Комиктің айтқанына күлесің, бірақ ішіңнен: «Мен де осындай жағдайды бастан кешкенмін...» деп ойланып қаласың. Комиктер өз өмірлерінен алынған мысалдар арқылы қазақ қоғамының түйткілін, отбасындағы қысым, кедейлік, білім жүйесі, тіпті психологиялық жарақаттарды әзілмен жеткізеді. Әзіл арқылы трагедияны айту – оны жеңудің жолы. Бұл – стендаптың шын мәніндегі күші. Біз қазақша стендапта қыздардың үнін жеткізіп жүрген, комик Жансая Мұратбекқызымен сұхбаттастық.
– Халық сізді ең алғаш блог арқылы таныды. Кейін стендапқа ауыстыңыз. Жалпы, стендапқа қалай келдіңіз? Стендап-комик болу үшін адамға қандай қасиеттер керек?
– Халық мені ең алғаш блог арқылы емес, стендап арқылы таныды десем де болады. 2018 жылы Salem Social Media компаниясы ұйымдастырған халықаралық конкурсқа қатысып, қазақ тілінде стендап монолог оқығанмын. Ол байқауға қатысушылардың барлығы орыс тілінде стендап айтты. Жалпы, қазақ қызының стендап оқып, сахнаға шығуы конкурс үшін жаңалық болды. Сол жерде бас жүлде иеленіп, 1 миллион теңге ұтып алдым. Содан кейін халық мені стендапер ретінде танып, әртүрлі стендап кештеріне қатысып жүрдім. 1-2 түсірілімге де қатыстым. Бірақ кейін қандай да бір себептермен бұл үрдіс тоқтап қалды. Ал маған өз қабілетімді әрі қарай шыңдап, тұрақты түрде стендаппен айналысу керек болды. Жолдасым Дидар екеуміз Salem Social Media компаниясында автор-сценарист болып жұмыс істедік. Жазған монологтарымды оқитын жер болмағандықтан, оларды вайнға арнадым. Яғни, әлеуметтік желіде вайн түсіріп жүрдім. Осылайша, менің блогым жалғасын тауып кетті. Негізі, бәрі стендаптан басталған. Араға біраз уақыт салып, стендапқа жаңа леппен, деммен келдік. Жолдасым Дидар продюсерлік етіп, Ғалымжан Жанықұлов, Нұрмахан Мұқанұлы сияқты бірнеше досымызбен бірігіп «Қазақша стендап» қозғалысын бастадық.
Мен стендапқа үлкен дайындықпен келген жоқпын. Тек бір конкурсқа қатысу арқылы, қазақша стендаптың маңызын халық түсінгеннен кейін менің өнерім қолдау тапты. Salem Social Media компаниясы ұйымдастырған байқауда елге танымал тұлғалар, продюсерлер, блогерлер отырды. Олардың барлығы орысша стендап тыңдап үйреніп қалған ғой. Ал Тұрсынбек Қабатов ағамыздың әзілдері монолог түрінде болғанымен, таза стендап деп айта алмаймыз. Сол жерде мен оқыған стендап жаңа бағыт ретінде қолдау тапты.
Жалпы, стендап-комик болу үшін адамға әзіл айту қабілетінен бөлек әзілді қабылдау дағдысы керек. Егер сен әзілді түсінбесең, оны көтере алмасаң, сенің комик болуың мүмкін емес. Бәрімізді туа біткен талант деуге келмес. Бірақ сол әзілді түсіну арқылы, автор-сценарист ретінде көптеген адаммен бір ортада жүріп араласқаннан кейін, «Жайдарман» жастар қозғалысына қатысқаннан кейін сол қабілет ұшталды. Одан кейінгі комикке керек қасиет – табандылық. Стендапердің әзілі күлкілі болуы үшін ол бірнеше рет сценарий жазып, оны қайта өңдеуден жалықпауы керек. Орта жолда сынға сынып кетпегені абзал. Осы екі қасиет болмаса, комик болу екіталай. Кез келген адам оқыса, талпынса, ізденсе әзіл айта алады.
Комиктің абыройын көтеретін – бірауыз сөз
– Стендап-комиктің шетелдегі және Қазақстандағы маңызында айырмашылықтар бар ма?
