази есімді қайтпас, қайсар мінезді көркемсөз шеберінің өзі өмір сүріп, ғұмыр кешкен дәуірі жайлы ақ қағаз айдынына салған көркем өмірі! Жазушының жан әлемі! Суреткер қаламынан туған көптомды шығармалар жинағы – жасы тоқсанның екеуіне келгенше ойы мен сөзінен жаңылмаған, ұстанымына деген ұстыны бөлек жауапкершілігіне көлеңке түсірмеген жомарт дарынға сүйсінбей көріңіз.
Әкім Үртайұлы өмірде де, өнерде де сабырын сарқымаған, салауатқа жүгіне білер ғажайып ұстамды кісі еді. Кездесе қалсақ, өзі туралы айтқаннан гөрі, оқығаны мен тоқығанын алдыға көбірек салып отыратын. Тарихи дүниелер мен тарихи тұлғалар туралы. Тіпті, болмаса өзінің жанындай жақсы көретін достары жайлы жанға жағымды әңгіме қозғап, соларға қатысты өтініш айтып жүретін. «Сайынның юбилейі келеді. Өзің білесің. Ағаң өліп кетсе де өзі туралы айтпайды. Мақтануға жоқ. Қазақтың Чеховы ғой. Нағыз классик!» деген майда қоңыр дауысы құлағымнан кетпейді. Сайын ағамызды «Халық жазушысына» ұсынайық дегенде, «Нұрлан, пейілдеріңе рахмет! Жасы да, жолы да, әдебиеттегі, қоғамдағы орны да – Әкім ағаңдікі. Әкім Тарази алып дәуірмен алысқан алыптар қатарынан!» деп еді Сайын Мұратбеков те.
Қайран, асыл ағаларым-ай!
«Қалдым» деп саспайтын, «оздым» деп таспайтын суреткердің тағы бір жолы, сөйлесе, ойланып сөйлейтін, ой толғаса, толғанып айтатын мінезіне салып айтқан сөзі есіме түсіп отыр. «Бәрімізді жаратқан Алла! Оған ешкімнің дауы жоқ. Мені де жаратқан Алла! Менің Қалиханымды да жаратқан Алла! Өмірдің қызығы мен қуанышын сыйлаған Құдайдан кейінгі ата-анамыз. Қалиханды да, мені де жазушы жасаған тағдыр! Орта! Заман! Дәуір! Өз басым жазушылық тағдырымды тәрбиелеген, жетілдірген дос-жарандарыма, замандастарыма, еліме, ортаға ризамын!» деп еді бір жолы. Әкім аға (соңғы жолыққанымда) дауысы дірілдеп көзінде бір мөлдір от жалт еткендей болып еді. Жастық шағын, жалыны мол дәуренін сағынғаны әлде адал достарын аңсап босаған бір сәті ме екен? Кім білсін?! Құлын-тайдай бірге өскен Әкім ағаны қойып, анда-санда достыққа қалай адал болса, әдебиет дейтін киелі әлемнің арына да дақ қондырмай солай аяулы, ардақты ағаларымды мен де сағынамын...
Бүгін де міне...
«Могикандардың ақырындай» болған сол адал дәуірдің, күрескер дәуірдің ақырғы өкілі, абызбітімді асыл ағамызбен қоштасып отырып, менің де ішімде бір дауыс әнтек дірілдеді...
Жақсы жасадыңыз, Аға!
Алаштың ұлы жұрты аузынан тастамай, алдағы уақыттарда да өзімен бірге серік етер сөз өнерінің бай мұрасын қалдырып барасыз. Сіздің екінші өміріңіз – рухыңыздың халқымызбен бірге жасайтын өмірі басталды.
Сол өміріңізге мәңгілік тілеймін!
Бақұл болыңыз! Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қазақ әдебиетін өркендеткен Әкім аға
Қазақ әдебиетінің тағы бір классигі дүниеден өтті. Әкім Үртайұлы Таразисіз қазақ әдебиетін елестету мүмкін емес. Ол – қазақ әдебиетінің роман жанрына жаңа бағыт әкелген қаламгер. Жалпы, қара сөзде Әкім Таразидің жазу стилі басқаларға ұқсамайтын ерекше болатын. Сондықтан біз оны ұстазымыз санадық. Оның көркем көру көкжиегі өте кең еді. Кейіпкерлердің мінезін саралауда да ерекше биіктікке жеткен жазушы. Сонымен қатар Әкім аға қазақ киносына да көп еңбек сіңірді. Қазақ киносындағы қазақы сценарийлерді жазған – Әкім Тарази мен Қалихан Ысқақ. Екеуі бірігіп қаншама мықты сценарий жазған. Қазіргі қазақ фильмінің ең жақсы туындыларының сценарийлерін Әкім аға жазды десек артық емес. Әсіресе, «Мұстафа Шоқай» туралы кино сценарийі жоғары бағаға лайық, одан басқа да туындылар біздің көңілімізден шығып, қуанышқа бөлеген кездер болды. Өзі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, Кинематографиялық одағы басқармасының төрағасы болып қызмет істеді. Әкім ағамыз сол кезде қазақ руханиятының, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне, ұлттық киномыздың да қазақша сөйлеп, жақсы шығармаларымен әлемге танылуына көп үлес қосты. Сондықтан біз Әкім ағаны қазаққа өлшеусіз еңбек сіңірген ғұлама, абызымыз деп есептейміз. Мұндай адамдар ешқашан өлмейді, өйткені қазақтың қолына қалам ұстаған, көркем сөз жазған адамды өлді деп айтуға аузы бармайды.
Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
Әкім Тарази – өте терең психолог жазушы, кинодраматург
Кез келген мықты фильмнің қантамырында, негізінде ең алдымен ұлттық мүддеге қызмет ететін идея болатыны даусыз. Ал егер оны жеткізе алатын мықты іргетасы – сценарийі болмаса, ол идея сол күйінде қалар ма еді. Қазақтың көп фильмдерінің өміршеңдігінің де бір сыры осында іргетасы мықтап қаланған. Ол іргетасты қалаған да, идея генераторы болған да – ірі жазушылар мен драматургтер. Көрнекті жазушы, кинодраматург Әкім Тарази – сол ірі қаламгерлердің бірі әрі бірегейі.
Мәскеудегі Жоғарғы сценарлық курста оқып жүргенде (1960-1962) жазған «Жазира» сценарийімен қазақ киносының есігін айқара ашқан Әкім Тарази сол алпысыншы жылдардың өзінде «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы» атты үш бірдей классикалық фильмнің сценарийінің авторы болды. Осы аталған фильмдерде-ақ Әкім Тарази талантының теңіздей тереңдігі көрінген-ді. Ең бастысы, адам жанын терең түсінетін психолог-жазушы, киносценарист екенін дәлелдеді.
Әкім Таразидің еліміздің Тәуелсіздік алған соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақ киносына қосқан орасан зор еңбегі – белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанованың әңгімесі бойынша экрандалған «Қызжылаған» және «Мұстафа Шоқай» фильмдерінің сценарий авторларының бірі болды. Екі фильм де – қазақ тарихының ең бір қасіретті жылдары туралы түсірілген шығармалар екенімен көрермен жақсы таныс.
Әкім Тарази – ең алдымен, өте терең психолог жазушы, кинодраматург. Шығармаларындағы кейіпкерлердің бейнесі іс-әрекеті мен сөз арақатынасының ғажап дәлдігімен ерекшеленеді. Тіпті, кейіпкер үнсіздігінің немесе аз сөзге қаншама мағына сыйдыра алуының өзі кейде қызыл сөзден әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда түсініктірек. Бұл – жоғарыда аталған бес фильмнің кез келгенінен айқын көрінетін ерекшеліктердің бірі. Мысалы, «Қараш-Қараш оқиғасы» фильміндегі Жарасбайдың тілмәш Күшіковке «Торғайдың қырғиды тепкеніне таңғалып тұрмын» деп айтатын сөзі бар. Бір ғана сөйлем. Бірақ осы бір ғана ауыз сөздің астарында қаншама трагедия жатыр, Жарасбайдың өзегін өртеген өкініші пен күйініші бар. Бұған қоса, Күшіковтің түлкібұлаң болмысын, аярлық пен қулыққа тұнған ішкі әлемін сеземіз. Сөзбен өрілген нағыз кинематографиялық бейне дегеніміз осы ғой. Қазақ тілінің соншалықты кинематографиялық құдіреті бар екенін сценарий авторы осы бір ғана мысалмен-ақ дәлелдеген еді. Шын мәнінде, қазіргі кинематографистеріміз үшін хрестоматиялық үлгі деуімізге де болады. Бұл Әкім Үртайұлы Таразидің прозалық және драматургиялық шығармалары секілді, киносценарийлерін де келешекте егжей-тегжей зерттеудің қажет екенінің дәлелі болса керек.
Әкім Үртайұлының қазақ киносына қосқан орасан зор үлесі тек фильмдердің сценарий авторы болуымен ғана шектелмейді. Ол 1962-1970 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының редакциялық алқа мүшесі, бас редакторы бола жүріп, қазақ киносының «алтын қорына» енген талантты фильмдердің сценарийінен бастап, фильмдерді талқылау жұмыстарына белсене қатысты. Сондай-ақ 1970-1980 жылдары Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы болды.
Сонымен бірге еліміздің кинопедагогика саласының қайнаркөзінде болып, кинотеледраматургия мамандығының негізін қалады. 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) кинотеледраматургтер мамандығын ашып, алғашқы шәкірттерін қабылдады. 2010 жылдан бастап Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ кинодраматургтерді дайындады.
Қазақ әдебиеті мен өнеріне, руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Әкім Үртайұлы Тарази ағамыз өмірден озды. Соңында орасан рухани мұра қалдырған біртуар қаламгер өзінің өміршең шығармаларымен ел есінде мәңгі қалары даусыз.
Ұлт руханиятының алып бәйтерегі, ірі суреткер Әкім Тарази ағамыздың рухы пейіште шалқысын!
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, Күләш Байсейітова атындағы
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры
Қазақ әдебиетінің таңы Таразисіз атты
Бүгін міне, қазақ әдебиетінің таңы Таразисіз атты. Әдебиетіміздегі «Алпысыншы жылғылар» аталатын алыптар шоғырының соңғы шоқ жұлдызы жарқырай барып ғайыпқа сіңді. Алыс жолдан арып-ашып ауыр жүк арқалап келген алып қара нар шөкті, арғымақ қалам қаңтарылды.
Бір ғана размердегі аяқкиім тігетін «Етікші» деген ең алғашқы әңгімесіне қазақ әдебиетінің аңызы әйгілі Ғабит Мүсірепов: «Ее, Шудан да бір Шолохов шығады десеңші?! Әңгімеңді оқыдым. Жақсы. Бірақ баспаймын...» деген Тарази тұңғыш жазбасында-ақ Кеңес үкіметінің стандарттық санасын сынаудан бастаған еді.
Содан ары қарай «Құйрықты жұлдыз», «Шер», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза», «Москва – Баласаз» романдары мен повестері кесек-кесек сомдалған кейіпкерлерімен қалың оқырманға жол тарта берді. Сол кейіпкерлердің дені стандартты қоғамның стандартқа сыймайтын кейіпкерлері еді. Сол кейіпкерлердің ішкі үні шын мәніндегі адам табиғатының еркін аңсары, қазақтың қылбұрауда шыңғырған құлындауысы еді. Санаға салынған бұғауға қалай көндігіп, көндікпегендерге таңғала қарайтын кейіпкерлер еді. Сыртынан қарап отырып жаның ашиды. Құл болғанына қуанған саналы адамның енді қулығының қалай жетілгеніне оқырман ретінде өзің қайран қалардай кейіпкерлер еді.
Әдебиет әлемінде түрлі жазушылар болады. Бірақ құрыштан құйылғандай дәуірдің, уақыттың кейіпкерін сомдайтын суреткерлер көп болмайды. Сол аздың бірі – Тарази! Мың адамның бейнесінен мың адамның қасиетін бойына сіңірген бір адам жасап шыққандай шеберлік керек кейіпкер жасауға. Таразидің Кірпішбайы миллион адамның бейнесін бір өзіне сіңірген бір кейіпкер емес пе?!
Тарази шығармаларын зерделей оқыған адам, әсіресе Сәбет үкіметінің шек-қарынын ақтарып отырады. Ұңғыл-шұңғылын түгел кезеді. Адам санасына не арқылы, қандай өзгерістерді енгізгенін көзбен көріп отырғандай күй кешеді.
Халқының ауыр кезеңдерден өтіп жатқан тұсында қолына қалам алып, қазақтың күллі болмысын бойынан өткізе, жан дүниесіне тербете отырып қағазға түсіру қандай қиын?!
«Қазір қандай бақытты буын! Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді.
Бәріміздің көрген қорлығымыз бір, мұңымыз бір, көбінің әкесі ұсталып кеткен, көбінің әкесі соғыста, аналарымыз колхозға жұмыс істеп көздері құрттап кететінін де көрдім. Олар бізді аштықтан аман алып қалды. Сол бір күндерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақырыбын айту – мен үшін өте ауыр. Осының бәрін көрмесем менен Тарази деген жазушы шықпас еді!» – дейді қаламгер. Сөйте отырып жазды. «Ақбердінің ауласы», «Андрей» сынды әңгімелері тұтас дәуірдің картинасы ғана емес, ішкі ащы запыраны да болып ақтарылып түсті ғой.
Осы жолдарды қағазға түсіріп отырғанда Әкім Таразиді біршама зерттеген қаламгер Алпысбай Мұсаев аға қоңырау шалды. Ебіл-дебілі шығып жылап тұр. «Тоқсан жасап өмірден өтсе де, біз әлі арамыздан қандай жазушы аттанып бара жатқанын сезінгеніміз жоқ», – деді. Тап солай!
Сезген жанға Өзі бауырында туған Алатау аңырап қалды, Өзі бауырында өскен Қаратау қаңырап қалды, Өзін өмірінің соңына дейін тербеткен Сарыарқа сансырап, сыңси жылайды, Өзі өле сүйген күллі қазақ даласы күңіренді.
Өзіне сезілер, бәлкім сезілмес, мыңдаған оқырман кеудесінен әлі талай заман Тарази кейіпкерлері бас көтеріп авторын іздейді...
Бақұл бол, ұстаз! Қош бол, классик!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМ,
жазушы