Әлем тарихында қанды әріппен жазылған Екінші дүниежүзілік соғыс өртінің өшкеніне де биыл 80 жыл толып отыр.
Ғасыр жасаған жауынгер
486
оқылды

Сол уақытта қан майданға елімізден талай жауынгер аттанып, көптеген тағдыр соғыс шырғалаңында талқан болды. Бүгінде елге аман-есен оралғандардың да көзі тірісі саусақпен санарлық. Соның бірі – сырдариялық Яхия Тасыровтың өмір жолы өзгеше өрнекке толы.

Биыл 103 жасқа толған соғыс арда­герінің майдан даласында көрген қиын­дықтары аз емес. Әлі күнге дейін оқ пен оттың ортасында өткізген сұрапыл сәттерін қорқынышпен еске алып отырады.

Оның балалық дәурені Қызылорда облысына қарасты бұрынғы Тереңөзек ауданының Ақ түйе ауылында өтті. Бала Яхия ес біліп, оң-солын таныған шақтан бас­тап, еңбекке араласты. 1940 жылы Текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Алайда 1941 жылы Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге жіберіледі. 

Жас жауынгерді қолына қару беріп, бірден майдан даласына айдаған жоқ. Алдымен, Сібірде, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. Соғыстың түрлі тәсілдерін үйретіп, шың­дайды. Содан кейін ғана 1942 жылдың қазан айында қару алып, майданға аттана­ды. Ол кез Яхия ақсақалдың әлі жиырмаға толмаған бозбала шағы еді. 

Соғыс алаңында сырдариялық жау­ынгердің жүрмеген сүрлеуі кемде-кем. Жау әскеріне қару кезене жүріп, Сталин­град, Курск, Баранович және Польша қалаларын азат етуге атсалысыпты. Оқ қарша бораған қиын кезеңде жау құр­сауында қалған аумақтарды азат етуде жанқиярлықпен жүргізген сәттері оның жадынан бір сәтке өшкен емес. 

Қарт жауынгер қанды соғыс кезінде қандыкөйлек қарулас достары мен командирлердің жеңіске деген жігерін оятатын ұрандары әлі күнге құлағында тұрғанын жиі еске алады. Сондай кездерде жараланғандар мен қаза болғандардың кегін алу үшін әлдебір тосын күш алға еріксіз жетелейтінін айтады. 

Бірнеше қаланы азат етуге атсалысып, талай қанды оқиғаның куәсі болған Яхия ақсақал майдан даласында ерен ерлігімен көзге түсті. Жау әскерімен шайқас кезінің бірінде Данциг портында ауыр жараланады. Елге 1945 жылдың тамыз айында ерлікпен оралады. 

Осы орайда қарт жауынгердің жеңісті әскери госпитальда қарсы алғанын да айта кету керек. Нақты айтқанда, Омбы қаласында пулеметшілерді дайындауға ар­налған қысқа оқуды бітірген жас сарбаз Ленин­градты азат етуге қатысады. Қиян кес­кі шайқаста неміс фашистерін Германияға дейін қуып барады. Сол уақытта пулеметшінің көмекшісі болған оның иығынан пулеметтің оқ қағары түспепті. Сонымен, мыңдаған ша­қыр­ымды жүріп өтетінін тілге тиек етті. Сондай күндердің бірінде майдангер Берлин түбінде аяғынан ауыр жарақат алып, Ұлы Жеңісті әскери госпитальда қарсы алуға мәжбүр болыпты. Жарақатының беті бері қарағасын бірінші топтағы мүгедек болып, елге оралады. 

Соғыс ардагерінің қан майданда көрсеткен жанкешті ерлігі ескерусіз қалмады. Майдан даласында танытқан батырлығы үшін «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германия­ны жеңгені үшін» мерейтойлық медаль­дарымен марапатталған. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, маршал Г.Жуков медалін, басқа да көптеген наг­рада­ларды кеудесіне тақты. 

Ардагер туған жерге табаны тигесін де қарап жатпады. Ел қатарлы еңбекке араласып, абыройлы жұмыс атқарды. Соның ішінде 18 жыл бойына аудан орта­лы­ғындағы сүт зауытында қойма меңгерушісі болып жұмыс жасады. Сол сияқты 1960 жылы Жалағаш сүт зауытында шебер, 1962 жылдан бастап Өзбекотын елді мекенінде 10 жыл бойы қойма меңгерушісі қызметін атқарған. Бұған қоса, 1972-1982 жылдары «1608-жылжымалы механикалық колонна» мекемесінде еңбек етеді. Кейіннен аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде тер төгіп, осы қыз­метінен зейнет демалысына шығыпты. 

Қазіргі уақытта ғасыр жасаған жауынгер Сыр өңірінің Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде бақуатты тұрмыс кешіп жатыр. Өмірлік қосағы Ұлжалғас Демесінқызы екеуі 3 ұл, 3 қызды өмірге әкелген. Алайда екі қызы шетінеп кетсе, екі ұлы қайтыс болыпты. Қазір қария ұлы Аманкелді мен қызы Сапурадан тараған ұрпақтары­ның, немере-шөберелерінің қызығын кенеліп отыр. Соның ішінде немересі Ержан мен келіні Гүлбану қазыналы қария­ның жағасын кірлетпей, бар жағдайын жасап жүр.

Қызылорда облысы және «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанған Яхия Тасыровқа елдің құрметі ерекше. Жиын, тойларда төрден орын ұсынып, ақ батасын алып жатады. 

Қарт жауынгер ғасырлық ғұмырды еңсерсе де, әлі тың. Күніге 1-2 шақырым жер жаяу жүруді дағдыға айналдырған. Әрбір күнінде елдің тыныштығын тілеп, соғыс өртінің қайталанбауын тәңірден сұрап отырады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы