24 сәуір күні Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының кеңейтілген пленарлық отырысы өтті.
Ассамблея – тұрақтылық пен тыныштықтың символы
562
оқылды

«Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбымен өткен жиынға 1 600-ден астам адам қатысты. Өзінің сөйлеген сөзінде Президент басқосудың мән-маңызына айрықша тоқталып, ұйымның ел дамуына қосқан үлесін, алда атқарылатын мақсат-міндеттерін ерекше атап өтті.

Сөз басында Мемлекет бас­шы­сы құрылғанына 30 жыл тол­ған ҚХА-ның тарихына тоқ­та­лып, Ассамблеяның қоғам­да­ғы тұрақтылық пен келісімді ны­ғайтуға өлшеусіз үлес қос­қа­нын, еліміздегі бірлік пен тең­дік­тің, тұрақтылық пен ты­ныш­тықтың символына айналғанын айтты. Ұйымның этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде та­ныл­ғанын жоғары бағалап, со­ның арқасында Қазақстанда бей­бітшілік пен келісімнің қай­таланбас үлгісі қалыптас­қа­нын жеткізді.

«Елімізде соңғы жылдары ат­­қарылған ауқымды өзгеріс­тер­дің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа си­патына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңе­сі­нің ұсынысымен Президент та­­ғайындайды. Бұл қадам заң­на­малық деңгейде барлық эт­нос­тың мүддесін қорғау мүм­кін­­дігін едәуір арттырды. Оған қ­о­са, Қазақстан парламента­риз­мі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатаара­лық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді ны­­ғайту мәселелерімен айна­лы­сады. Қазір мемлекеттік ор­ган­дар түгел Ассамблея жұ­мы­сына атсалысады. Министр­­­ліктерден, об­лыс әкімдіктері мен барлық дең­гейдегі мәслихаттардан бас­тап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды.

Ассамблея қоғамдық ұйым­дар­мен және институттармен ты­ғыз байланыста жұмыс істеп, елі­міздің ішкі саясатын жүзеге асы­руға белсене атсалысып ке­леді. Осылайша, мемлекет пен қо­ғам арасында сындарлы әрі же­місті сұхбат, яғни диалог ор­на­туға ықпал етуде. Қазақстан хал­­қы Ассамблеясының 12 мү­шесі Ұлттық құрылтай құра­мын­да табысты еңбек етіп, ел­дік бас­тамаларға өз үлесін қо­сып жа­тыр», – деді Президент.

Оның айтуынша, ҚХА Хат­шы­лығы Президент Әкім­ші­лі­гі­нің дербес құрылымдық бөлімі са­налады. Барлық өңірде Дос­тық үйі бар. Онда мыңнан астам этн­омәдени бірлестіктер ор­на­лас­қан. Сондай-ақ облыс әкім­дік­терінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрыл­ған. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйым­дар­дың мақсаты – бір, бұл – аза­маттарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақ­са­қалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын ны­ғай­туға, жалпыұлттық құн­ды­лықтарды дәріптеуге атсалы­сып, ауқымды жұмыс жүргізуде. «Ас­самблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Сту­дент­тік Ассамблея, Жас ғалым­дар клубы, «Жаңа толқын» жо­ба­сы сияқты құрылымдар мың­­даған жастарымыз үшін на­­ғыз бірлік пен ынтымақ, отан­­­­­шылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне ай­нал­ды. Осы қозғалыстардың әр­қайсысы елімізде жаңа қо­ғам­дық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын наси­хат­тауға елеулі үлес қосып жа­тыр.

«Этносаралық түсініс­пеу­ші­лік­тердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этно­ме­диация институтына тоқтал­ғым келеді. Соңғы уақытта Ассамб­лея қызметіндегі сарап­шылық құрамның сапасы жаңа дең­гейге көтерілді. Ғылыми-са­рап­шылар кеңесі мен 42 Ассам­блея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қаты­нас­тар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр.

ҚХА мүшелері күн сайын көз­ге көрінбейтін, бірден нә­ти­же бермейтін, алайда ұзақ­мер­зімді, стратегиялық тұрғыдан тиім­ді, ауқымды жұмыс жүр­гі­зе­ді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мың­нан астам іс-шара ұйым­дас­тырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты.

Былтыр көктемгі су тас­қы­ны кезінде азаматтарымыз зар­дап шеккен жандарға көмек қо­лын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көр­сетті. Ассамблеяның «Жү­рек­тен жүрекке» жобасы ая­сын­да 12 мыңнан астам ерікті ортақ іс­ке жұмыла кірісті. Олар гума­ни­тарлық көмек пен жылу жи­нады. Қираған үйлерді қалпына кел­тіруге атсалысты. Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стра­те­гия­лық маңызы ерекше. Соның ай­қын дәлелі ретінде Ассамблея­ның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда та­ғайын­далды. «Бірлік» ұғымы қа­зіргі дүниежүзіндегі тұрақсыз жағ­дайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе біздің айналамыздағы кей­бір елдерде не болып жат­қа­нына бәріміз куә болып отыр­мыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент өз сөзінде Ассам­блеяның қоғамда кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеуге белсене атсалысып келе жатқанына тоқталды. Әр жыл­­дары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құ­рылғанын, алайда бүгінгі мерей­­­тойлық жиында Ассам­блея­ның қоғамды ортақ мақсатқа жұ­мыл­дыру мен ұлттық бірегей­лікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және ал­дағы уақытта да солай бо­лып қала беретінін атап өтті. 2022 жылы қабылданған Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын жаңа­лап, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындауға тап­сырма берді. Сонымен қатар бір­қатар маңызды міндеттерге қыс­қаша тоқталды. 

