Таяуда Алматы қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжінде Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Білім мен денсаулық – елдің кемел келешегі» атты білім көрмесі өтті.
Тәжірибе мен білімді ұштастырған  көрме
506
оқылды

Көрмеде Бостандық ауданы бойынша 50 жалпы білім беретін мектептен жиналған  оқушылардың түрлі пәнді қамтитын жобалары таныстырылды. Соның ішінде заманауи технологияға негізделген зерттеу жұмыстары, инновациялық және халықаралық бәйгелерде жүлдеге қол жеткізген креативті жобалары келушілер назарына ұсынылды. Онымен қоса, көрме алаңынан оқушылардың робототехника саласындағы жетістіктері мен жалпы білім беретін пәндер бойынша жасалған эксперименттерін көруге болады. Директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Айгүл Назарқызы көрменің негізгі мақсаты оқушылардың шығармашылығын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. 

– Биыл білім көрмесін екінші мәрте ұйымдастырып отырмыз. Көрмеге мектеп оқушыларынан өзге Ұлттық музейден келген қонақтар ата-бабамыздан үлгі-өнеге болып қалған түрлі экспонатты әкеліп қойды. Шынында, білім көрмесі – балаларды қолдауға, әр мектеп оқушыларының бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, шығармашылық идеяларын алмасуға арналған таптырмас алаң. Биылғы іс-шара 1-11-сынып аралығы бойынша жалпы білім беретін пәннің барлығын қамтыды. Мұнда мектеп оқушыларының ғылыми жобалары, шығармашылық жұмыстары қойылған. Сәтін салса, білім көрмесі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады деген үміттеміз, – деді А. Назарқызы.

Алаңда ерекше көзге түскен жобалардың бірі – қазақтың дәстүрлі ойын түрі асықтан жасалған көбейту кестесі. Ойын барысын түсіндіріп берген Айдар Әлижан қазір 2-сыныпта оқиды. «Асық – ұлттық ойынымыз болғандықтан, оны мен де ойнаймын. Көбейту кестесін құру алдында асықтарды ақ пен қара түске боядық, оны кептірдік», – дейді ол. Ал балалардың сынып жетекшісі Әсем Тоқанқызы ойынның рухани қазынамызды дәріптеп қана қоймай, оқушының логикалық ойлау жүйесі мен математикалық қабілетін арттыруға ықпал ететінін айтады. 

– Бұл ойын балаларға асықтар арқылы көбейту кестесін оңай жаттауға көмектеседі. Мұнда тоғыз дорба бар, әр дорбада көбейту кестесі жазылған асықтар салынған. Ал қандай көбейту кестесі екені ойын тақтасында нөмірленген. Біз бірінші асықты іздеп, оларға қажетті сандарды орналастырғаннан кейін ойын тақтасын жасадық. Балалар қоңырауды басу арқылы асықтармен көбейту кестесін құрып шығуға тиіс.  Бұл ойын балаларды ептілікке, ұшқырлыққа тәрбиелейді. Біз мектептің білім бағдарламасына шетелдік әдіс-тәсілдерді енгізсек те, ең алдымен, ұлттық құндылықтардың сақталуына мән беруіміз қажет, – деді Ә.Тоқанқызы.

Қазір әлемде инновациялық технологиялардың дамуынан өзге экологиялық та­қы­рыптар да күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Білім ошағында өткен көрме жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды да назардан тыс қалдырмапты. Солардың бірі алаңда қатарынан тізіле орналасқан үш бірдей жоба. Оның алғашқысы робототехника саласына негізделсе, кейінгі екеуі экологиялық тақырыптарға арналған. Ерекше атап өтетін жайт, мектеп оқушылары әзірлеген робототехника ойыны АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық додада жүлделі орынды қанжығаға байлап қайтқан. 

– Бірінші жоба Жапонияның дәстүрлі спорт түрі – сумо күресінің негізінде жасалған. Мұнда екі робот үш ракурста төбелеседі. Олар бір-бірін ойын шеңберінен шығарып тастауға тырысады. Робот Arduino бағдарламасымен жасалса, макет 3D принтерден шығарылды. Ал екінші жоба өзендерді қоқыстан тазартуға арналған. Біз дәл осы жобамыздың жұмыс істеу процесін прак­тикалық тұрғыда көрсетіп, бірнеше бай­қауға ұсындық. Екінші жобамыз – таулар­дан келетін жаңбыр, қар суын сүзгіден өткізуге арналған. Біз Шелек ауданындағы судың сапасыз екеніне көз жеткізудің нә­ти­жесінде осы жобамызды әзірлеп шы­ғардық. Дегенмен бұл құрылғыны қо­ғам­дық қолданысқа енгізу үшін қолдау мен қомақты қаражат қажет, – деді жоба же­­­текшісі.

Көрмені тамашалауға келген қонақтар мен мектеп оқушылары баланың ой-өрісін кеңейтуге септігін тигізетін мұндай іс-шаралар жыл сайын жалғасын тапса екен дейді. Өйткені білім көрмесі оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, шығармашылық қабілетін ұштап, мектеп қабырғасында алған білімін практикалық тұрғыда дамытуға көмектеседі.  Сон­дықтан мұндай танымдық іс-шараларды дәстүрге айналдыру білім мен тәрбиенің өзара байланысын нығайтудың тиімді жолы болмақ.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы