Негізі кештің басты оқиғасы Мa Carmen балеті болды. Бұл – құмарлық, бостандық пен еркіндіктің символына айналған Кармен бейнесінің батыл әрі ерекше интерпретациясы.
Хореограф Мукарам Авахридің айтуынша, Carmen балетін бұған дейін де қойған болатын.
– Спектакльді қайта жандандыруға ұсыныс түскенде әуелде ер-азаматтарды қосқым келмеді. Бастапқы үлгісін дұрыс деп санадым. Артынан ойлана келе, бұл қойылымның ол кезде тек әйелдердің құрамымен қойғандықтан шектеліп, айтар ойды толығымен жеткізе алмағандай көрінді. Сондықтан осы жолғы Карменді қанық бояуға толтырғым келді. Яғни, оның мінезін, болмысын, жан-дүниесін, өзімшілдігін көрсетуге тырыстым. Бір сөзбен айтқанда, әйел табиғатының қыр-сырын аша отырып, іштегі алай-дүлей сезімнің тартысын көрерменге жеткізгім келді. Алдайтын да, арбайтын да, құштарлықпен өзіне ғашық ететін де әйел емес пе?, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф Мукарам Авахри.
Өнер иелері шығарманы сенімдірек ойнап, көрерменге эмоционалды тұрғыда да, техникалық жағынан да жеткізе білді. Әйел жанының әлсіздігін көрсете отырып, қайтпас қайсарлығы, батылдығын мойындатады. Сөйте тұра ашу мен ызаға булыққан күйдің нәзіктік пен жұмсақтыққа бой алдырып, махаббатқа ұласып, құштарлықпен арпалысын бишілер әр фрагментте бірін-бірі алмастырады. Неоклассикалық хореографияның пластика тілі мен супрематизм эстетикасы арқылы әйел бейнесін көрсете алды.
– Осындай тақырыпты таңдауыма не себеп болғанын білмедім. Алайда шығармашылығымдағы кездейсоқ дүниенің кездейсоқтық емес екенін көрсетеді. Өйткені Кармен мен Саломейдің бейнесі өзімнің жаныма жақын еді. Осы екі мықты әйел бейнесін бір кеште басын қосып, көрерменге әйел затының алуан түрлілігін ұсынғым келді. Мүмкін біреулерге феминистік үндеу болып көрінуі де мүмкін. Десе де, шығарма арқылы мұндайды меңзеу ойымда да болмады. Ең әуелі мен Карменнің ішкі жан дүниесінің арпалысы көрерменге жеткізу маңызды еді. Ол кімді, қалай жақсы көретінін біледі, түсінеді. Соған қарамастан психико-эмоционалдық тұрғыда ішкі Кармен мен сырқы Карменнің өзара келіспеушілігі, бір-бірін мойынсұнбау тағы бар. Мысалы, ол ортаның гүлі болса да, елдің көз алдына түскенді ұната бермейтін, өзімен өзі қалып, жан тыныштығын іздейді. Еркіндікті аңсайды, – дейді хореограф.
Ma Carmen қойылымында хореография тек баяндау формасы ғана емес, сонымен қатар, ішкі бостандық пен жалғыздық трагедиясын баяндауға тырысқан. Спектакль музыкасы Джордж Бизе, Родион Щедрин және Дэвидсон Джаконеллоның шығармаларын біріктіріп, хореография тілін байыта түсіп, ішкі драматизмді, нәзік эмоциялар жиынтығын жайып салады.
Ольга Шаишмелашвили жасаған сценография мен костюмдер бидің пластикасын жарқын визуалды бейнелермен толықтыра отырып, спектакльдің ішкі динамикасын дәл көрсетеді. Денис Солнцевтің жарық, ал, Вадим Дуленко мен Марат Сағадиновтың бейне безендіруі қойылымның көрнекі келбетін толықтырып, біртұтас көркем идеяға бағындыра отырып, қойылым әсерін күшейтті.
Ал кеште көрсетілген екінші «Саломея» балеті Оскар Уайльд пьесасының желісімен қойылған. Жалпы бұл шығарма – хореограф Мукарам Авахридің қиялынан туған туынды. Қойылымда адам құштарлығының табиғаты, оның сұрапыл күші мен ішкі тепе-теңдікті іздеуге баса назар аударылған. Көрерменді құмарлық пен құштарлыққа таңдау жасауға жетелей отырып, спектакльдің философиялық болмысын толықтыра түсті.