– Иә, бар. Бірінші – менталитет. Өйткені шетелде, тіпті көршілес Ресейдің өзінде әзілде шектеу жоқ. Ол жақта қара әзіл де, белден төмен әзілдер де бетке тіке айтылады. Мүмкін, халықтың сұранысы да сол шығар. Ал қазақша стендапта бәрібір мәдениетті сақтайсың. Артыңнан келе жатқан ұрпаққа, сені көріп отырған көрерменге өнеге болу үшін «әзілдесем болды» деп ойыңа келгенді айта алмайсың. Әр сөздің өз орны, салмағы бар. Жететін жері бар. Оны қабылдайтын, қабылдамайтын адам болады. Қазір кез келген сөздің құдіреті әртүрлі жерге жеткізеді. Комиктің абыройын көтеретін де, түсіретін де бірауыз сөз. Сондықтан әзіл айтқанда менталитетімізге сай «ұятты» алға қойып немесе асыра сілтемей ойды орынды жеткізу маңызды. Еуропаға, шетелге еліктеп, өзімізге жараспайтын ой айту керек емес. Қазақстанда әзілдің шекарасынан шығып кетпеуге тырысамыз. Басқаларын білмеймін, бірақ мен осы принципті ұстанамын.
– Стендапта көтеретін тақырыбыңызды алдын ала продюсерлермен ақылдасып жазасыздар ма?
– Ешқандай комик тақырыпты продюсермен алдын ала ақылдаспайды. Өйткені бізде «өзін-өзі редакциялау» бар. Сол жерде, техникалық кештерде әзілдерімізді оқып, халықтың қошеметі мен реакциясынан «қай әзілдің ұтымды шыққанын» өзіміз ескеріп отырамыз. Кейде стендап концерт кезінде продюсерлер кімнің қай тақырыпта сөйлейтінін сұрайды. Өйткені комиктардың тақырыптары бірдей болып кетпеуі керек. Мысалы, үш комик Алматының кептелісі туралы айтса, ол ешкімге қызық емес. Ал көбінде жалғыз қыз болғандықтан, менің көтеретін тақырыптарым жігіттермен бірдей болмайды. «Қазақша стендаптың» продюсері, жолдасым Дидардан ұмытып кеткен идеяларым туралы ойын сұрап, кейде ақылдасамын. Бірақ толық құрамда концерт беретін болсақ, өзіміз үшін Дидардың алдында әзілімді бір оқып аламын.
– Қазақша аудиторияға қандай тақырыптағы әзілдер өтеді?
– Қазақ аудиториясына кез келген тақырыптағы әзілдер өтпейді. Өйткені көрерменнің талғамы жоғары. Екіншіден, комик қиялынан туған оқиғаны айта алмайды. Себебі ол шындыққа жанаспайды. Комик өз табиғатына сай емес әзіл айтса, оны халық та сезіп қояды. Әр комиктің өз аудиториясы бар. Сонысына сай стендапер өз тақырыбында айтса, оны көрермендері жақсы көреді. Біреулер саяси әзілді, енді біреулер жастар, бойдақтар туралы әзілді жақсы тыңдайды. Менің аудиториям 25 жастан жоғары. Олар отбасы жайлы, ата-ана туралы әзілдерді ұйып тыңдайды. Мен бойдақтар туралы әзіл айтсам, ол көрермендерге қызық емес. Сондықтан әр комик өз шама шарқына қарай, жүрген жолына, көрерменнің сұранысына сай әзілдейді. Мына тақырып аудиторияға өтеді деп тап басып айту мүмкін емес. Әр әзілдің өз тұтынушысы бар.
– Жақында стендап концертпен Қазақстанның қалаларына тур жасадыңыздар. Негізгі мақсат қандай?
– Бұл – менің алғашқы жеке стендап концертім. Адамдар көбірек көрсе екен деген ой болды. Себебі концертке екі жылдан астам дайындалдық. Әр материалды бірнеше жыл жазып, әрбір сәтті ойластырып жүрдік. Концертті халық көзбен көріп, стендапты сезінсе екен дедік. Әрине, концерт қойғанда коммерциялық тұрғыда талап болатын шығар. Бірақ біз бірінші орынға оны қойған жоқпыз. Басында Алматыда екі сеанс концерт өткізіп, кейін оны YouTube-қа жүктейміз деп ойлағанбыз. Бірақ басқа қаладағы көрермендер «біз де көргіміз келеді» дегеннен кейін ғана тур жайлы ойландық. Халық сұрағаннан кейін шамамыз келгенше кішігірім тур жасап, концерт беріп қайттық. Өйткені өмірде мұндай концерттерден алатын әсер мүлдем бөлек болады. Стендап концерттің концепциясы да өзгеше. Өйткені халық театр кештеріне де, әншілердің концерттеріне де барып жүр. Жасаймын деген адамға концерттің бағыты көп. Дегенмен мен бар күшімізді, ресурсымызды салған стендап концерт болғандықтан, бұл кешті барлық өңірдегі көрерменім көрсе екен деп ниеттендім. Қазақстан қалаларына жасаған турымыз ойдағыдай аяқталды. Көрермендерім «қайталаңызшы» деп те жатыр. Бірақ біз бұл концерттік бағдарламаны YouTube-қа жүктейміз. Алдағы уақытта мүмкін жаңа бағдарламамен концерт қоярмыз.
Стендап күлдіре отырып, ой салады
– Бір сұхбатыңызда: «Шынымен отбасылы өмірден қорқатын адамдар болады. Мақсатым – ажырасудың алдын алып, отбасылық құндылықты дәріптеу» депсіз. Сонда елімізде ажырасудың көптігіне не себеп?
– Қазір ерлер мен әйелдер екіге бөлініп кетті. Бірімізді-біріміз түсінбей жүрміз. Айтқымыз келген ойды да екінші тарап естімеуі мүмкін. Сондықтан мен декреттегі әйелдердің мәселесін көбірек қозғауға тырысамын. Себебі тұрмыстағы шаруадан шыға алмай жүрген аналардың қалауы, ойы ескерілсе екен деймін. Олар ұйқысыз түндер өткізіп, болашақ ел азаматтарын тәрбиелеп жүр. Екінің бірі әйелін қолдай алмайды. Сондықтан мен қасымда бірге жүріп, қолдау көрсеткен күйеуімді мысалға ала отырып, ер азаматтың да рөлін айтуға тырысамын. Екі адам бір-бірінің қалауын ескеріп, ең болмағанда «зияныңды тигізбей» сөзбен болсын демеу болуы керек. Кезінде біздің аналарымыз да бүкіл өмірін отбасына арнап, өздерін ұмытып кеткен. Сол себепті біз осы тақырыпты қозғап, ажырасудың алдын алғымыз келеді. Адамдар бір-бірін қолдап, тыңдап, көмектесе алса екен деймін. Өйткені тұрмысқа шыққаннан кейін қыз баласы өмірінің соңына дейін бір болатын серігін таңдайды. Ал ол өмір ол адаммен әдемі болуы керек. Мәнді болуы қажет. Статистика бойынша, ажырасудың себептері әртүрлі. Отбасылық қарым-қатынастан бөлек, адамның жеке таңдауларына байланысты да жұптар айырылысады. Дегенмен бірін-бірі қолдамай, сүреңсіз күн кешетіндер үшін менің мақсатым осы тақырыпты әзіл арқылы жеткізіп, мәселені ашу. Бір ер азаматтың ойын өзгерте алсам, мен үшін үлкен жеңіс. Немесе бір әйел «күйеуім қолдап жүр екен ғой, неге түсінбегенмін» десе, ол тағы бір жеңіс. Бір ғана түсініспеушілікке бола отбасының ойран болуы, ортадағы баланың қиналуы жүректі ауыртатын мәселе.
Айта кету керек, менің мақсатым тек әйелдерді қолдап, оларды азаматтарына қарсы қою емес. Себебі менің де ағаларым бар. Ерлер қауымына ешқандай жеккөрушілік жоқ. Біздің қоғам «қыздың қырық жаны бар» деп әйелді төзімді деп санайды. Бірақ біздің де сынатын кездеріміз көп.
– Қазақша стендапта неге қыздар аз?
– Бұл сұрақ мені де мазалайды. Жауабын әлі таппадым. Мен қазір отбасы жайлы айтып жүрсем, қазақша стендапқа «жігіттер» туралы айтатын бойдақ қыздар керек. Техникалық кештерге келіп, монолог оқыған қыздардың сағы сынып жатады. Олар монологыма ешкімді күлдіре алмадым деп ойлайды. Бірақ барлығымыз стендапты солай бастадық. Стендап көрерменге күлдіре отырып, ой салуы керек. Монологтың басынан соңына дейін залды күлдіріп отырамын деу қателік. Комиктің айтатын тақырыбы халықтың түйсігіне ой салса, ары қарай жұмысты жалғастыруға мотивация бар деген сөз. Ал әр жерден бір әзілді көшіріп, халықты құр күлдіремін деу дұрыс емес. Мен жүрген жерімде қыздарды стендап оқуға шақырамын. Бірақ олар табандылық танытып, халықтың күлгенінен қысылмауы керек. Мысалы, мен бойымдағы тұйықтықты жеңдім. Басында хейт болған кезде менің де жүрегім ауырған. Бірақ иммунитет уақыт өте келе қалыптасады. Әр комиктің өз стилі болса, әзілі көрерменнің жүрегіне жетеді. Тағы бір фактор, біз қыз баланы «орныңды біл, жыртыңдама, қатты күлме» деп шектеумен тәрбиелейміз. Сол ұяңдық қыздардың ортаға шығып сөйлеуіне кедергі болады. Қазақша стендап енді дамып жатқандықтан, кез келген адамға есігіміз ашық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН