Ел құрамасын дзюдодан алда Азия чемпионаты күтіп тұр.
Татами төріндегі тартыс: үміт пен сенім
799
оқылды

Аталмыш жарысқа әлемдік жұлдыздар мен Олимпиада жүлдегерлері қатысатыны анық. Былтырғы жылды еске алсақ, құрамамыз сәтсіз өнер көрсеткен еді. Биыл соның есесін қайтару керек. Ал Қазақстан құрамасының атынан кімдер бақ сынайды? Ұлттық құраманың қазіргі дайындығы қалай өтіп жатыр? Осы сияқты сұрақтардың жауабын талдап көрейік. 

Нақты болжау қиын

Дзюдодан 2025 жылғы Азия чем­пио­наты 25-27 сәуір аралығында Тай­ланд­тың Бангкок қаласында өтеді деп жос­парланған. Құр­лықтық додада 30 мем­лекеттен 295 спортшы жүлде үшін күресетін болады. Ұлттық құ­рама Тайланд астанасына негізгі көшбасшыларсыз аттанды. Алдағы Азия чемпионатында Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Камила Берліқаш, Абылай­хан Жұбаназар, Жанарыс Рахметқали, Мағ­жан Шамшадин және Ғұсман Қырғыз­баев татамиге шықпайды. Бапкерлер шта­бы бұл жолы жас спортшыларға және жұлдызы әлі жанбаған дзюдошыларға өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Сондықтан медальға болжам жасау қиын. Тек ұлттық құраманың негізгі тобы­нан Бангкокта өнер көрсететін кейбір дзю­дошылар ғана жүлдеге үміткер саналады. Олар: Ерасыл Қажыбаев, Ғалия Тынбаева, Эсмигүл Куюлова, Назгүл Маратова, Бақыт Құсақбаева және Шерзод Давлатов.

«Нақты болжам айту қиын. Себебі дзюдо – бұл тек физикалық дайындықты ғана емес, сонымен қатар мықты психо­ло­гиялық тұрақтылықты, тактикалық сауат­тылықты талап ететін өте күрделі спорт түрі. Мұнда кімнің жеңетіні тек бір ғана сәттік шешімге немесе кішігірім қателікке байланысты өзгеруі мүмкін. Сондықтан нақты нәтиже жайлы айту ерте.

Дегенмен спортшыларымызға деген сеніміміз жоғары. Команда барын салып дайындалып жатыр. Жоспарымыз бо­йынша, Азия чемпионатында кем дегенде бір алтын медаль жеңіп аламыз деген үміт бар. Сонымен қатар жүлделі орындардан да көрінеді деп сенемін», – деп атап өтті құрама жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе.

2025 жылдың бастапқы бөлігін ескерсек, ұлттық құраманың нәтижелері көңіл қоншытпайды. Қазақстандық балуандар Баку (Әзербайжан) және Ташкентте (Өзбекстан) өткен Grand Slam турниріне, сондай-ақ Аустрияда өткен Гран-приге қатысқан болатын. 

Отандастарымыз бұл турнирлерде ай­­­­тарлықтай жетістікке жете алма­ды. Бакуде Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) үшін­ші орын алып, жалғыз ме­дальды ұлт­тық құрама қоржынына салды. Ташкенттегі «Үлкен дулыға» турнирінде Абылайхан Жұбаназар (81 келіден жоғары) қола медаль жеңіп алды. Дей тұрғанмен, барлығы нашар деп айтуға келмес. Себебі Аустриядағы Гран-при кезеңінде Әбиба Әбужақынова көзге түскен еді. Ол 48 келіге дейін салмақта алтын жүлдегер атанған болатын.

Алда өтетін Азия чемпионатына Қазақ­стан сапынан 17 балуан тізімге тіркелген. Олардың ішінде ерлерден Нұраділ Әлжан (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ержан Еренқайыпов (66 келі), Есет Қуанов (73 келі), Мади Амангелді (81 келі), Азат Күмісбай (81 келі), Ермахан Ануарбеков (90 келі), Максим Мейірлан (90 келі), Ерасыл Қажыбаев (+100 келі) өнер көрсетсе, әйелдердің тізімінде Ғалия Тынбаева (48 келі), Диана Буркеева (48 келі), Толғанай Әбеуова (52 келі), Бақыт Құсқабаева (57 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Кристина Сотникова (70 келі), Назгүл Маратова (+78 келі), Ақерке Рамазанова (+78 келі) бар. Қосалқы құрамда Талғат Орынбасар (-60 келі), Ердәулет Бозша (66 келі), Бақытжан Әбдурахманов (73 келі), Марат Байқамұ­ровтың (100 келі) есімдері тіркелген.

Ғұсман оралды

Сондай-ақ Роберт Мшвидобадзе Олим­пиада ойындарынан кейін ко­ман­дада өзгерістердің болғанын атап өтті. Ма­ман­ның айтуынша, құрамаға жас буын келген. Олардың көздерінен жалында­ған отты, сонымен қатар жеңіске жетуге деген құлшыныстарын байқағанын алға тарт­ты.

Сонымен қатар ұлттық құрамаға 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың оралуы – басты жаңалықтың бірі. Балуан жазғы Олимпиада ойындарынан кейін үзіліс жасаған болатын. Қазір негізгі құ­раммен оқу-жаттығу жиынында дайын­далуда. Алайда алдағы Азия чемпионатына қатыспайтыны белгілі болды. Осы орайда Роберт Мшвидобадзе Ғұсманның қазіргі бабы туралы өз пікірін білдірді. Кеңесшінің айтуынша, Ғұсманның қазіргі дайындығы жоғары деңгейде.

«Ғұсман соңғы төрт айдан бері ұлттық құрамамен бірге татамиде тұрақты түрде жат­тығып келеді. Ол – өз ісінің нағыз ше­бері, кәсіби спортшы. Дайындық бары­сында өзін өте жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Шынымды айтсам, Олимпиада ойын­дарында қола медаль жеңіп алғаннан кейін, оның бойында әлі де жеңіске деген құш­тарлық сақталады деп ойламап едім. Бірақ ол жеңіске жету үшін бар жігерін салуға дайын екенін дә­лел­деп жүр», – жаттықтырушы-кеңесші.

Азулы қарсыластар

Қазақстан құрамасының басты қарсы­ластары жайлы айтсақ. Негізінен, Тайланд­та өтетін Азия чемпионатында жастарға жол берілмек. Бірқатар команда жарыс тізіміне жас спортшыларды қосқан. Алайда бұл қатарға Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерін қоса алмаймыз.  

Жапония құрамасынан Юхэи Ойно 81 келіге дейінгі салмақта басты фавориттердің бірі саналады. Сондай-ақ 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Юта Накамура үздік екенін дәлелдеуге тырысады. Ал оған басты қарсылас ретінде Ерасыл Қажыбаев күреседі.

Оңтүстік Корея құрамасының сапында бірнеше Олимпиада жүлдегері бар. Атап айтқанда, Ли Ен Хван 2024 жылғы Олим­пиада ойындарының қола жүлдегері, Ким Мин Чон 2024 жылғы Олимпиаданың 100 келіден жоғары салмақтағы күміс жүлдегері. Бұл жағдайды ескерсек, аталмыш сал­мақ­тағы бақталас қызыққа толы болғалы тұр. Сондай-ақ 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері тәжікстандық Темур Рахи­мовта 100 келіден жоғары салмақ дәреже­сінде үздік екенін дәлелдемек. Оған қоса, Жапо­ния спортшысы Комэи Кава­бата 90 келіге дейінгі салмақта медаль үшін бақ сынайды. 

Қорытындылай келе, Бангкокте өтетін құрлықтық чемпионат дзюдо жанкүйерлері үшін қызықты өтпек. Әрине, медальға қол жеткізу оңай болмасы анық. Дегенмен Қазақстан құрамасынан жүлде мен әсерлі белдесулерді күтуге болады. Себебі ба­луандар тек медаль ғана емес, рейтингтегі ұпай үшін күреседі. 

Әсет ҚАЛИ