Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Рудометов бүгінде өткен өмірін еске алғанда айтары: "Алтай өңірінде жүрген бозбалаға Ұлы Отан соғысы, одан қалса сонау Қытайдың солтүстік-шығысында орналасқан маньчурлардың соғысына қатысасың деп біреу айтса, сенбес едім". Ол бұл жайында Altainews.kz. басылымында жазған.
Айтуынша, оның әскери жолы 18 жасқа әлі толмаған кезден басталған. Сол әскерде жүргенінде Башқұртстандағы дайындық полкіне түседі. Ол жақта бірнеше ай бойы саперлік іске жаттыққан.
– Бәріне тез үйрендім. Тек мылтықтың ұшымен күресуді меңгере алмадым. Тіпті әскердегі жігіттер "Ертең шығыстағы ұрысқа түссең, алдыңа келген кез келген жапон қылышымен шауып түседі" деп әзілдейтін. Көрер жарығым болған ғой, бүгінде осы күнге жетіп отырмын, – дейді Василий Григорьевич.
Алайда соғыс ардагері достарының әзілі шынға айналғанын айтты. Сөйтіп ол қиыр шығыстағы соғысқа аттандырылған.
Жас сарбаздың барлығы толық жауынгерлік киіммен күннің ыстығына қарамастан Маньчур еліне дейін жаяу барған. Сол өлкедегі ең үлкен Хинган тауын басып өткен.
– Барлық қару-жарақты таудан трос арқылы түсірдік. Сонда әлгі тростың бір басын қару тиелген көлікке, екінші басын зеңбірекке байлап, қару-жарақ ұрыс алаңына жіберілді. Ал өзіміз таудан түсер-түспестен, ұрыстың қақ ортасында едік. Бір-бірімізді күтетін жағдайда болмадық, бірден шайқасып кеттік. Жапондар бізден мұндайды күтпеді. Ақырында әлсіреп, күш-қуаты таусылғанда қаруларына ақ матаны байлап, жеңілгендерінің белгісін берді, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері.
Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқаны үшін Василий Рудометов "II дәрежелі Ұлы Отан соғысы батыры", "Қызыл Жұлдыз", "Жуков" ордендерімен және "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Жапонияны жеңгені үшін" медальдарымен, мерейтойлық наградалармен марапатталды. Сондай-ақ В. Сталиннің Хинган тауын еңсергені үшін алғысын алған.
Оның айтуынша, өміріндегі маңызды дүние – ұрысы үшін алған марапаттары емес, халықтың сол қанды соғысты ұмытпай, бейбітшілік пен тыныштықты сақтауы.
Жеңіске жеткен күні ол еліне бірден оралмады. Сол жақтағы жапондық танк жөндеу зауытында 6 жыл қызмет етті. Кейін елге оралды.
– Мұндай жолды ешкімнің басына бермесін. Қазір өміріміз жақсы. Әрқашан еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!, – дейді Василий Рудометов.