24 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи сессиясы өтті. Іс-шарада Мемлекет басшысы Ассам­­блея­ның 30 жылдық жолын қорытындылап, оның еліміздің табысты дамуындағы стратегиялық рөлін атап өтті.
Ерлан Қошанов: Тұтастық пен ынтымақ – табысты болашақ кепілі
407
оқылды

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидасын іс жүзінде жүзеге асырған халқымыздың халықаралық бренді, бірегей қоғамдық келісім үлгі­сінің берік іргетасы болды. Президент  Ассамблеяның қоғамды топ­тасты­ру­дағы және ұлттық бірегейлікті ны­ғайтудағы рөлін толық ашып көрсете отырып, оны мемлекетті­гіміздің инс­титуционалдық тірегі, «бірлік пен тең­діктің, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символы» деп атады. Бұл берілген бағамен барша қазақстандық келіседі деп ойлаймын. 

Мемлекет басшысы тағы да қоға­мымыздың басты қағидаттары мен құндылықтарын айқын атап өтті. Ең алдымен, бұл – ешкімді ұлтына, тіліне немесе дініне қарап кемсітуге жол бермеу. Әрбір этнос өз ана тілін, мәде­ниеті мен дәстүрлерін еркін дамытуға құқылы. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізі. Елімізде баршаға тең мүмкіндік берілген, онда табысты болашақтың кепілі – әр азаматтың жауапкершілігі мен ортақ бірлігі. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы ел ішіндегі келісім мен ты­ныштықты бұзуға бағытталған аранда­тушылық әрекет пен жалған ақпарат тарату, конфессияаралық қатынастар мен тіл мәселесін саясиландыруға жол берілмейтіні жөнінде қатаң әрі берік ұстанымын білдірді. Президент елі­міздегі тұрақтылықты шайқалтқысы келетін кез келген арандатушылық әрекет, соның ішінде шетелден бас­қарылатын деструктивті әрекеттер заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын нақты айтты. Заң алдында бәрі тең. Қо­ғамда тәртіп пен заң үстемдігі қағи­даты барлық мемлекеттік орган тара­пынан мүлтіксіз орындалатын болады. Бұл ұстаным Парламент депутаттары қабылдайтын заңдардың бәрінде ай­қын және нақты көрініс табады. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының жасампаз қызметінің арқасында қа­зақ­стандық ұлттың көпэтностылығы сын-қатер емес, мықты бәсекелік ар­тықшылыққа айналды. ҚХА 130-дан астам этностың мәдениеті, тілі, дәс­түрі мен руханиятын сақтай отырып, оларды біртұтас, прогрессивті қоғамға біріктіре алды. Осындай мульти­мә­дениеттi әртүрлілік бүкіл қазақ­стан­дықтардың рухани байлығын артт­ы­рып, оларды татулықта, төзімділік пен достықта өмір сүруге үйретті. Пре­зидент айтқандай, бұл – жай ғана ұран емес, бұл – ел азаматтарының күнде­лікті өмір салтының мәні.

Мемлекет басшысы бұл саясаттың өмірде қалай іске асырылып жатқанын көрсететін бірқатар қарапайым мысал келтірді. Бұл — ұлттық театрлар, мұра­жайлар, БАҚ пен мәдени ұйым­дардың жұмысы. Ел тұрғындарының Наурыз, Масленица, Сабантой сияқты мере­келерді бірге атап өтуі. Қазақстан­дық­тардың түрлі саладағы — еңбек пен қоғамдық өмірдегі үлкен жетістіктері олардың ұлтына немесе діни сеніміне қарамастан жүзеге асуда. Сондай-ақ жастардың, еріктілердің, медиация құрылымдарының белсенді қызметі де атап өтілді. Мұның барлығы бірігіп, еліміздің ынтымағы мен тұтастығын қамтамасыз ететін тиімді жүйені қалыптастырып отыр.

Мемлекет басшысы еліміз­де­гі түрлі этностың дәстүрі, тілі мен әдет-ғұрыптарына деген шынайы құр­мет пен Қазақстанның халықара­лық аренадағы, әсіресе көрші мемле­кет­термен қарым-қатынасындағы ұста­нымдары арасында ұқсастық бар еке­­­нін атап өтті. Қазіргі геосаяси ­жағ­­­дайларды ескере отырып, Прези­денттің баяндамасы мен Қа­зақ­стан­ның этносаралық келісім тә­жі­рибесі шетелдік сарапшылар мен эли­та үшін бұрынғыдан да зор қызы­ғушылық тудыратыны анық деп ойлаймын.

Президент өз сөзінде Ассамблеяны одан әрі дамыту бойынша бірқатар міндет қойды. Бұл – Достық үйлерінің жұмысын күшейту, оларды азаматтар мен шетелдік қонақтарға танымал туристік бағыттар картасына енгізу. Мәдени жұмысты жандандыру және театр өнерінің фестивалін өткізу. Ассам­блея мүшелерінің «Таза Қа­зақстан» акциясына қатысуын кеңейту және Жұмысшы мамандықтары жы­лына арналған іс-шараларды жүзеге асыру. Мұның бәрі – қарапайым және баршаға түсінікті басымдықтар. ҚХА қоғамның дамуына үлес қосатын бел­сенді құры­лым екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Мемлекет басшысы «Бір ел – Бір мүдде» депутаттық тобының жұ­мы­сын да жоғары бағалады. Оның құ­рамы­на алты фракциядан 20 Мә­жіліс депута­ты кіреді. Олар Үкіметпен бірлесе отырып, заң шығару жұмыс­тары ар­қылы ұлтаралық келісімді қамтама­сыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.

Президент айтқандай, бейбіт­шілік пен тұрақтылық – ынтымақ пен дә­йекті еңбектің жемісі. Енді көпұлтты ортақ шаңырағымызда ке­лісім мен тәртіпті сақтау үшін мем­лекет пен азаматтардың күш-жігерін біріктіруді жалғастыру маңызды. Бұл бағытта де­путаттар еліміздің әл-ауқатын шы­нымен ойлайтын және оның дамуына нақты үлес қосуға ниетті барлық адам­мен бірлесе жұ­мыс істеуге әзір.