Осы орайда қоғамның белсенді мүшелері де Ассамблея қызметінің маңыздылығына тоқталып, Президенттің қатысуымен өткен жиын туралы пікір білдіруде. «AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын Ассамблея тұрақтылық пен бірліктің берік тұғырын қалыптастырып, өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып келеді деген пікірде.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың айнымас кепіліне айналған ерекше құрылымның маңызды межесі. Ассамблея ширек ғасырдан астам уақытта тұрақтылық пен бірліктің берік тұғырын қалыптастырып, өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып келеді.
Жуырда елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ассамблеяның ХХХІV сессиясы осы мерейлі дата аясында өтті. Бұл сессия еліміз үшін тағылымы мол, мазмұны терең басқосу болды. Президент өз сөзінде Ассамблеяның өткеніне баға беріп, болашағына бағдар көрсетті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея тек этностар арасындағы өзара татулықты емес, бүкіл қоғамды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық институт ретінде дамып келеді. Бұл – әр азаматтың еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін жауапкершілігін сезінуіне бастайтын жол.Ассамблея тарихы – Қазақстанның егемендік жылнамасымен тығыз байланысты. 1995 жылы Елбасының бастамасымен құрылған бұл құрылым 2007 жылы конституциялық мәртебе алып, елдегі этностардың құқығы мен мүддесін қорғау ісінде маңызды рөл атқаруда. Бүгінде Ассамблея ұсынысымен Парламент Сенатына бес депутаттың тағайындалуы – әрбір этнос өкілінің даусы естілетін қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
Сессия барысында Мемлекет басшысы еліміздің көпэтносты құрылымын әлсіздік емес, қайта стратегиялық артықшылық ретінде атап өтті. Бұл – Қазақстанның өзгелерден ерекшелігі, өзгеше құндылығы. Осы көптүрлілік бізді байытады, өрістетеді, дамуға жетелейді.
Биыл біз тағы бір айтулы оқиғаның алдында тұрмыз – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Президентіміз бұл датаның ел тарихындағы маңызын айрықша атап өтті. Жеңіс жолында күрескен батырларымыз бен тыл еңбеккерлерінің есімін ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз. Бұл ретте елді мекендердегі көшелерге жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттіліктің белгісі.Ассамблеяның алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыты да айқындалды. 2026-2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама әзірленіп, этносаралық саясаттың заманауи талаптарға сай дамуына жол ашатын жаңа тәсілдер ұсынылмақ. Бұл құжат еліміздегі барлық этностардың құқығын қорғауға бағытталған негізгі қағидаттарды қамтуы тиіс, – дейді "AMANAT" партиясының мүшесі.