Қазір көйлек Павлодардағы музейде сақтаулы тұр.
Роза Бағланованың өзі киген көйлегі табылды
1,085
оқылды

Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей үйінің басшысының айтуынша, қазақтың бұлбұл әншісі сахналық костюмін Ертіс өңірінен шыққан Хафиза Әбуғалиеваға сыйға тартқан екен.

– Көйлекті 2017 жылы музейге әнші, сазгер Хафиза Әбуғалиеваның  Алматы қаласында тұратын қызы Гүлмайра Чомболаева тапсырған болатын. Ол кісінің есімін де Ертістің ерке сұлу әншісі Майра Уәлиқызының құрметіне қойған екен, – дейді  Ерлан Рахимов.

Оның айтуынша,  Роза Бағланова Хафиза Әбуғалиеваны ерекше жақсы көрген, өзінің сахнада киген көйлегін сыйға тартқан.

– Олар Бибігүл Төлегенова мен Хафиза Әбуғалиеваны «қос қарлығашым» деп ерекше құрметке бөлеген. Әнші Үндістан, Моңғолия, Қытай және ТМД елдерінде болған.  Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Кремль сахнасында өнер көрсеткен. Сондай-ақ ол халық композиторы Майра Шамсутдинованың шығармашылығын жалғастырушы, – дейді Ерлан Рахимов.

Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым  Ахмет Жұбанов және сол кезде өмір сүрген басқа да белгілі музыкаттар Хафиза Әбуғалиеваны Майра деп еркелеткен. Тіпті, қазақтың кемеңгер ұлы Дiнмұхамед Қонаев «Мен қазақтың екi-ақ қызын бiлемiн: бiрiншiсi – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы едi. Екiншiсi – қарындасым Ағайша Исағұлова баянда ойнап, ән айтады. Бұл қыздар – елiмiзге келген бiртуар таланттар» деген. 

Хафиза Әбуғалиева 1926 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келген. Әнші, кино актрисасы, ақын, музыкант, «Қазақконцерт» жүйесіндегі әндер мен романстарды орындаушы. 1943 жылы Павлодар қаласындағы педагогикалық училищені, 1948 жылы Алматы музыкалық училищесінің вокалдық бөлімін бітірген. 

Делидегі этнографиялық концертте Бақытжан Байқадамовтың «Ертіс вальсы» әнін қазақ және хинди тілдерінде шырқаған. Бұл туралы Pavlodarnews.kz. жазған.