Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров соңғы жылдары ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейгенін айта отырып, бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркектің жалғызбасты отбасы кебін құшып отырған жеткізді.
"Әрбір ерлі-зайыптының ажырасуы – бүтін бір ұрпақ, қоғам, мемлекеттің мәселесі" – Ардақ Назаров
257
оқылды

Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының ресми дерегі бойынша, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелген. Соның 40,2 мыңы – ажырасумен аяқталған.

– Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек – жалғызбасты отбасы кебін құшып отыр. Бұл не деген сұмдық?! “Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қиялмас. Екі жаман бас қосса, кең дүниеге сиялмас” дегендей, біз осындай мүшкіл хәлге қалай жеттік? Отбасы-ошақ қасының түйткіл мәселелерін түбірлі түрде шешпей тұрып, әлемдік трендтердің соңынан аты-жөні жоқ, алашапқын ілесе берсек, ұлт ретінде үлкен тоқырауға ұшырарымыз анық.

Сондықтан ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын.

Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі секілді консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасылардың сақталып қалуына мүмкіндік туар еді.

Үшіншіден, жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет. Бағдарлама аясында некеге енді отырған жастарға алғашқы жылдары тұрғын үй алу, балалы болу, тұңғыштарын балабақшаға тегін орналастыру және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша кешенді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ипотекалық жеңілдіктер, алғашқы баланың дүниеге келуіне байланысты арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ салықтық демалыс сияқты жеңілдіктер көзделуі қажет. Бұл шаралар жас отбасылардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ажырасу қаупін азайтуға септігін тигізеді.

Төртіншіден, үйлену тойларын өткізу кезінде несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу. Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктік несиелер алу жағдайлары жиі кездесуде. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты, Үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын. 

Бұл бастамаға қоғам қайраткерлерін, дін өкілдерін, отандық медиа мен блогерлерді тарта отырып, «Қарапайым той – берекелі отбасы» ұранымен ұлттық деңгейдегі үндеу жариялау тиімді болар еді. Отбасы – мемлекеттің ең басты іргетасы. Әрбір шаңырақтың берекесі – елдің бірлігі мен болашағының кепілі. Ажырасу тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүтін бір ұрпақтың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі. Сондықтан бұл мәселені тек жеке отбасы деңгейінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан қарауымыз қажет, – дейді депутат.