Мырзахмет ақсақал Қозымолдақта дүниеге келген. Бір жасқа толар-толмаста әкесі дүниеден озыпты, содан анасы Хатша жиырма жетісінде жесір қалып, Мырзахметті жетелеп жүріп жеткізіпті. Анасы Хатша туралы майданда жүрген қайнылары елге жазған хаттарында: «Жүр ме екен аман-есен шіркін Хатша, Жолында қарамаушы еді алтын жатса», – деп амандығын сұрайды екен. Осы өлең жолдарын айтқан кезде Мырзахмет Жылысбаевтың қарлығыңқырап қалған дауысы қатты-қатты, көтеріңкі шықты. Ақсақалдың тебіренісінен анасына деген бала махаббатын, ананың жарына деген адалдығына деген құрметін, мақтаныш сезімін байқадым. Жүзге келсе де жүрегі әлі бала, қандай табиғаты таза азамат. Әр ананың перзенті осындай-ақ болсын. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасына деген сағынышын, қимастығын Мырзахмет ақсақалдың қартайғандағы бала сезімін, бала үнін ұғыну үшін анасына деген ерекше құрметін қасында отырып құлағыңмен тыңдау керек. Ақсақалдың дауыс ырғағы, үн тербелісі анасы туралы теңеуді айтқанда өзгеріп, жасарып сала берді. Көңіл күй құлпыруы деген осы болар. Анаға деген жүректі жарып шыққан құрметтен, қимастықтан, сағыныштан айнала жарқырап сала берді. Хатша апамыздың отызға жетпей жесір қалғанын, әкесінің төсегіне деген анасының адалдығын майдангер ұлы бағалап отыр. Шіркін, баланың бәрі осындай болса ғой... Не деген отбасындағы шыңырауды еңбек пен адалдық арқылы жеңген тағылымы мол үлгілі тәрбие. Тәрбие болғанда қандай, ұлтымызға өнеге болар тәрбие.
Әңгімеміз ары қарай жалғаса берді. Мырзахмет Жылысбаев Қозымолдақтағы жеті жылдық мектепті бітірген соң егінге қарауыл, табельші, сауат ашу мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1944 жылдың қазанында әскерге алынып, Чкалов қаласы маңындағы әскери полигонда жаттығып, майдан даласына аттанады. Белоруссия майданында генерал-полковник Батовтың №92 автоатқыштар полкында соғысады. Дәл осы сәттер оның табандылығын көрсететін жауапты уақыт болатын. Барынша өршіл, намысшылдығымен жаудың мықты тіректерін бұзып, көптеген селоларды азат етуге қатысты. Соғыстың соңғы кездері болса да алған бетінен қайтпайтын, мақсат қоя білетін қайсар мінезімен өзге жауынгерлерге үлгі болды, ерліктері ескеріліп «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Жеңіс күні жарияланған соң жауынгерлер елге орала бастады. Алайда Мырзахмет Жылысбаев әскерде қалдырылып, 1945-1950 жылдар аралығында құпия бөлімде іс жүргізуші болып қызмет атқарды. Осылайша, Қозымолдақ-Сызғаннан шыққан қара бала құпия қызметтің қыр-сырын біліп, тәжірибе жинақтады. Құпия қызметті жақсы игере бастағанын көрген әскери басшылар қызметті ары қарай жалғастыруы үшін барлау қызметін ұсынды. Қызмет болғанда құпия барлау қызметіне Жапония, Қытай, Корея, Вьетнам, Моңғолия елдері ұсынылды. Бірақ Мырзахмет Жылысбаев құпия барлау қызметінен бас тартты. Полковник оған қарап тұрып: «жақсылап ойлан, осы жұмысты жалғастыр, бес жыл құпия оқуды меңгердің, тәжірибең де бар», – деп ақылын айтты. Полковниктің ақылын тыңдамастан, ол екі көзі төрт болып отырған анасын аңсап, елге оралып, 1950-1953 жылдар аралығында Созақ селосындағы В.Ленин атындағы мектепте мұғалім болды. Мұғалім бола жүріп, майданнан алған темірдей тәртіп пен ерекше талпынысының пайдасын көрді. Елге адал қызмет етуде білім мен біліктің қажеттілігін түсінген ол 1953 жылы Алматыдағы ҚазПИ-ге құжат тапсырып, жоғарғы білім алуды мақсат етеді, емтиханды тапсырғанымен, конкурстан өте алмай қалады. Бірақ қалайда қалаған оқуына түсу үшін Оқу министріне өтініш хат жолдайды. ҚазПИ-дің ректоры өзі сияқты майдангер Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин екенін білген соң, Оқу министрінен оқуға қабылдау туралы хат келер деген үкілі үмітін үзбейді. Ауылына қайтпай, күнде деканның есігіне тыныштық бермей, күтумен жүреді.
«Сол кезде хаттар мен шағым-өтініштер қараусыз қалмайтын еді», – дейді ақсақал. «Бір апта өтті-ау дегенде деканнан «Сені бүгін ректор қабылдайды, алысқа кетіп қалма» деген сүйінші хабар алған соң, деканатты айналшықтап жүрдім. Бір кезде декан мені ректорға алып кірді. Ректор орнынан тұрып қолымды алды, қасындағы қабырғаға тақау тұрған орындықта отырған ұзын бойлы орта жастағы кісіні «парторг» деп таныстырды. Көп сөзге келген жоқ, «соғысқа қатысқан екенсің балың төмен болған, емтиханды қайта тапсырасың», – деді де есікке дейін арқамнан қағып шығарып салды. Не деген қарапайымдылық, не деген қамқорлық десеңізші?!. Мен арқадан қағудың күш беретінін алғаш сонда түсіндім. Емтиханды тапсырдым, Химия-биология факультетіне қабылдандым», – дейді Мырзахмет Жылысбаев Мәлік Ғабдуллиннен бірінші рет көрген жақсылығын тебірене еске алып...
Оқуға түсерін түскен соң, жатақхана да жоқ, стипендия да ала алмай біраз қиындықты бастан өткізуіне тура келеді. Соғысқа қатысқан аты бар, жасы да отызға жақындап қалған, группаластарына қарағанда ересек. Майдангердің айтуынша, ол кезде 17-18 жастағы группаластарымен де сырласып, шүйіркелесе алмай қиналады. «Түрім де ересек көрінетін, айнаға қарап байқаймын», – дейді ақсақал...
«Олар бір төбе, мен бір төбе. Бір айды итшілеп өткіздім. Көп ұзамай Өзбекстанға мақта теруге баратын болдық. Деканым қасыма келіп: «Егер де мақта терудің нормасын орындамасаң, бірінші болып оқудан сен шығарыласың», – деді. Деканның сөзі үнемі жадымда жаттаулы, таң алакеуімнен қас қарайғанша мақта теріп, қапшық-қапшық мақтаны жайып кептіріп, күніне екі рет сәскеде бір және кешке тағы да бір өткізетін болдым. Күнделікті норма 100 кілә болса мен 250 кілә теріп «передовик» болдым, оны аз десең, әр кіләға санап рубль береді. Табандылықпен төккен тер, еткен еңбек өтеліп, бір ай өткенде еңбекақымды алып, Ташкенге жігіттермен бірге барып, ГУМ-нан шырттай киініп алдым. Қолымда ақша бар. Көңілім көтеріле бастады, группадағылармен де жақсы араласып кеттім. Жиын-терім біткен соң «екі-үш күнге ауылдарыңа барып келіңдер» деп деканымыз бәрімізді босатты.
