Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде Философия және саясаттану фа­культеті философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD, белгілі журналист, фото­журналист Досжан Балабекұлының «Ала­тауды аралағанда...» фотоальбомының тұ­сау­кесері өтті. Кітап «Дарын» баспасынан жа­рық көрді.
Деректі фотоальбом жарық көрді
507
оқылды

Бұл туындыға автор Досжан Балабекұлының 12 жылдан аса түсірген фотосуреттері еніп отыр. Қазақ тіршілігі дала табиғатымен де, тау табиғатымен де үндесіп жатыр. Оны қыс қыстауындағы, жаз жай­лауындағы тіршілікпен байланыстырсақ та болады. Қазақ дүниетанымында таудың орны ерекше болған. Досжан Балабекұлы соны фотография тілімен сурет­тейді. Автордың айтуынша, бұл жоба осыдан 8 жыл бұрын «Айқын» газетінде жұмыс істеп жүрген кезде пайда болған. Марқұм журналист Жолдасбек Дуанабай кітаптың атауын да өзі ұсынып кеткен екен. 

– «Алатауды аралағанда...» деп аталатын бұл фотоальбомның негізінде құндылық ретіндегі ақ­параттық эстетикалық таным көрініс табады. Таби­ғаттағы әсемдікті шындық, өнер, ғылым тұрғысынан сипаттауда осы еңбекті назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өйткені бұл географиялық фотодеректерден тұратын фотосуреттер оқырман танымын кеңейтіп, әсемдікке, жаратылысқа деген сұлулықты түсініп, оны қорғауға үндейді. Бұл еңбек жылдар бойы Алматы мен Жетісу облыстарының таулы аймақтарында болған сапарлардан жиналған фотосуреттерді құрайды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау», Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазавиаорманқорғау» мекемелерінің ұйымдастыруымен өткізген аэровизуал бақылаулар мен National Geographic Qazaqstan журналы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жүргізген фотоэкспедицияларынан эксклюзив фотосуреттер де еніп отыр», – деп таныстырды кітабын автор Досжан Балабекұлы.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған философия кафе­драсының меңгерушісі Әсет Құранбек фотография мен философияның өзара байланысын айта келе, кітаптың мазмұнына ерекше тоқталды.

– Автор осы жинағын әзірлеу үшін түрлі экс­педицияға аттанды. Іле, Күнгей, Теріскей, Жетісу, Талас Алатауынан бастап Алтай тауларына дейінгі аралықтағы таулы аймақтың бейнесін фотоға түсірді. Фотолар тек көркемдік тұрғыдан емес, ақпараттық, деректік мәнісімен де маңызды. Өйткені бірқатар фотосы әлі де біз үшін жұмбақ, ешқандай медиаалаңдардан көрмеген таулы мұздықтар мен мореналық көлдерді көрсетеді. Сонымен қатар автор осы арқылы мұздықтардың еруі, су ресурстары мәселелеріне назар аудартқысы да келеді. Досжан Балабекұлының магистрлік тақырыбы медиакеңістіктегі ұлттық жағрафия болса, докторлық диссертациясы ақпараттық кеңістіктің әлеуметтік-философиялық мәселелеріне талдау жасайды. Жас ғалымның бұл жолғы шығармашылық ізденісі де осы ғылыми жолды тағы жалғастырады, – деп атап өтті. 

Автор болашақта табиғаттың басқа да әртүрлі құбылысына арналған жаңа фотожобалар әзірлеуді жоспарлап отыр.

Мейір ЖАСЫН