Жылы мезгіл басталғанда кенелер белсенді бола бастайды және қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Орманда, саябақта және саяжайда жүргенде сақтық шараларын сақтау өте маңызды.
Алматы облысы ТЖД кенеден қорғану жолдарын ұсынды:
1. Киім – бірінші қорғаныс. Ашық түсті, денені толығымен жабатын киім киіңіз: ұзын жеңді жейде, шалбар (шұлыққа салып кию керек), бас киім. Бұл шағу ықтималдығын азайтады және кенені байқауды жеңілдетеді.
2. Репелленттер қолданыңыз. Кенеге қарсы арнайы құралдарды ашық теріге және киімге жағыңыз (ДЭТА, перметрин және басқа белсенді заттар негізіндегі құралдар).
3. Биік шөп пен бұталардан аулақ болыңыз. Кенелер әдетте 1 метрге дейінгі биіктікте, шөптің және бұталардың ұштарында мекендейді.
4. Өзіңізді және жақындарыңызды тексеріңіз. Серуеннен кейін денеңізді мұқият қарап шығыңыз: құлақ арты, қолтық астары, бел, шат, тізе асты секілді жерлерді тексеріңіз.
5. Үй жануарларын қарап шығыңыз. Серуеннен кейін ит пен мысықтың жүнін тексеріңіз – кенелер олардың үстінде үйге енуі мүмкін.
6. Вакцинация – сенімді қорғаныс. Кене энцефалитіне қарсы вакцина эндемиялық аймақ тұрғындарына және белсенді туристерге ұсынылады. Вакцина жайлы емханаңыздан сұраңыз.
Кене шаққан жағдайда не істеу керек?
Кенені пинцетпен абайлап алып тастаңыз, оны жаншып жібермеңіз. Шаққан орынды антисептикпен өңдеңіз.
Дәрігерге көрініңіз және мүмкін болса, кенені талдауға тапсырыңыз.
2–3 апта бойы денсаулығыңызды бақылаңыз.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз – қарапайым ережелерді сақтау арқылы күрделі жағдайдың алдын алуға болады!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.