«Қолымда Ташкент шаһардан алған төрт бұрышы темірмен әшекейленген боялған тастай картон шамадан. Іші тола қыстық, жаздық киімдерім. Ауылға келіп екі-үш күн анамның қою шәйін ішіп, сүр етін жеп, рахаттанып жолға шықтым. Автобус жоқ. Пойызды ешкім көрмеген уақыт. Жалпы, Созақ ауданында теміржол болмаған. Топырақ жолдың бойында қол көтеріп тұрғанымда қауын артқан машина тоқтап, Алматыға жетіп алдым. Жол ақысын берсем, қауынның иесі алмай қойды. Содан не керек Алматыдағы базардың дәл қақпасының алдына келіп тоқтады да үйреншікті әдеті болса керек, келісіп шығамын деп қауынның иесі қақпадан ішке кіріп кетті. Іле-шала қауындарын шофермен екеулеп түсіре бастады. Қол қусырып тұру ыңғайсыз рахмет деп кете салуға қысылып мен де шамаданды қоя салдым да бірге қауындарды түсірісе бастадым. Қауынды жеген жақсы, түсіру уақыт алады екен. Қара терім шықты. Кеш батып барады. Түнейтін жерім де жоқ, үстімді қағып-сілкіп шамаданымды әкетейін десем, шамаданым үшті-күйлі жоқ. Ешкім ештеңе білмейді. Базардағы милициялар отыратын пунктке барып арыз жаздым. Бір милиция бетіме қарап тұрып: «қазақы ауыл емес, кім шамаданын қараусыз қалдырады» деді. Киім де жоқ, құжат та жоқ. Өстіп бәрінен жұрдай болып мойным салбырап, ұнжырғам түсіп институтқа келдім. Алғашқы кезде жігіттердің киімін ауысып киіп жүрдім. Қашанғы бере берсін, олар да қиналатын түр көрсете бастады. Күн суып келеді, ешкімде артық қысқы киім жоқ, тағы да ректор Мәлік Ғабдуллинге кіріп көмек сұрадым. Ректор кәсіподақ төрағасын шақырып, аздап ақшалай көмек берейік, бірақ көп емес, ал құжаттарыңды түбірінен алдыртып беруге көмектеседі деп тағы бір жігітті шақырып, тапсырма берді, «Бұл студент соғысқа қатысқан, қалада ешкімі жоқ сен осы тапсырманы тездетіп бітір сосын маған айт», – деді. Стипендия сұрап, бөлек өтініш жазып барған қағазыма бұрыштама қойып берді. Сөйтіп, стипендия да алатын болдым. Осылайша, Мәлік Ғабдуллиннің екінші жақсылығын көрдім», – дейді ақсақал әңгімесін жалғай түсіп...
Жасы отыз бірге келгенде институтты бітіріп, қолыма диплом бір тисе деп жүрген студент Мырзахмет Жылысбаевты ректор Мәлік Ғабдуллин алдын ала шақырып алады да «Біз сені шетелдердегі қазақ мектептерінің біреуіне мұғалім етіп жіберуді шешіп отырмыз», – дейді. Күтпеген жаңалықты естіп, шошып кеткен Мырзахмет, өлердегі сөзін айтып, «Жаныңыз ашыса, мені елге жіберіңізші. Анама обал, жиырма жетісінде жесір қалып, менің жолымды күтіп жүр еді, түсініңізші», – деп жалбарынғандай болады. «Бұл саған берілген мүмкіндік еді, бұндай жолдама кез келгенге берілмейді, ал сен лайықты едің»,– деп біраз уақыт үнсіз қалды. Бірақ менің алған бетімнен қайтпайтынымды сезген Мәлік Ғабдуллин: «ананың қадірін білген жақсы, сәттілік тілеймін», – деп, Созақ ауданына жолдама берді» дейді майдангер Мәлік Ғабдуллиннен көрген үшінші жақсылығын еске алып...
Туған топыраққа оралған соң Мырзахмет Жылысбаев, бар көрген-білгенін оқу-тәрбие жұмысына жұмсайды. Жиырма төрт жыл үздіксіз мектеп директоры болады. Қай жерде мектепте жұмыс өнбей жатса, Мырзахмет Жылысбаев сол жерден табылатын. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Соғысқа бір кіріп шыққанның өзі ерлік» болса, Мырзахмет Жылысбаевтың майдандағы ерлігі бір төбе, құпия барлаудағы еңбегі тағы бір төбе, ұрпаққа білім беріп, тәрбилеу ісіндегі еңбегі үшінші төбе болса, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің алдына кіріп өтініштерін айтуы төртінші төбе болары сөзсіз. Мұның бәрі майдангердің бойынан табылған табандылық пен қайсарлық десек болады.
Еңбек пен ерлік шыңдаған майдангермен қимай қоштастық. «Қызым 80 жылдыққа аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы той жасап бермекші, тойымның қадірлі қонағы бол, шақырамын», – деді ақсақал орнынан тұрып жатып... Елге ұстын, ұрпаққа үлгі, сүйегі асыл, тәспісінен жаңылмаған көркем мінезді майдангердің тойы Қаратау бөктерінде дүркіреп өтетініне сенімдімін.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалы
атқарушы хатшысының орынбасары,
облыстық мәслихат депутаты