Цифрлы даму – уақыт талабы. Бүгінде әлем елдері технологиялық прогреске бейімделіп, цифрлық экономиканы жаңа белеске көтеріп жатыр.
Қайрат Балабиев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Жүйелі даму – жоспарлы жұмыстың нәтижесі
630
оқылды

Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Алайда цифрландыру тек жаңа мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар күрделі сынақтар мен тың міндеттер жүктейді. Еліміздің түрлі са­ла­­ларында цифрлық трансформация қалай жүріп жатыр? Жасанды интеллект, ақылды қалалар, АЭС, қаржы технологиялары – бұлардың бәрі ел болашағына қалай әсер етеді? Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевпен сұхбаттасқан едік.

– Қайрат Рахымұлы, бүгінде цифр­ландыру үрдісі мен жасанды интеллект әлемдік трендке айналып үлгерді. Осы тұрғыдан алғанда, цифр­лық технологиялар ел эконо­микасының жаңғыруына қанша­лық­ты серпін беріп отыр деп ойлайсыз?

– Цифрландыру жүйесі жалпы жұмысты жеңілдету үшін керек. Денсаулық сақтау саласында бұл адам денсаулығын қашықтықтан бақылауға, диагноз қоюды жыл­дам­датуға, дәрігерлік қателікке жол бермеуге, емдік препарат түр­лерін тездетіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Жалпы медицина мен фар­мацевтика, медициналық құрал-жабдықтар шығаруда жиі жаңалық ашатын мемлекеттерде цифрлан­дыру жүйесін күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып алған. Тура сол сияқты білім беру ісінде цифрландыру технологиясы жетістікке жеткізеді. Әлемде келе­шекте онлайн оқуға басымдық бе­ріліп, үйден шықпай-ақ білім алу­ға болатын жағдайлар жасауда. Оқушылар ауыр сөмке арқаламай, ата-аналар кітап, дәптер сатып ал­май, мұғалімдер журнал тасымай, тек бір планшет арқылы сабақ орын­дайтын, балалардың білімін бағалайтын болады. Елімізде элек­тронды оқулыққа он жыл бұрын қажетті қаражаты бөлініп, жүзеге асыру жоспарланған еді. Алайда қазір керек емес пәндер мен оқу­лықтар қатары бұрынғыдан да көбейіп кеткен. Білім беру ісі монополистердің мүддесіне жұмыс істемей, балалардың болашағы мен мүмкіндігін ойлау керек.

Қаржы нарығын цифрланды­ру – қолма-қол ақшамен есеп айы­рысуды тоқтатып, аударым тех­но­логиясын енгізу мен блокчейн. Бұл азаматтарға криптовалютаны иге­руге, түрлі қаржылық операция­ларды атқаруға әрі қорғауға, ал мем­лекеттік органдарға бизнес пен халықтың ақша айналымын он­лайн бақылауға мүмкіндік береді. Қазір онлайн-сауда, қашықтықтан жұмыс істеу әрі табыс табу, мобиль­ді банкинг пайдаланушылар көбе­йіп келеді. Бұл да сол қаржылық цифрландырудың бір бөлігі. 

Ғылымды цифрландыру – саладағы жаңалықтарды анықтау мен есептеулерді тездетіп іске асыруға, дүниенің түкпір-түкпі­ріндегі ғалымдармен автоматты режимде тәжірибе алмасуға жол ашады. Ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктер мен қолайлы жағдай жасалмақ. Мәліметтерді сақтау және өңдеу саласында ел мүддесін ілгерілету бір міндет болып тұр. Цифрландыру қағидаттарды заң­мен бекіту үшін Мемлекет бас­шы­сы Үкімет, сарапшылар, депу­тат­тар­ға салалық құжат әзірлеуді ұсын­ған еді. Осы уақытқа дейін Президенттің тікелей араласуымен БАӘ және АҚШ компанияларымен ынты­мақ­тастық орнатылған. Биыл Аста­нада Smart city жобасы енгізі­летіні жайында ақжолтай жаңалық есті­дік. Ғылымды дамыту мен қол­дан­балы зерттеулер жүр­гі­зу үшін қа­был­данып жатқан ша­ралар елі­­міздің бәсекеге қабілетін арттырады.

– Бұл технологияларды жүзеге асыру үшін еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі аса маңызды екенін білесіз. Дегенмен Қазақстанда АЭС салу бастамасына байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, бұл шешім ел болашағы үшін қаншалықты қажет?

– Алдағы төрт жылда 800-дей инвестициялық жобалар іске қосы­лып, мемлекеттің жаңа индус­трия­лық қалыбы жасалып, көлік-тран­зит әлеуеті күшейтілмекші. Бұл де­ген сөз – қай сала дамыса да электр энергиясына сұраныс арта түседі. Мысалы, өндіріс пен өнер­кәсіпті былай қойғанда, көлік, транзит, логистика жүретін жолдың бәрін жарықтандыру керек болады. Сарапшылар онсыз да 6 жылдан кейін энергия тапшылығының туын­дайтынын айтып дабыл қа­ғуда. Қазір тарифтің қымбаттығына шағымданып жатқан жұрт жетер­лік. Егер электр қуатын өндіру әле­уетін арттыратын болсақ, бі­ріншіден, энергетикалық тәуелді­лік­тен арылып, екіншіден, тариф­тің арзандауына қол жеткізіп, үшінші­ден, энергетикалық қауіп­сіздікті қамтамасыз ететін едік. Ол үшін біз­ге Ұлттық құрылтайда Прези­дент атап өткендей, бір емес, бір­неше АЭС керек.

Атом энергетикасының бүгінгі таңда маңыздылығы күннен-күнге айқындалып келеді. Өйткені АЭС атмосфераға аэрозоль қалдықтары мен парниктік газдың бөлінбей­тінімен ерекшеленеді. Меніңше, облыстарды географиялық орнына қарай үш аумаққа бөліп, үш АЭС салу керек. Бірақ сол аймақтардың сұранысын нақты есептеп, бәріне бірдей жететіндей қуатпен электр энергиясын өндіретін АЭС-пен оған керекті су қоймасын немесе жасанды көлдер салу керек. Мыса­лы, ең көп энерго блок АҚШ-та орналасқан. Олардың саны шама­мен 100-ге жуықтайды, ал Фран­цияда – 58. Әлемнің 31 елінде 440 реактор 370 ГВт энергия өндіріп жа­тыр. Оларда тіпті АЭС қалашық­тары бар. Экономикалық дамуға осынша көңіл бөлініп жатқанда, өн­дірістік аймақтарда ғылыми қа­ла­шықтардың болуы да құба-құп. 

Президент тапсырмасына сәй­кес, ядролық кластер құру мақса­тымен бұрынғы Семей полигоны аумағында «Балапан» сынақ алаңы мен атом көлі шахталық іске қосу қондырғылары жұмыс істеп тұр. Атом энергетикасы және энерге­тикалық технологиялар бағытында ғылыми зерттеулер әзірленеді, тер­моядролық синтез саласында іргелі қолдан­балы зерттеулер жүргізіледі, реак­торларда арналған мате­риал­дар мен плазмалық разрядтар сы­на­мадан өткізіледі. АЭС салуды қол­ға алған еліміз ядролық реак­тор­­лар­дың қалдықтарды қоршаған ортаға зиянсыз етудің жолдарын табады. Бұл жоба жүзеге асса, Қа­зақ­­стан ядролық кластер қалыптас­тырған мемлекет ретінде танылады. 

– Өңірлердің қажеттілігін өтеу­дегі АЭС-ның рөлін айтып өттіңіз. Ал елдің тұтас өркендеуінің кепілі болатын сол аймақтардың дамуы туралы не айтасыз? Осы жол­да кө­лік-логистика инфрақұры­лымының дамуы қаншалықты маңызды рөл атқарады?

– Аймақтарды әділетті дамы­ту – маңызды мәселе. Ел бойынша ауқымды әрі маңызды инфрақұры­лымдық жоба аясында Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз ар­қы­лы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын авто­көлік жолының құрылысы бастал­мақшы. Жаңа жол салынса, орта­лық пен батыстың арасын 560 ша­қырымға қысқаратынын естіген жұрт қуанып жатыр. Әсіресе, Тор­ғай өңірінің тамырына қан жүгіріп, жаңаша дамуына жол ашылады. Сол сияқты Арқалықтағы әуежай­ды қалпына келтіріп, жаңа аэро­вокзал салынатын болып жатыр. Мем­лекет басшысы бұл жобалар­дың көлік қатынастарын реттеуге, сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға серпін беретінін, машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агро­өнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз еместігін атап өтті. 

Машина жасау индустриясында Қытай озып барады. Десе де, сан­нан гөрі сапаға мән берген жөн. Германия, Жапония көліктерінің сыны кетпейді. Ал көлік кәсібін ке­йіннен бастаған Корея, Өзбек­станның өзі өкшелеп ізін басып келеді. Сондықтан Қазақстанға ер­тең ешкімнің сынына қалмай­тындай мінсіз машина құрастыру қажет. Ұлттық құрылтайда Мем­лекет басшысы Алматы қаласында және Қостанай облысында авто­көлік зауыттары ашылатынын атап өтті. Сонымен қатар «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өте­тін темір жол желісінің құры­лысы аяқталады. «Қызылжар – Мо­йынты» бағытында жаңа жоба басталады. 

Каспий теңізін тек бекіресін жеп, мұнай айдау үшін пайдалан­бай, Еуропаны жалғайтын тасы­мал­дау дәлізіне айналдыру керек. Әзірге тауар айналымы үшін Ақ­тауда Каспий теңізінің жағалауы­н­дағы контейнер хабының құрылы­сы аяқталуға таяу тұр. Сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық, ал Зайсан, Катонқарағай мен Кен­дірлі демалыс аймақтарында ішкі әуе­жай ашылады деп күтілуде. Пре­зидент еліміздің көлік жолдары же­лісін жақсартудың маңызды­лығына тоқталып, Каспий теңізінің ұлтанымен тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің Еуропа мен Азия арасында цифр­лық дәліз жасауға мүмкіндік бере­тінін алға тартты. 

Шекара маңындағы аудандарда тіршілік қайнап жатуға тиіс. Алайда айналадағы ауылдардан сол баяғы сүреңсіз көріністі байқайсыз. Сол­түстік пен Шығыс Қазақстан – мал мен егінге жайлы, сол сияқты ­ор­ман өсіруге де қолайлы, ауасы дауа, табиғаты тамаша шекаралас об­лыстар. «AMANAT» партиясы шека­ра маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабыл­дауды ұсынды. Осыған байланысты Президент Үкімет пен депутаттарға ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырып, шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтетінін, биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып жатқанын айтты. Соның арқасында бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есеге артып, транзиттік әлеуетін нығайтуға септігі тиеді. 

– Ұлттық экономиканың негізі саналатын ауыл шаруашылығының қазіргі ахуалына тоқталсақ. Бұл са­ланы цифрландыру неліктен ма­ңызды және оны толық жүзеге асы­руға не кедергі?

– Қаншама қиындықпен хал­қымыздың отырықшы өмірге бе­йімделгенін, колхоздастыру мен тың игерудің қалай жүргізілгенін тарихтан білеміз. Бүкіл өндіріс, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы бүкіл тауар өндірушілер біткеннің бәрі мемлекет бекіткен статис­ти­калық жоспарды орындау үшін 2-3 ауысымда жұмыс істеді. Нақты жос­парлы жұмыстың нәтижесінде бар­лық салада жүйелі даму қалып­тасты. Агроөнеркәсіп өнеркәсіп саласы дамыған елдерде мемлекет ішкі-сыртқы нарыққа қажетті өнім өндіру үшін арнайы жоспар құрып, орындалуын бақылауда ұстап, жүйелі жұмыс істейді. Ең бастысы, жүйелі даму үшін жоспарлы жұмыс істеуді бақылау әрі орындау керек. Сонда салаға салған қаржының да қайтарымы, жұмыстың да нәти­жесі көрінеді. Ал бізде қаржылай қолдау бар да, айтарлықтай даму бай­қал­майды. Себебі жүйе дұрыс жұмыс істемей келді. Осыған дейін Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге де мән беріп, Қазақ­стан­ның әлеуеті зор ауыл шаруа­шы­­лы­ғын тиімді пайдалануға ша­қырған еді. Саланы реформалап, «Ауыл» банкін ашып, қалаған адам­­­ның шаруашылықпен айна­лысуына мүмкіндік беру керек. Се­бебі ауыл­дарда бұл іспен айна­лысқысы ке­летіндер жетіп арты­ла­ды. Осы уақытқа дейін агроөнер­кә­сіпке агрокорпорациялар мен қаржылық ұйымдар арқылы беріл­ген қолдау қаржы ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетпеді. 

Терең өңдеу ісіне бетбұрыс жасалса, Қазақстанда жасалмаған өнім қалмас еді. Бізде шығын мен қалдық көп. Қытайда тіпті кепті­ріл­ген мандариннің қабығы қым­бат тұрады. Ал бізде барлық жеміс­тің қабығы қоқыста жатады. Неге оны малға жем немесе егінге ты­ңайтқыш ретінде пайдаланбасқа? Қазір жер тапшылық етіп жатыр. Осыған байланысты «көрпеге қарай көсілетін» тәсілдермен өнім өндіруге көшу керек. Жер көлемі аз елдерде бақша өнімдерін өсіруді мұнаралы гидропоника техноло­гиясына жаппай көшіруде. Сон­дай-ақ мал жайылымын да ауыс­палы жайылымға ауыстыруда. Ке­зінде қазақ шопандары мал тұқы­мын асылдандырумен айна­лысып, жетістікке жеткен. Қазір пәлен жылдан бері шетелден асыл­тұқымды малды қыруар қаржыға сатып алып жатырмыз. Сонда да асылданып кеткен малды көрмей келеміз. Бос шығын мен бос жүрісті доғарып, ақбас ангус сиырлар мен өзге де ұсақ малдың тұқымын өзі­мізде асылдандыруды жаппай қол­ға алу қажет. Селекциялық бағытты кү­шейтіп, мал шаруашылығын жос­парлы дамытуға кірісу керек. Қазір әркім өз бетінше әрекет етіп жүр. Салдарынан ішкі нарық жа­йына қалып, артығырақ пұл үшін көрші елдерге табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой экспорт­талып, ет бағасы аспандап кетті. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ДҮЙСЕН