Қаншама адамды қан қақсатып кететін «қаржы пирамидасымен» айналысып, оңай олжаға кенелетіндердің жыл өткен сайын азаятын түрі жоқ. Ал қара халықтың көзін ашу үшін қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан насихат жұмыстары жүргізіліп жатса да, оны елеп жатқан жан байқалмайды. Оңай ақшаға кенелгендерді көріп, ойы бұзылатындар бар.
Бір қызығы, бұрын қаржы пирамидасына тұтылғандар шу шығарып, бастапқы тұрған адамның үстінен шағымданып жататын. Ал, керісінше Назира Бибосынқызы ұсталғалы бері оның жақтастары көбейіп жатыр. Салымшылары оның босатылуын талап етуде. Олар «Назираға бостандық берілсін!», «Назира түрмеге емес, құрметке лайық!», «Назираны емес, әділетсіздікті қамайық!» деген ұранмен алдымен Астанаға, одан кейін Шымкент қаласына жиналды. Nazira Gold ұйымының салымшылары 13 сәуір күні Шымкент қаласындағы бір мейрамханаға жиналып, баспасөз мәслихатын өткізді. 300 адам қолына плакат ұстап, Назира Бибосынқызының ешкімді алдамағанын, адал жұмыс істеген кәсіпкер екенін алға тартты. Қорғаушысы Бауыржан Кішкенебаев Назираның кәсіпкер ретінде заңды тіркеліп, бір жылда қала бюджетіне 1 млрд 200 млн теңге салық төлегенін, 5 жерде сауда нүктесі болғанын айтады. Күдікті «Көтерме бағамен көп мөлшерде алтын алу үшін молынан қаржы керек болғандықтан, халықтан ақша жинап, түскен пайданың бір бөлшегін өздеріне беріп отырдым» деген жауап айтыпты. Жақтаушылардың айтуынша, дәл қазір Назираның өзі ғана емес, салымшылары түгел зардап шегіп отыр. Үйінен тінту кезінде табылған қомақты қаржы салымшыларының ақшасы, сондықтан оның босатылып шығуын, істі тоқтатуды сұрайды. Жалпы, Назираға бостандығы үшін 12 мың адам қол қойып, петиция жариялаған.
коллаж: Елдар ҚАБА
Баспасөз мәслихатынан байқағанымыздай, салымшыларының басым бөлігі қыз-келіншектер, ақ жаулықты аналар екені байқалады. Олардың біразы салған ақшалары туралы отбасының білмейтінін, көп бөлігі несие алып ұйымға құйғанын айтты. Бірі соңғы салған 6,5 миллион теңгесін ала алмағанын айтса, енді бірі жиналып тұрған 3,5 миллион теңгесіне қол жеткізе алмай қалған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, «Өзін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайынғы табыс алады деп уәде берген. Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Қылмыстық жолмен түскен табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған», – делінген.
Айта кетейік, жалпы бүгінде дәл осы «Назира голдке» салымшы болғандар ол туралы жаман пікір айтудан аулақ болып отыр. Дегенмен жоғарыдағы кейіпкерлеріміздің жағдайына қарасақ, агенттік сөзінің де жаны бар секілді. Назираның босатылуын талап етіп жүргендер қомақты қаржы салып, есесіне қомақты қаржы алып жағдайын түзегендер ме дерсіз. Ал «шықпа жаным шықпаның» кебін киіп, салған 500 мың теңгесіне де қол жеткізе алмай қалғандар қаншама?! Соңындағы осындай ең төменгі соманы салушылар өзінен жоғарыдағылардың «таяу күндері болып қалады, сәл күте тұрыңыздар» деп алдаусыратқанына сеніп, үміттеніп жүр.
Жуырда Шымкенттегі өңірлік коммуникациялар қызметінде Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері «Азаматтардың құқықтарын қорғау: қаржылық пирамидаларға қарсы күрес» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Департамент өкілдері бүгінде Nazira Gold атауымен әрекет еткен күмәнді ұйымға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын еске салды. «Бұл жағдай азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың әрі осындай алаяқ ұйымдардың әрекетіне қарсы дер кезінде әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді. Сондықтан әр азамат өз қаражатына жауапкершілікпен қарап, заңсыз ұйымдардың арбауына түспеуге тиіс. Уәде етілген табысқа емес, нақты дәлел мен сенімді ақпаратқа сүйену – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Соңғы нүктені құзырлы органдар қояры сөзсіз. Дегенмен зардап шеккен қара халық қашан ойланар екен деген ой мазалайды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы