Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында елімізде еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білікті кадрларды дәріптеу, нарыққа қажет мамандарды насихаттау бағытында біршама жұмыс атқарылып жатыр.
Еңбек адамының еңсесі биік пе?
728
оқылды

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің мәліме­тін­ше, қазіргі таңда Ұлттық кәсіби клас­сификаторда (ҰКК) 1274 ма­ман­дық тобы және 12 185 маман­дық пен қызмет түрі тіркелген екен.

Ұлттық статистика бюросы был­тыр елімізде еңбекке қабілетті шамамен 9,6 млн адам бар деген статистика ұсынды. Соның ішінде қазіргі уақытта 2 млн 300 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Олар – негізінен экономиканың өндірістік қуатын арттырушы басты күш. Сондықтан олардың заманауи еңбек дағды­лар­ын, кәсіби біліктілігі мен ин­тел­лектуалдық әлеуеттін, цифр­лық сауаттылықты және жеке құ­зыр­еттілік деңгейін үздіксіз жет­­іл­діріп отыру заман талабы сана­лады. Бұл алдымен елдегі адам капиталын дамыту, еңбек өнімділігінің сапасын арттыру үшін қажет

Ал еңбек өнімділігінің артуы үшін мемлекет еңбек адамының әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру сапасының жақсаруы бағытында да бірқатар әлеуметтік жобаны жүзе­ге асырып жатыр. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­тр­лігінің мәліметінше, 2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік мін­деттемелерді орындау үшін 6 трлн 108 млрд теңгеден астам қаржы көзделген, алушылар саны – ша­ма­мен 5 миллионға жуық адам. Республикалық бюджеттен бөлі­не­тін бұл қаржы 42 түрлі әлеумет­тік төлемді қамтиды, бұл 2024 жыл­ғы шығыстардан 14 пайызға немесе 748,7 млрд теңгеге артық. 

Дегенмен әлеуметтік төлемдер көбіне әлеуметтік осал топтарға беріледі де, көбіне жұмыс істейтін еңбек адамының өмір сүру сапасы, әлеуметтік-тұрмысы туралы айты­ла бермейді. Әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаржысы жыл сайын еселеп артқанымен, елдегі әлеуметтік проблемалар әлі де ше­шімін таппай, күрделене түскен. Ұлттық статистика бюросы ұсын­ған дерекке сүйенсек, 2024 жыл­дың II тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі (кедейлік деңгейі) 5,1% құрады. Сәйкесінше, 1 млн-нан астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және 1 млн-нан астам қазақстан­дық баспана мен азық-түлік алуға айлық табысынан 2 есе артық қара­жат жұмсап отыр.

Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұр­ланқызы ел халқының табысы ішіп-жемнен аспай отырғанын, қар­жы­лық жағдайы аса мәз емес екенін, 2,9 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын айтты.

– Зерттеуге сәйкес, Қазақ­станда халықтың кедейлік шегінде өмір сүріп жатса, Дүниежүзілік банктің сараптамасына қарасақ, 14,6% қазақстандық кедейлікте өмір сүріп жатыр. Бұл – 2,9 млн адам. Қазақстанның ішкі есептеуі мен Дүниежүзілік банктің есеп­теуінде неге мұндай айырмашылық бар? Өйткені Қазақстан 30 мың теңгеден төмен табысы бар, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінде бекітілген соманың 70%-ынан төмен табысы барларды санаса, ал Дүниежүзілік банк 150 доллардан төмен табысы бар, яғни 73 мың теңгеден төмен табысы барлардың барлығын осы санатқа жатқызды, осы себептен Дүниежүзілік банк 14,6%-ды көрсетіп отыр, – деді Г.Нұрланқызы.

Әлеуметтанушылар арасында «халық тапқанын азық-түлік са­тып алуға ғана жұмсап отыр, кедей екенімізді Үкімет мойында­май от­ыр» деп жиі айтылады, бірақ нақты әлеуметтік зерттеулер кез­деспейді. Біз «Қазақстанда жұмыс іст­ейтін кедейлер мәселесі бар ма?» деп сұрағанымызда, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай: «Әлі күнге дейін кедейлер саны 10 жыл бұрын қандай болса, (4,5 пайыз болса) әлі де сол көрсеткіш сақ­тал­ып тұр. Өйткені біздегі статис­ти­каның өзі өтірік. Кеше ғана мед­и­цина сақтандыру қорына тіркеле алмай, ақша аудара алмай отырған 3,5 млн адам бар екені анықталды, яғни ол қайдан шықты?» – деді. 

Депутаттың айтуынша, біз әлеу­меттік мемлекетпіз, бізде жи­нал­ған бүкіл салықтың жартысы шәкіртақыға, айлыққа, әлеуметтік төлемдерге кетіп жатыр.

– Ішкі жалпы өнім көбейгені­мен, халықтың күнделікті тір­шілігін­де, өмір сүруінде әлі сезілмей жатыр. Оның себебі – қым­бат­шылық, қымбатшылықты тоқтата алмаймыз, біздегі үлкен мәселе – халықтың табысын көтеру керек, – деді ол.

Осы орайда «Елдегі ең төменгі жалақы қазіргі өмір сүру деңгейіне сай ма?» деген сұрақ туындайды.

– Бізде төменгі жалақы – 85 мың теңге, бұл өмір сүру деңгейіне сай деп айта алмаймыз. Бірақ бұл 85 мың – кәсіпкерлерге қойыла­тын ең төменгі бір шек. Яғни, осы­дан төмен жалақы төлемейсің деген нақты мәселе. Бюджет неме­се коммерциялық ұйымдар бол­сын, бұл дәстүр дүниежүзінде бар. 

Егер бір адамның біздегі ең төменгі тұтыну себеті айына 50 мың теңге десек, отбасында бір адам жұмыс істейтін болса, әрине, ол мұқтаж отбасы екені анықта­ла­ды. Сондықтан әлеуметтік жәр­дем­ақы беріледі. Ал егер отбасында 2-3 адам жұмыс істейтін болса, 4-5 адамға күнкөріс себеті 50 мыңнан жоғары саналады да, бұл отбасы әр жұмысшы 85 мыңнан айлық ал­ған­ның өзінде кедей деп есептел­мей­ді, – деді экономист Сапарбай Жубаев.

Еңбек бағаланса құнды

Біздіңше, жұмысшы маман­дықтар жылында назар аударылуға тиіс мәселе бар болатын болса, ол экономиканың өндірістік қуатын арттырушы негізгі күш саналатын еңбек адамының өмір сүру сапасы қандай, олардың әлеуметтік-тұр­мыс­тық қорғалуы, денсаулығы туралы сөз қозғалып жатыр ма, еңбек адамының еңсесі биік пе деген мәселе болуға тиіс еді. Ал­айда биылғы Жұмысшы ма­ман­дықтары жылында «Еңбектің наны тәтті» деп қажымай-талмай, дамылсыз адал жұмыс істеп жүрген еңбек адамының әлеуметтік-тұр­мы­сы қандай, денсаулығы қор­ғал­ған ба, отбасы, балалары қанша­лық­ты заман талабына сай өмір сүріп жатыр деген мәселелер төң­ір­е­гінде сөз қозғалып жатқан жоқ.  

Сарапшы Айбар Олжаевтың ойынша, «Жұмысшы мамандық­тары жылы» дегенімізбен, нақты еңбек адамының портретін жалпы қоғам дұрыс түсіне алмады.

– Жұмысшы мамандықты тек қана жарнамалап, мамандыққа жастар келетіндей қылып жасау керек пе, әлде еңбек адамын дәр­іп­теу керек пе немесе нақты еңбек адамының өмір сүру шартын жақ­сартуымыз керек пе? Егер еңбек адамының өмір сапасын жақсар­туды қолға алып, нақты шартын жас­айтын болсақ, оған қанша ақша керек, бюджетте ондай мүм­кіндік бар ма – соны қарау керек. Шынын айтқанда, бюджетте еш­қандай ақша жоқ, ондай мүм­кіндік жоқ, – деді А.Олжаев. 

Оның айтуынша, елімізде қазір­гі негізгі күйіп тұрған мәсе­ле – төлем қабілеттілігі мәселесі.

– Адамдар кедейлік шегінен шыға алмайтын екі шұңқыр бар. Бір­іншісі – азық-түліктің, екінші­сі – коммуналдық төлемдердің қымбаттауы. Баға өскен сайын адамдардың тапқан табысы өзінің тұрмыстық минимумын өтеуге жетпей қалады. Бізге кедейлікті ресми мойындау керек. Содан кейін біз онымен күрес бағдарла­ма­сын жасай аламыз. Тіпті, халық­аралық ұйымдардың белгілі бір көмегін тартуға, олардан белгілі бір көмек сұрауға да болады. Қа­зақ­стан халқы кедей, төлем қа­білеттілігі күнкөрісіне жетпейді. Тұр­мыстық кредит, кепілсіз кре­дит­тер саны көбейген және оны қайтару проблемасы әлі де жоғары. Бізге кедейлікті зерттейтін әлеу­мет­тік белгілі бір институт керек сияқты немесе қазіргі бар инсти­туттарды осы бағдарламаға жұ­мыл­дыру қажет. Кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдап, кім нақты кедей, аты-жөні, ЖСН-і – барлығын анықтап, адрес­тік көмек көрсетуге болады. Әлеуметтік осал топ деп емес, «Сіз үш жылдың ішінде кедейліктен құтыласыз» дегендей бағдарлама болса, нақты жеке адамдармен ай­на­л­ыс­атын, банкроттық проце­дура­сынан өткізіп, қарыздарын жапқызып, оңалтып, ары қарай оның тұтыну себеті қандай, та­бысы соған сай келе ме – осының бәрін есептеп, белгілі бір адрестер арқылы адамды құтқарып жіберуге болады, – деді сарапшы. 

Экономист Сапарбай Жобаев­тың кедейлікпен күрес мәселесін­дегі пікірі сәл басқаша өрбіді. Он­ың айтуынша, қазіргі күні қазақ тым ысырапшыл, тойшыл, үнем­деу дегенді мүлдем ұмытқан.

– Бүгінде жұмысшы санаты басқаша қаралады, әркім нарық за­манында өзі үшін әрекет жас­айды делінеді. Халықтың табысы тамағына жетпей жатса, өте оңай берілетін каспийред, микроқаржы ұйымдардан оңай онлайн кредит алып оны төлей алмаумен байла­ныс­ты. Бірақ кейбір кездерде та­бы­сы барлардың өздері де ысырап­шылдыққа жол беріп, тыр­аш­та­н­ып, қолынан келмейтін той не­сиеге керек емес нәрселер алу оқи­­ғасы кездеседі. Осы ысырап­шыл­­дық мәселесін көбірек теле­ди­дардан дін өкілдері, түсін­діріп, несиеге кірмеу, үнемдеу, Абай ата­мыз айтқандай, «бекер мал шаш­пауға әрекет жасау» мә­се­лесі насихатталуы, дәріптелуі ке­рек, – деді экономист.

Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елдегі саяси реформа­лар­дың ең негізгі түпкі мақсаты – ха­лықтың әлеуметтік деңгейін кө­теру деп түсіндірді.

– Әлеуметтік деңгейді көтеру үшін бізге экономикалық рефор­малар жасау керек. Қазақстанның экономикасының негізгі пробле­масы – бізде байлық жетеді, сол бай­лықты үлестірудің мәселесі бар. Яғни, мемлекет байлығы тең бөлінбейді. Қазіргі салық кодексі­нің логикасының өзі, сол олигарх­тар­дың салықтан жалтаруын бол­дыр­мау, міне осы реформадан кей­ін бізге жаңа өндірістік саясат реформасы керек. Өндірістік сая­сат реформасының негізгі өзегі біз шетелге шикізатты емес, дайын өнім­ді шығаратын елге айналуы­мыз керек. Сол кезде халықтың әлеуметтік жағдайы түзелетін бола­ды, – деді Ерлан Саиров. 

Сондай-ақ депутат елде жұмыс істейтін кедейлер мәселесі бар екенін, ол бюджеттің мәселесіне байланысты екенін айтты.

– Қазір бюджетте дефицит. Егер бюджеттің өсімі артатын болса, онда бұл мәселелердің бар­лы­ғы шешіледі. Жұмыс істейт­ін, істемейтін кедейлердің барлығы­ның артында тұрған мәселе елі­міздегі ұлттық байлықтың әділетті түрде бөлінбеуі, егер ұлттық бай­лық әділетті түрде бөлінетін болса, онда кедейліктен арылатын бола­мыз. Біздің бүкіл жұмысымыз со­ған бағытталған, – деді  ол.

 

P.S.

Қазақстанда жұмыс істейтін кедейлер мәселесі бар. Бірақ ол мойындал­май­ды және елдегі кедейлік шегін есептеуде еліміз Дүние­жүзілік банк есебімен емес, мемлекеттің ішкі есептеуі бойынша анықтайды. Сондай-ақ мемлекет нақты жеке адамның неге кедей екенін анықта­ғаннан гөрі, жалпылама әлеуметтік осал топтың материалдық мәселелерін көбірек қарастырады және ұлттық байлықтың әділетті бөлінуінде кедергілер бар.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