«Біріншіден, Ассамблея ай­мақ­тардағы жұмысты жандан­дыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ор­дасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қор­дай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассам­блея ашу керек. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек.

Екіншіден, ақпараттық кеңіс­тікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құры­лымына, әсіресе журналистер клубына қатысты кезек күттір­мейтін міндет. Салалық министр­лік, өңір әкімдері ҚХА журналис­тер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысы­ның бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностар­дың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн.

Үшіншіден, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұ­рыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақ­стан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда және басқа да қалаларда ұйымдастыру маңызды. Кейбір этномәдени бірлестіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс. Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары теа­тр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ой­лаймын», – деді Мемлекет бас­шысы.

Өзінің сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы жылдары еліміздің саяси-идео­логиялық келбеті түбегейлі өзгер­генін, экономикада жүйелі рефор­малар қолға алынғанын, ең бас­­ты­сы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастағанын атап өтті. Ес­кі­ліктің ізіне қайта түспеу үшін барлық жетістіктеріміз бен сәт­сіздіктерімізді таразы басына қойып зерделеп, ҚХА қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қарауға шақырды. Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стра­тегиялық штабқа айналуға тиіс.

«Этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген. Мемлекет азамат­тардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мем­лекеттік саясаттың басты ұстаны­мы. Біз популистік асығыс ше­шім­дерден бойымызды аулақ ұс­тай­мыз. Әрқашан нақты жағ­дайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең ал­ды­мен, мемлекеттік тілдің мәр­тебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты. Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тап­сырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыз­дық туғызғысы келетін, ел ішін­дегі жағдайды шиеленістіруге ұм­тылатын әрбір әрекетке тос­қауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлде­бір ұйымдардың ақшасы мен тап­сырмасына деструктивті әрекет­пен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз.

Күріш пен күрмекті, конструк­тивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этно­с­аралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген аран­датудың жолын кесіп келеміз, бұ­дан әрі де қатаң тосқауыл қоя­мыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйым­дарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айна­лысып жүргенін айтпасқа болмай­ды. Бұл – Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті мемле­кеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әре­кеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демо­кратияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демо­кратия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн», – деді ол.

Президенттің айтуынша, Қазақ­стан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны. Шетел­дегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Кезінде Қазақ­станға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауы­рына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақ­станның толыққанды адал азамат­тары. Олар мемлекетімізді дамы­туға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр.

«Қазақ жұрты егемендігін ал­ған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылды. Қазақ­станнан да көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралды. 

4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшті. Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөй­леп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азамат­тары, шетелде тұрып жатқан бар­лық отандасымыз – бәрі де бір үл­кен отбасы деуге болады. От­басы құндылықтарын нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын бола­шағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіс­пеншілік те отбасында қалып­тасады. Біз еліміздің әр шаңырағы, әр азаматы тойлайтын мерекеге құрметпен қарап, кеңінен дәріп­теуіміз керек. Міне, сондай нағыз халықтық мерекелердің бірі, бұл – Наурыз мейрамы. Биыл жаңа тұжырымдамаға сай біз Ұлыс­тың ұлы күнін ерекше атап өттік. Көк­темгі көңіл күй мен мыз­ғымас бірлік мерекесі елі­міздің әр айма­ғында тойланды. Осылайша, біз­дің қоғамда жасам­паз жаңа дәс­түрлер қалыптасып, орнығуда», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы әлемдік маңызы бар тарихи оқиға Ұлы Жеңіске 80 жыл туралы да тоқталып өтті. Республикалық ономастикалық комиссияға елді мекендердегі 500-ден астам кө­шеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы тапсырма бергені туралы, «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағ­зым, ұрпаққа үлгі» арнайы жоспа­ры  туралы айтты. Дүниежүзі се­нім дағдарысымен бетпе-бет кел­ген шақта Қазақстан БҰҰ Жар­ғысын қатаң ұстануды, Ұйым­­ды реформалауды дәйекті түр­де ұсынып келе жатқанын жет­кізді. Халықаралық қатынастар­дағы сенімсіздікті еңсеру үшін рухани дипломатиядан бөлек, ҚХА қызметімен ұштасып жатқан халықтық дипломатияның да мол әлеуетін пайдалану керек. 

«Қазір бүкіл әлемнің бола­шағы бұлыңғыр болып тұр. Осы алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Тағы бір мәселе. Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі по­пулистер мен саясаткерсымақ­тар бар. Ел мүддесіне қастық ой­лаған ондай адамдарға тұтас қоғам бо­лып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ.

Мен көп жағдайда «Бұл қиын­дық та артта қалады» деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бас­­тысы, барынша жинақы бо­лып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағ­дарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеу­лестік болуы керек. Әр істе те­мірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді», – деді Президент.

Қазақстан халқы Ассам­блеясы­ның 30 жылдығы – егемен­дік тарихындағы айтулы оқиға. Бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлты­мызды ұйыстыратын маңызды белеске айналмақ. Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Бейсенбі күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының кеңейтілген пленарлық отырысында мінбеге шығып сөз сөйлеген қай спикер­дің де мазмұнды тезисі осы болды. Жиын соңында Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА қызметіне еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.