Бұрын мопедтер елге велосипед сияқты тауар ретінде тасылды, енді «механикалық көлік құралына» теңестірілді. Сәуірдің басында мопедтерді тіркеу тәмамдалды. Тіркеліп үлгермегені тәркіленбек. Содан мопедті жалға беретін орындар жабыла бастады. Салада өзге де өзгерістер болып жатыр.
«Жол жүрісі туралы» заңына түзетулердің қабылданғанына жарты жыл өтті. «Кейбір заңнамалық актілерге жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңға Мемлекет басшысы 2024 жылғы 3 қазанда қол қойды.
Алайда оның кейбір бабы, соның ішінде мопедтерге қатыстысы тек 6 айдан кейін қолданысқа енгізіледі деп бекітілді. Құзырлы органдар, кәсіпкерлер және мопед иелеріне дайындалуы үшін берілген осы өтпелі кезең аяқталды, жаңа заң толыққанды күшіне еніп отыр. Автосарапшы Владимир Черкашин бұл өзгерістерді біраз жыл бұрын қолға алу қажет еді, «ештен кеш жақсы» деген.
Ол қарау тірлігі үшін автокөлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың мопедке ауысып алғанын, сөйтіп жолдағы тәртіпсіздігін ары қарай жалғастырғанын еске салды. Кесірлі тәжірибеге тоқтау салынбақ.
– Мопедшілер үнемі әлдеқайда асығады да жүреді. Жол қозғалысының өзге қатысушыларын жол-көлік оқиғасына арандатады. Тіпті, кептелісте тұрғанда араға килігіп, не машинаңды жырып, сызып тастайды, не айнаңды, шамыңды бұзып кетеді. Бұл қарекеттерінің «бейкүнәсі» ғана! Анонимділік жауапсыздық пен бассыздық туғызады. Нөмірлік белгісі болмағандықтан, бетін шлеммен жауып алғандықтан оның кім екенін де, кімге айып тағарыңды да білмейсің. Көшеде келе жатқанда, кейде «қай жерден мопед атып шығады» деп қорқасың. Енді «жолдардағы лаңкестікке» тосқауыл қойыла бастайды, – деді автосарапшы.
Ол Қазақстанда мопедшілерді автокөлік иелерімен теңестіргенін қоштайтынын жеткізді. Соның нәтижесінде жол жүрісінің барлық қатысушысының құқығы тең, демек, қоқаңдауы кем болады.
Сонымен, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап, елімізде мопедтерді тіркеусіз пайдалануға тыйым күшіне енді. Оларға кез келген көлік түрі қатарлы мемлекеттік тіркеудің нөмірлік белгісін алуға тура келеді. Нәтижесінде, автобазарлар мен салондарда нөмірлік белгісі бекітілген жаңа мопедтер сатыла бастады. Ресми түрде көлік құралына теңестірілгендіктен, мопедтерді міндетті түрде техникалық байқаудан өткізу қажет болады. Ендеше жүріп келе жатып, ортасынан опырылып, қақ бөлініп қалатыны немесе дөңгелегі ұшып кететіні азаюға тиіс.
Жауапсыздықты жаза түзей ме?
Мопедтердің үлкен бөлігі қалаларда тамақ, тауар, сәлемдеме жеткізу қызметіне тартылған. Сондықтан жеткізу сервистеріне өз курьерлері арасында тиісті түсініктеме жұмыстарын жүргізу жүктелді. Алматы қаласының Полиция департаментінің өкілі, полиция подполковнигі Сәкен Айнақұловтың айтуынша, жол қозғалысының толыққанды қатысушысы мәртебесін алған мопед жүргізушілері жауапкершіліктің де жүгін толық арқалайтын болады.
Өйткені С.Айнақұловтың айтуынша, мопедшілердің бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемейтіні, бағдаршамның жасыл көзіне немесе «зебрамен» өткен жаяу жүргіншілерге жол бермейтіні, оларды баса-көктей өтіп кетуге ұмтылатыны сияқты бұзушылықтар көп кездеседі екен. Мұның сыртында, дарылдаған қатты дыбысымен көшені басына көтеретін мопедтердің түнгі тыныштықты бұзатынына қатысты қала тұрғындарынан көп шағым түсетін көрінеді. Сондықтан бұл көлік иелері ары қарай мұндай бассыз тірліктерін тыйғаны жөн.
Полиция мопедтердің қатысумен болған жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) саны өскенін, бұл осы көлік түрінің жүргізушісіне ғана емес, жүргіншілерге, жол қозғалысының өзге қатысушыларына да салмақты қауіп төндіретінін ескертті. Сондықтан тәртіп сақшылары 6 сәуірден бері рейдтер мен профилактикалық шаралар ұйымдастырып, көше мен жолға шыққан мопедті тоқтатып, тиісті құжаттарының бар-жоқтығын тексеруге көшті.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, бір ғана Астанада сәуір айының 10 күнінде жол жүрісі қағидаларын бұзған 356 мопедші ұсталды. 81 мопед тәркіленіп, коммуналдық айып тұрағына қойылды. Көліктің бұл түрі ең көп саналатын Алматыда сәуір айының басынан бері, яғни қысқа уақыт ішінде жол қозғалысы ережелеріне бағынбаған 609 мопед жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Олар негізінен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 590-бабының 2-тармағына сәйкес, 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) айыппұл арқалады.
«Жол жүрісі қағидаларын ұстану, жолда мұқият болу, қауіпсіз ара-қашықтықты сақтау және қолайсыз ауа райы жағдайын ескере отырып жылдамдық режимін таңдау қажеттігін мопед жүргізушілерінің есіне саламыз!» – деді елордалық Полиция департаменті. Бұрын мопедшілер мұндай ескертуге құлақ аспайтын, жүре тыңдайтын. Бүгінде ескеруге мәжбүр, әйтпесе айыппұл арқалап, «темір тұлпарынан» айырылады.
– Биылғы 5 сәуірде «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, мопед ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Яғни, мопедтер көлемі 50 текше см-ге дейінгі іштен жану қозғалтқышымен немесе қуаты 4 кВт-қа дейінгі электрқозғалтқышымен жабдықталған көлік түріне жатады. Мопедтер міндетті түрде тіркелуге тиіс. Оның иесі де көлік жүргізушілеріне қойылатын талаптарға сай рәсімдерден өтуі қажет, – деді Астананың Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов.
5 сәуірден бастап мопедті заңды түрде басқару үшін адамда жүргізушінің А1 санатындағы құқығы болу керек. Егер А және В санаты бар болса, онымен де мопед айдай алады. Сонымен қатар басты үш құжаты – мопедті полиция органдарында тіркегені, техникалық байқаудан өткені туралы құжат және сақтандыру полисі талап етіледі.
Тіркеу азаматтың тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-да (автоцон) жүргізіледі. Ол үшін жеке куәлік, мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамасы қажет. Одан кейін өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Бұл талаптар барлық мопед иелері үшін міндетті.
Тәртіптің табыс кілті – түсіндіру
ІІМ мопедтерді міндетті тіркеу туралы тұрғындарды ақпараттандыру үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы репортаждар мен бейнероликтер таратылды. Олар сондай-ақ қалалардың көше-жол желісіндегі LED экрандарда, арнайы ХҚКО мен полиция басқармаларының ғимараттарында, сондай-ақ әлеуметтік желіде және үй чаттарында көрсетілді.
1414 call-орталығы арқылы жүздеген мың SMS-хабарлама жіберілген. Тіркеу алгоритмін түсіндіретін брошюралар әзірленіп, мопед сатылатын және жалға берілетін жерлерде таратылды. Шеринг компанияларына жалға берілетін мопедтерін тіркеу қажеттілігі туралы хабарламалар жіберіліп, олардың міндеттері түсіндірілді.
– Тіркеу бойынша оң үрдісті байқап отырмыз. Бірақ әлі де болса талаптарды білмейтін немесе тіркеуді кейінге қалдырып жүрген азаматтар жетерлік. Тіркеу міндетті екенін ескертеміз. Ол болмаған жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылған, – деді М.Төлешов. Оның айтуынша, Әкімшілік кодекске енгізілген жаңа өзгерістерге сай, тіркелмеген көлікті басқару, жүргізуші куәлігінің немесе сақтандыру полисінің болмауы – әкімшілік жауапкершілікке және айыппұлға, тіпті уақытша тәркілеуге соқтырады.
Осының алдында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха тіркелмеген мопедтің барлығы айыппұл тұрағына жолданатынын мәлімдеді. Мопед иесі өзінен талап етілетін барлық құжатына қол жеткізген соң ғана кері қайтарып, жолда еркін жүріп-тұра алады.
Қалай болғанда, мемлекет бұл қатаң шараларға мәжбүрліктен барды. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы да жол апаттарының саны күрт өскен. Қазақстандық жолдар, көшелер барған сайын қауіпті бола түсті. Кейінгі деректер, әсіресе қалаларда ұсақ соқтығыстан бастап, жантүршігерлік апаттарға дейінгі ЖКО санының тұрақты түрде өсіп бара жатқанын көрсетті. Оның себебі сан алуан: жүргізушілердің салғырттығы, жол жүрісі қағидаларын қасақана бұзуы, қолайсыз ауа райы, жолдар сапасы, автомобильдер санының ары қарай артуы.
Мысалы, 2024 жылы 31,6 мыңдай жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл 2023 жылғыдан екі есе көп! Осы жағдайдың өзі мемлекеттен пәрменді шаралар қабылдауды талап етеді. Сондай-ақ 2025 жылғы қаңтар-наурызда, бірінші тоқсанда ғана 6,3 мың жол апаты тіркелді. Бұл 2024 жылдың алғашқы үш айына қарағанда 1,5 еседен астамға жоғары!
Жолдардағы онсыз да нашарлаған ахуалды мопедтер ушықтыра түскен. Жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 103 ЖКО тіркелді. Тіркелмей қалғаны қаншама? 2024 жыл бойы мопедшілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 1,8 мыңнан асты. Ресми мәліметке сенсек, Қазақстанда жол апаттарының саны 2020 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келеді. Атап айтқанда, 2020 жылы – 13 515, 2021 жылы – 13 940, 2022 жылы – 14 834, 2023 жылы – 15 886, 2024 жылы – 31 567 жол-көлік оқиғасы болды.
Былтыр жалғыз Алматыда мопедтердің қатысуымен 1 081 ЖКО болып, салдарынан 1 100-дей адам зардап шеккен, 17 адам қаза тапқан. 2023 жылы қайғылы статистика көрсеткіштері төмендеу болған еді: 533 ЖКО, 535 адам зардап шекті, 16 адам мерт болды. Тиісінше, полиция қызметкерлерінің назар аударуынша, мопедтер қатысатын жол апаты екі есеге артып шыға келді.
Мопед саны жөнінен көш бастап тұрған Алматыда 3 мыңдай мопед айыппұл тұрағында жатқан көрінеді. Сәуір айының басында тыйым күшіне енгелі бүкіл ел бойынша 20 мыңдай мопед қана тіркеуге тұрыпты. Сонымен бірге, сарапшылардың бағалауынша, еліміздің ең ірі мегаполисінде ғана 50 мыңға дейін мопед пайдаланылады. Олай болса, осы салада «Заң мен тәртіпті» орнату үшін әлі де біраз уақыт, күш-жігер, тегеурінді тетіктер мен пәрменді қимылдар қажет болмақ.
Елдос СЕНБАЙ