Тарих – ұлттың тамыры. Ал тарихын ұлықтамаған ұлттың бола­шағы бұлыңғыр екені хақ.
Құнанбайдан қалған құнды мұра
2,867
оқылды

Бүгінде есте жоқ ескі заманнан жеткен құнды жәдігерлеріміз аз емес. Кейбір құндылықтарымыз топырақтан аршылып, күні бүгінге дейін жарыққа шығарылуда. Одан бөлек, кезінде қолдан-қолға мұра болып қалып, қазір құтты тұғырын тауып жатқан жәдігерлеріміз де баршылық. Соның бірі – Құнанбай ауыл­ы­нан жеткен ағаш табақ.

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылының тұрғыны 83 жастағы Ақбай Ысқаққызы құнды ағаш табақты талай жыл көзін қарашығындай сақтап кел­ген. Ақбайдың әкесі – Ысқақ болса, оның әкесі – Мәулен, ал Мәуленнің әкесі – Өте. Міне, осы Өте өз дәуірінде ел басқарған болыс болған. Өте болыстың жұбайы Тәті әжеміз болса, Құнанбай қажы­ның немере қарындасы. Тәті ұзатылар кезде оның жасауын Құнанбай қажының ауылы әзірлеген. Сол тұста қымбат бұйым­дармен қатар, қыздың абыройы үшін Өте болыстың ауылына бір келе түйе де аттан­дырылған. Бір келеде кемі 30 түйе болатын болса, Құнанбай қажының ауылы әр қызға осы мөлшерде түйе сыйға берген. Міне, осы дәулетті қыз жасауының ішінде ағаш табақ та болған. Ақбай Ыс­қақ­қызы бабадан балаға жеткен осы мұ­ра­ны талай жыл сақ­тап, Сарысу аудан­дық тарихи-өлкетану музейіне өткізіп отыр. 

– Құнанбай қажы өз дәуірінде қандай тұлға болғаны тарихтан белгілі. Тәті қарындасының жасауын бір келе нарға тиеп жөнелткен. Осындай тұтас ұлтқа танымал жерден қыз айттырған Өте ба­ба­мыз да жүрек жұтқан кісі болса керек. Тәті әжеміз ауылында ерке қыз болса да, келін болғанда даналығын танытқан. Ол кезде ауылдың қыз-жігіттері түйеге бірден мініп, ауыздықтауға салатын болса, Тәті әже­міз түйелерді жуасытып ырыққа көн­діруді көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, әже­міз мейірімді, тиісті жерде ақыл-кеңес­ін де беріп отырған, – дейді Ақбай Ысқаққызы. 

Тәті әжеміздің артынан келген жасауларының ішінде бағалы самаурын да сақталған екен. Алайда Ақбай анамыз­дың інісі Сәуірбек оны «Тәті әжеміздің көзі» деп үйінде қалдырыпты. Ақбай Ысқаққызы болса, керісінше, қолындағы ағаш табақты мұражайға өткізіп, құнды жәдігерді көпшіліктің көруіне мүмкіндік туғызған. 

Сарысу аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльмира Көкішева мұндай бағалы сыйлыққа шексіз разылы­ғын білдіруде. 

– Музейдегі әрбір бұйым құнды. Ал­айда үлкен кісілердің бағалы бұйымдарын өз қолдарымен әкеліп мұражайға тапсырып жатқаны қуантады. Біз ондай тартуды ерекше бағалаймыз. Музейге келушілердің ерекше ықыласын аударатын да осындай жәдігерлер. Бірнеше ғасырдың куәсі болған ағаш табақтың бір ернеуі сәл жыр­ыл­ғаны болмаса, жақсы сақталған. Бұл құнды жәдігер мұражайы­мыздың ажарын аша түсетіндігіне бек сенімдіміз, – дейді музей директоры. 

Биыл Құнанбай қажы Өскенбай­ұлының өмірге келгеніне 221 жыл толып отыр. Демек, ағаш табақ үш ғасырға жуық қол­даныста болған деген болжам жасауға болады. Ал мұндай құнды жәдігерлер бүгінгі һәм кейінгі ұрпаққа өткен тарихты танытып, оны ұлықтауға сеп болатыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы