Әлеуметтік бизнес деп – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, тұрақтылықты көздейтін және көпшілік назарынан тыс қалып жүрген маңызды түйткілдерді шешуге тырысатын кәсіпті айтамыз. Бұл – жүректен туған кәсіп, жанға жақын миссия. Мұндай кәсіпкерлер экономикалық өсімге ғана емес, адамзаттық құндылықтарға да үлес қосады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қоғамға бейімделіп, жұмыспен қамтылуын да елімізде тек әлеуметтік кәсіпкерлер жүзеге асыруда.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керектігін тапсырған болатын.
«Өкінішке қарай, дүниежүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар. Аталған дертке шалдыққан балалардың ата-аналары Астанаға барып, ем алуға мәжбүр. Үкімет пен әкімдерге осы мәселені шешуге дереу кірісуді тапсырамын. Әр облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған нысандар болуы керек», – деген Президент мәселенің өзектілігіне мән берген еді.
Бұл туралы жақында Мәжіліс депутаттары да үкіметке сауал жолдады. Деректерге сүйенсек, қазір елімізде 835 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Бірақ депутаттар бұл азаматтар пайда тауып отырған кәсіпкерлермен бірдей салық төлейтінін алға тартып мәселе көтерді.
Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония елдері мүгедектігі бар жандарды жұмысқа тұрғызу көрсеткіштерін 49%-дан асырған. Осы тәжірибеге сүйене отырып, депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етіп, басқа адамдардан бөлмей, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне және қосымша қаражат табуына мүмкіндік жасау қажет деп санайды.
Сондай-ақ олар сауалда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында салық кодексінің жаңа жобасына арнайы салық жеңілдіктерін қарастыру және заңда көрсетілген жеңілдіктің барлығын толыққанды жүзеге асуын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырған.
Осы орайда, қандай кәсіпкерлер «әлеуметтік» статусын иелене алатынына тоқталып көрелік. Осы салада менторлықпен айналысып жүрген Әсел Жылқыбаеваның сөзіне сүйенсек, әлеуметтік кәсіпкер болу үшін міндетті түрде жаңа кәсіп ашудың қажеті жоқ – кез келген бағытта жұмыс істейтін кәсіпкер, егер ол әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылса немесе сол бағытта жұмыс істеп жатса, осындай мәртебеге ие бола алады.
«Бүгінгі таңда әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне енудің бірнеше санаты бар: Бірінші санат – әлеуметтік әлсіз топтарға жұмыс орындарын ұсынатын ұйымдар. Бұл – ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға, көпбалалы аналарға, зейнет жасындағы азаматтарға және басқа да әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсететін кәсіпорындар. Екінші санат – әлеуметтік әлсіз топтағы адамдардың өнімдері мен қызметтерін нарыққа шығаруға көмек беретін кәсіпкерлер. Бұл – олардың өнімдерін сатуға, тұтынушылармен байланыс орнатуға жағдай жасайтын кәсіпкерлер. Үшінші санат – медико-реабилитациялық қызмет көрсететін ұйымдар. Мысалы, медициналық орталықтар, логопедиялық-дефектологиялық орталықтар, массаж кабинеттері – әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтағы балалармен жұмыс істейтіндер. Төртінші санат – ең кең тараған, ең ауқымды бағыт. Бұл – мәдени-ағартушылық қызметпен айналысатын ұйымдар: жазғы лагерьлер, музейлер, оқу орталықтары, мектептер, балабақшалар. Сонымен қатар инклюзивті білім беру бағытында, экологиялық ағарту саласында жұмыс істейтін жобалар да осы санатқа жатады», – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірқатар артықшылықтар қарастырылған. Жалпы саны он екіге жуық преференция жарияланған болса, соның ішінде қазіргі уақытта бес-алтауы белсенді түрде іске қосылған. Сондай-ақ Әсел Амангелдіқызы осы саладағы жеңілдіктерге тоқталып өтті.
«Біріншіден, бизнесіңізді дамытуға арналған гранттар бар – көлемі 5 миллион теңгеге дейін. Одан бөлек, «Даму» бағдарламасы арқылы берілетін төмен пайыздық мөлшерлемедегі несиелер – сомасы 20 миллион теңгеге дейінгі сомаға дейін. Кейбір гранттар кепілсіз берілсе, ал басқалары айналым қаражатын толықтыру немесе өндіріс көлемін арттыру мақсатында кепілдікті қажет етеді. Бұл ретте әр кәсіпкер өзінің нақты жобасына сай келетін қаржыландыру түрін таңдауы керек. Сондай-ақ кейбір өңірлерде әлеуметтік кәсіпкерлерге жалға берілетін орынжайлар төмен бағамен ұсынылады. Өкінішке қарай, Алматы облысында бұл жүйе әлі іске қосылмаған, себебі өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) иелігінде бос ғимараттар жоқ. Дегенмен басқа аймақтарда бұл бастама сәтті жүзеге асуда, яғни өзге өңірлердің әлеуметтік кәсіпкерлері осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алады», – дейді Ә.Жылқыбаева.
Сондай-ақ маман әлеуметтік кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен жаңа бастамалар жайлы сөз етті.
«Салық кодексі – бүгінгі күні қоғамда көп пікір тудырып отырған күрделі мәселенің бірі. Себебі бұған дейін бұл құжатта «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген түсінік мүлдем болмаған. Осыған байланысты әлеуметтік салаға қарастырылған кейбір жеңілдіктерді әлеуметтік кәсіпкерлер пайдалана алмай келді. Өйткені әлеуметтік сала мен әлеуметтік кәсіпкерлік – бағыттары ұқсас болғанымен, мазмұны мен мақсаты жағынан екі түрлі жүйе. Қазіргі таңда іске қосылған бастамалармен қатар, болашақта үзеге асырылатын жобалар да бар», – деген Әсел ханым алдағы уақытта іске қосылатын өнімнің қызметіне тоқталып өтті.
Оның айтуынша, бұл платформада әр әлеуметтік кәсіпкер өз өнімін немесе қызметін орналастырып, өзінің осы салада жұмыс істейтінін, қоғам үшін пайда әкеліп жатқанын көрсете алады. Сайт арқылы тұтынушылар олардың өнімін сатып алып, осылайша әлеуметтік бастамаларды қолдай алады.
Әмина МҰХАНБЕТ