Олар «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық кеңестің көшпелі отырысын өткізіп, кеңес мүшелері жол құрылысы жүріп жатқан учаскелерді аралап, мердігерлердің уәждерін тыңдап, жұмыстардың сапасы мен мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауға алуды талап етті.
«Атырау өңіріндегі маңызды, өзекті сұрақтардың бірі – жол мәселесі. Бұл жиында «Қазавтожол» АҚ-ның жағдайына мониторинг жүргізу шеңберінде, сондай-ақ Атырау облысының тұрғындарынан «Доссор – Құлсары – Ақтау» республикалық автожолын орташа жөндеуге және «Атырау – Астрахань» автожолын қайта жаңартудың ағымдағы жағдайына қатысты түскен шағымдарды қарап, соның шешу жолдарын талқылау үшін жиналып отырмыз.
Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын, яғни 14 ақпан күні біз Кеңес отырысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есебін тыңдап, сол жиында осы салаға қатысты өзекті мәселелерді көтерген болатынбыз. Өзекті мәселелердің бірі – осы Атырау облысының республикалық және облыстық маңызы бар жолдары. Қалай десек те, өңірдегі жол мәселесі – ең өзекті тақырыптардың бірі. Адамдар жолдардың сапасына, жөндеу жұмыстарының қарқыны мен нәтижесіне шағымданып отыр. Біз осы жағдайды көзбен көру үшін келдік. Бұл – республикалық деңгейдегі проблемаға айналды, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
«ҚазАвтоЖол» АҚ қызметіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ тұрғындардың «Доссор – Құлсары – Ақтау» республикалық трассасының орташа жөндеу жұмыстары мен Атырау – Астрахань бағыты бойынша жүріп жатқан реконструкция жайлы шағымдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылған кеңес отырысында жол жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауы, мердігерлер тап болып отырған проблемалар да белгілі болды.
– Партияға деген сенім деңгейі халықтың көкейінде жүрген мәселелердің қаншалықты тиімді шешілетініне байланысты. Біз халыққа берген уәделерімізді орындауға міндеттіміз. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары тұрғындарға зиян келтірмеуге тиіс, әсіресе қалтасына салмақ салмауы қажет. Егер адамдар осындай жолдармен жүретін болса, олар тек дөңгелектерін емес, бүкіл көліктерін ауыстыруға мәжбүр болады, – деп атап өтті депутат Ерлан Саиров.
«ҚазАвтоЖол» АҚ аймақтық филиалының директоры Серік Керімқұловтың айтуынша, «Атырау – Астрахань» жолындағы жұмыстар толығымен жыл аяғына дейін аяқталады. «Былтыр тасқын су келді. Су әлі күнге дейін толық кетпеді. Сол себепті айналма жолдардағы жұмыстар тұрып қалды. Асфальт төсеуді бітірдік. Қазір қосымша бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін «Атырау – Астрахань» жолы 100 пайыз аяқталды деп айтқанымыз, тіке жолға асфальттың салынып, аяқталғаны. Айналма жолдар бойынша әлі жұмыстар бар. Аққыстау – Тұщықұдық жолының 17 шақырымында жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілуде. Аққыстаудың ішіндегі жол төрт жолақты болып өзгертілді. Жалпы, «Атырау – Астрахань» жолы бойынша қосымша бекіту жұмыстары биыл толықтай аяқталады» деді спикер.
Республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров бастаған топ жөндеу жүріп жатқан «Доссор – Құлсары» тасжолына да арнайы барды.
«ҚазАвтоЖол» АҚ төрағасының орынбасары Дархан Сақанов, өңірлік «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның филиалының директоры Серік Керімқұлов және Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аймақтағы республикалық маңыздағы күре жолдардың жол жөндеу жұмыстары барысымен таныстырып, ел көлемінде мәселесі талқыланып жатқан Доссор – Құлсары тасжолының қырылып, ашық қалған 8,5 шақырымын биыл 1 маусымға дейін аяқтауға уәде берді. Жалпы, аталған жол жабындысын жаңарту жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады деп күтілуде.
Аталған участоктың жол жөндеу жұмыстарына жауапты «Бірлікжолстрой» ЖШС басшысы Қанышбек Шахарбаевтың айтуынша, біріншіден, Ақтөбе облысынан келетін қиыршықтастың жеткізілуінің кідіруі, екіншіден, битум тапшылығы, үшіншіден, ауа райы қолайсыздығы жұмыстарды жоспарлы уақытында аяқтауға кедергі болған.
– Мердігерлер маусым айына дейін жасалған қателіктің бәрін жойып, тамызда толық жол жөндеу жұмыстарын аяқтайды. Әрине, жолды жөндеу қажет, бірақ халыққа қолайсыздық туындатпау керек. Өйткені өздеріңізге белгілі, көліктің дөңгелегі, арнайы құрылғылары бұзылатын болса, бұл халықтың қалтасына тиеді. Қандай жұмыс атқарсақ та, ең бастысы халықтың тыныштығын сақтауды және халыққа материалдық тұрғыда зиян келтірмеуді басты назарда ұстауымыз тиіс.
Енді осы жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға «AMANAT» партиясының бақылау бекеттері құрылатын болады. Атырау облыстық, Мақат аудандық мәслихатының депутаттары өздерінің тікелей бақылауына алады, – деді депутат Ерлан Саиров.
Еске сала кетелік, қазір республикалық маңыздағы «Атырау – РФ шекарасы (Астрахань бағыты)» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 132 шақырым болатын учаскесінде реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарызы есебінен мемлекеттік кепілдікпен қаржыландырылуда.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы