Соғыс жылдарында Украина, Польша, Венгрия, Аустралия даласында жанкештілікпен жауға қарсы қызмет атқарған. Ардагер былтыр қазан айында 100-ге толды. Ғасыр жасаған қария әлі де тың. Облыстың барлық қоғамдық өміріне араласып, жастарға ерлік сабақтарын өткізіп жүр. Ардагердің жады да мықты. Соғыс жылдарындағы әр оқиғаны күні кешегідей біледі.
Вениамин Скаленко 1924 жылы Бөрлі ауданында дүниеге келген. Бозбала шағынан ерте еңбекке араласып, шөп шабу жұмыстарына тартылыпты. Бозбаланың жасы 18-ге толмай жатып сол пішен даласынан соғысқа аттанып кеткен.
– Мен соғыс туралы алғаш хабарды сол пішен орып жүріп бригадирден естідім. Өз еркіммен сұранып, соғысқа аттандым. Өте жас болдым ғой. Анам шығарып салып тұрып «Бізді ұятқа қалдырма, жауды аяма, алға шығып кетпе, артта да қалма» деп батасын беріп еді, – деп есіне алады қария сол күнді.
Соғыс сол кездегі ұрпақты ерте есейтіп жіберді. Жасы 15-16-дағы бозбалалар ерте ересек өмірге араласып кетті. Соғысқа аттанды, елде қалғандары тылда еңбек етті.
Біздің кейіпкеріміз 98-і гвардиялық әуе десантшылары қатарында болып Олонец, Венгрияның Варпалота қаласын, Будапешт, Аустрияның астанасы Венаны, Чехословакияның қалаларын жаудан азат етуге атсалысқан. Атқыштар дивизиясы қатарында десантшы болып ерлік көрсеткен Вениамин Скаленко «Ерлігі үшін» медалін алған. Ардагер өмірінде көп награда алған адам. Бірақ ең ыстығы Германия түбінде жеңісті жариялағаннан кейінгі алған медалі еді.
Жеңіске 9 мамыр күні қол жеткізгенімен, 98-атқыштар дивизиясы үшін соғыс 12 мамыр күні аяқталған.
– Біз үшін соғыс 12 мамыр күні аяқталды. 9 мамырды біз естідік. Бірақ біздің атқыштар дивизиясы ол кезде әлі жаумен алысып жатқан кезіміз еді. Шындығында, біз үшін жеңіс 12 мамыр күні Чехословакияны азат еткеннен кейін ғана жарияланды. Біз сол күні соғыс аяқталды деп қуандық, – деп есіне алады ҰОС-ның ардагері Вениамин Скаленко.
Венамин Скаленко елге тек 1947 жылы келген. Сол жылы жары Ксения Скаленконы жолықтырып, екеуі шаңырақ көтереді. Отбасында бір қыз, бір ұл тәрбиелеген. Қазір немере- шөберенің қызығын қызықтап отыр.
– Менің жалғыз ғана тілегім бар. Кейінгі ұрпақ соғыс көрмесін. Мен үнемі айтамын, жастар оқып білім алса екен, ізденсе екен деймін. Біз бәріміз де бір ананың ұрпағымыз. Бізді көтеріп жүрген – Жер-Ана. Ұлт пен жынысқа қарамай, осы Жер-Ананың келешегі үшін еңбек ете беруіміз керек. Жер-Ана енді соғыстың дүмпуін естімесін деймін. Басқа тілегім жоқ, – дейді бізбен тілдескен қария.
Вениамин Скаленко мен жары Ксения екеуі Орал қаласында тұрады. Ақсақал 100 жаста, ал жары Ксения анамыз – 95 жаста. Екеуі жастармен жиі кездеседі, қоғам өміріне белсенді араласады.
Ардагердің жары Ксения Скаленко Украинадан көшіп келген. Ол тылда көп жыл еңбек еткен. Жастайынан еңбекке араласқан Ксения Скаленко «ол күндерді еске алу да ауыр» дейді.
– Соғыс дүрбелеңі тимеген отбасы жоқ шығар. Біздің буын, бізден кейінгі буын да соғыстың зардабын тарттық. Әкемді жастай соғысқа алып кетті. Анамызбен өзіміз қалдық. Біз сол жауынгерлерге арнап киім тоқитынбыз. Пішенге шығатынбыз, орақ оруға отырғызатын еді. Сиыр саудық, ешкі де саудық. Біз не істемедік. Бізді сол кезде үлкендер соғыста жүрген жауынгерлерге арнап киім тігіп жатырмыз, олар елді жаудан азат етуге кетті» деп жұбатып жұмсайтын еді. Сол сөз бізге дем беретін еді. Тынбай еңбек еттік. Қазір, міне 95-ке келдім. Немере-шөбере сүйіп отырмын. Соларды күтіп аламын, шығарып саламын. Аталарыңның күтімін қараймын. Мен оны қатты еркелетемін. Дәмді тамақ дайындап беремін. Ол менің өмірдегі жалғыз тірегім ғой,– дейді соғыс ардагерінің жары Ксения Скаленко.
Ксения анамыз да тың, үйдегі бар шаруаны өзі істейді. Екі қария да ұзақ жасаудың әрі әдемі қартаюдың құпиясын айтты.
– Біз қол еңбегін жасаған буынбыз ғой, сүйегіміз қатты, денеміз шыныққан. Соның арқасы шығар, әлі шауып жүрміз, – деп күледі қос қария.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ардагердің үйіне баратын қонақ қарасы да көбейеді. Солардың бәрін Ксения анамыз өзі күтіп алып, өзі шығарып салады.
Жеңіс күні соғыс ардагерлері үшін ерекше мейрам. Олар бір-бірін іздеп, осы күні көрісіп, мәре-сәре болатын кез.
– Мен Жеңіс күнінде, басқа мерекелерде де соғыс ардагерлерін түгел аралап шығамын. Құттықтаймын. Амандасып, хал сұрасып көңіл бөлемін. Қазір бізге көңілден басқа ештеңе керек емес қой, – дейді соғыс ардагері Вениамин Скаленко.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы елімізде кең көлемде атап өтіледі. БҚО-да қазір тек сегіз ардагер қалған. Ардагерлердің бәрі де 5 млн теңгелік бірреттік әлеуметтік көмекті толық алып болды. Облыста Жеңістің 80 жылдығына дайындық қызу жүріп жатыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы