Бүгін Астанада Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті.
«Бақ таласқанға емес, ынтымағы жарасқанға бұйырады» – Орал Шәріпбаев
Анар Қоныс
386
оқылды

Әртүрлі ұлт өкілі бас қосқан жиында халықаралық «Қазақ қоғамы» Абай облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Орал Шәріпбаев елдегі береке-бірлікті сақтай отырып, адал ұрпақ тәрбиелейтін кезеңге жеткенімізді сөз өтті.

– Бүгінгі 30 жылдық – Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен жолы. Өткеніңді саралап, келешекті бағалап, бағамдаудың өзінде үлкен тарих жатыр. Бірақ «бақ таласқанға емес, ынтымағы жарасқанға бұйырады» дегендей, береке-бірлік бізге бұйырған екен. Қасым-Жомарт Тоқаевтың  айтқанындай, біздің ынтымағымыз – Алланың берген сыйы. Енді осы береке-бірлікті сақтау үшін бәріміз жауаптымыз. Біз береке-бірлігімізді сақтасақ қана ел боламыз.

Мен медиацияның төрағасы болсам, Қасым-Жомарт Тоқаев – халықаралық медиатор. Ол – бүкіл елдер арасындағы тыныштық пен берекені сақтап жүрген азаматтың бірі. Сондықтан мына көрші елдердің барлығымен береке-татулықты  қалаймыз. «Өсетін ел – арманшыл, өшетін ел – жанжалшыл келеді» дейді. Әлемде болып жатқан жанжалдың бәрінен аман-есен өтіп, халықаралық арандатушылыққа түсіп қалмауымыз тиіс. Егер біздің арымыз таза болса, жүрегіміз таза болса, еліміз де таза болады. Сондықтан адал ұрпақ, саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана біз адал мемлекет бола аламыз. Дәл қазір біз адал ұрпақ тәрбиелейтін кезеңге жеттік,  – дейді Орал Шәріпбаев.