Қарағандыда балалар әдебиетінің бірегей өкілі, ақын, журналист Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын насихаттау мақсатында мәнерлеп оқу бойынша облыстық байқау ұйымдастырылды.
Ақын мұрасы – ұрпаққа үлгі
1,014
оқылды

Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған жарыс Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында өтті. Шараға Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсетті.

Байқаудың басты мақсаты – Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын кеңінен таныту арқылы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін дамыту. Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар ақынның «Ашылған сыр» және «Батырдың анасы» поэ­маларын жатқа мәнерлеп оқыды.

Сайысқа Қарағанды, Балқаш қалаларынан, Бұқар жырау, Шет, Нұра, Осакаров аудандарының ауылдарынан келген 20 білім беру мекемесінен 40-қа жуық оқушы қатыс­ты. ArqaAqshamy газетінің жауапты хатшысы, ақын Ерболат Қуатбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Салтанат Қайырбек, Қарағанды Бөкетов университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Құрмет Бажикеев төрелік етті. Байқауға келген жұмыстарды қазылар алқасы мұқият бағалап, қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен әртістік қабілеттеріне қатысты кәсіби пікірлерін білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, құнды сыйлықтар алды.

– Менің ойымша, бұл мереке біздің елімізде «біз кітап оқитын ұлт бола аламыз ба?» деген маңызды сұрақтың көтерілгенін білдіреді. Бұл бағытта біз, кітапханашылар, күн сайын жүйелі түрде жұмыс істейміз, балалар мен ересектерде оқуға қызығушылықты дамыту үшін түрлі шара өткіземіз. Біздің кітапханамыз бос болмайды, оқырмандар күн сайын келеді. Жерлесіміз, Ақтоғай ауданының тұрғыны Жеңіс Қашқынов жақсы әдеби мұра қалдырды. Біз жас ұрпақтың оның шығармашылығын білгенін қалаймыз, – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Баян Уатаева. 

Мереке қонағы Жеңіс Қашқыновтың жиені, веломарафоншы, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы-аудармашы, журналист Ернат Рахметолла болды.

Бұл байқау балалардың әдебиетке деген қызығу­шылығын оятып қана қоймай, оларды көркем сөз өне­ріне баулуда үлкен рөл атқарады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай тағылымды шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