Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Мүмкіндігі шектеулі жанға демеу бар
317
оқылды

Қарағанды облысында бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен қатар, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар елеулі үлес қосып отыр. Мәселен, мүгедек балаларды оңалту мақсатында ұйымдар өкілдері жан-жақты әдіс-тәсілдерді, технологияларды ұсынып отыр.

Облыста иппотерапия жобасы­на ерекше көңіл бөлініп отыр. 20 ма­мырдан бастап Теміртаудағы эт­ноауыл базасында атқа міну са­бақ­тары басталады. Ал Балқаш пен Қа­рағанды қалаларында бұл жо­ба­лар бір ай шамасында іске қо­сы­ла­ды.

Жалпы, биыл облыста 18 жас­тан асқан психоневрологиялық нау­қастарға күндізгі стационар ашылады. Қазір жұмыс істеп тұрған күн­дізгі стационар арнайы әлеу­мет­тік қызмет көрсету орта­лы­ғы­ның базасында орналасқан. Ста­цио­нар 12 орынға шақталған. Ал тағы да 20 орын қажет. Ескі базаны кеңейту мүмкін болмағандықтан, жаңасын ашу туралы шешім қабыл­дан­ды. Жаңа нысан бойынша құ­жат­тар дайындалып, оны жыл соңына дейін іске қосу жоспар­ла­нып отыр.

«Батыл жүрек» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Ок­са­на Югайдың айтуынша, ақыл-есі бұзылған балаларға жеке мектеп ашу қажет. Қазір облыста бұл мәсе­ле­ні шешу бойынша екі нұсқа қа­рас­тырылып отыр. Білім басқар­ма­сы­ның басшысы Гүлбақыт Жү­ні­сова­ның сөзіне сүйенсек, жа­қын уақытта осы екі шешімнің бірі таңдалады.

– Бұл мәселе бойынша №1 мек­­теп-интернат базасында төрт ар­­найы сынып ашу немесе При­шах­­тинскіде №4 мектеп-интернат ба­засында толыққанды мектеп ұйымдастыру қаралып отыр. Сон­дай-ақ биыл Бұқар жырау ау­да­нында түзету кабинеті, Теміртауда ерек­­ше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін екі ка­бинет ашылады, – дейді Гүлба­қыт Жүнісова.

Мүгедек балаларды спортқа бейім­деу мақсатында биыл Қара­ған­ды, Шахтинск қалалары мен Абай, Қарқаралы аудандарында 45 бейім­делген спорт алаңы орнаты­ла­ды. Былтыр небәрі екі бейім­дел­ген спорт алаңы қойылған еді. Ал «Лучик надежды» қорының жетек­ші­сі Татьяна Кравченконың ай­туын­ша, спорттық сабақтар тізімін кеңейту қажет.

– Үлкен шығынды қажет ет­пей­тін қолжетімді спорт түрлері бар. Мы­салы, асық ату, бес асық жә­не бас­қа да үстел ойындары. Бұл ерек­ше балаларға ұлттық спорт түр­ле­рі­мен айналысуға мүмкіндік бе­ре­ді, – дейді қор басшысы.

Облыста спорт секцияларына қа­тысатын балаларды көбейту бойын­­ша жұмыс жүріп жатыр. Яғ­ни, мемлекеттік тапсырыс ая­сын­­да жүзу, жеңіл атлетика, үстел тен­нисі, дойбы, шахмат, футбол, ролик тебу, бочча, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлері бойынша қо­сымша 433 баланы тарту жос­пары бар.

Сонымен қатар мүгедек жасөс­пі­рімдерді жұмыспен қамту мәсе­лесі аймақтағы атқарушы орган­дар­дың күн тәртібіндегі мәсе­ле­­лердің бірі. Бұл тұрғыдан келгенде жұмыс берушілердің белсенділігі қажет. Себебі көбіне олар мүгедектерді жұ­мысқа алудан бас тартады. Сон­дықтан қоғамдық ұйымдар бала­лар­дың тәжірибе жинауы үшін тран­зиттік жұмысқа орналасатын бейімделу алаңдарын құруды ұсы­нып отыр. 

Сонымен қатар облыста өңір тұр­­ғындарын мүгедектігі бар адам­дар­мен қарым-қатынас құруға үй­рететін дәрістер өткізілмек. Яғни, курс тыңдаушылары ерекше қа­жет­тіліктері бар адамдармен се­зімде-рін қорламай, әдепті қа­рым-қаты­нас құра отырып сөйле­су­ді үй­­­ре­неді. Бұл курсты Ten Qogam мү­гедектігі бар адамдарды әлеу­­мет­тік бейімдеу орталығы қол­ға алды.

– Курстың негізгі мақсаты – ерек­ше қажеттіліктері бар адам­дар­мен әдепті қарым-қатынас жасауға үй­рету. Бізде кейбір адамдар, мы­са­лы, арбадағы адамға көмектескісі ке­ліп, арбаны, шынтақ астын және та­ғы басқа жерлерінен ұстап, бір­ден итере бастайды. Бірақ мүге­дек­тер арбасы – бұл жай ғана қозғалыс құ­ралы емес, адамның ажырамас бө­лігі, қажеттілік. Сондықтан ең дұ­рысы – жақындап келіп: «Сізге кө­мек керек пе?» деп сұраған жөн. Егер адам шынымен де оған мұқтаж бол­са, көмектескен қажет, – дейді ор­та­лық жетекшісі Нияз Сүнде­тә­лиев.

Курс бір жарым сағатқа есеп­­­тел­­ген. Тоқсанына бір рет өтеді. Осы уақыт ішінде тыңдаушылар ар­­­бамен жүретін, зағип, нашар ес­титін және саңырау адамдармен, сон­дай-ақ психикасы бұзылған адам­дармен сөйлесу, көмектесу жол­дарын меңгереді.

Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адам­дардың біліктілігін көтеру, бі­лі­мін жетілдіру бойынша жұмыстар жал­­­ғаса бермек. Мәселен, қазір об­лыс орталығында «1С бағдарла­ма­­шы» мамандығын оқыту курс­та­ры­на мүгедектігі бар адамдарды жә­­не оларға күтім жасайтын аза­мат­­тардың өтінішін қабылдау ж­үріп жатыр. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы