Өнетін істің басында бірлік тұратынын меңзейді. Баршаның баласын бауырға басқан Қазақстандағы өнімді істердің қайнарында да бірлік пен ынтымақ тұр. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамы осы ынтымақ пен берекеге көрсетілген құрмет болса керек. Осы ретте біз осынау мейрамның және ынтымақтың мәні жайлы білмекке Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьеваны сөзге тартқан едік.
– 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамы сипаты бөлек мереке ғой. Мазмұнын қалай бағалайсыз?
– Тарихы кеңестік кезеңдегі еңбекшілердің ынтымақтастығына барып тірелгенімен, бұл мейрам қазір ортақ үйіміздегі берекені сипаттайтын мереке. Мейрамның сипаты бұрынғы еңбек пен бейбітшілік ауқымынан асып, халық бірлігін дәріптейтін, ұлттар достығын насихаттайтын жаңа белеске шыққаны анық. Жылдар бойы осынау мейрам өзінің мән-мазмұнын байыта түспесе, кеміткен жоқ. Мейрамның атауы өзгертілген сәттен бұрын да, одан бері де Қазақстан ұлтаралық ынтымақтың, өзара түсінісудің жарқын үлгісін көрпсетіп келе жатыр. Елімізде әлем елдерінде теңдесі жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» құрылды. Қай ұлтқа болмасын өз тілін, дәстүрін, дінін дәріптеуге еркіндік берілді. Қазақстан «бейбітшілік аралы» ретінде ТМД кеңістігінде, жалпы әлем картасында ұлтаралық татулықты үлгі еткен ел боп танылды. Ал бүгінгі халықтық мейрам оны бекіте түседі. Біз бүгінгі бірлігімізді қастерлеп сақтауға тиіспіз. Өйткені қазір геосаяси жағдай ушығып барады, халықаралық қатынастар күрделене түсті. Ал оның ел ішіндегі қоғамдық-саяси процестерге, соның ішінде этносаралық қатынасқа, ұлтаралық достыққа салқыны тию қаупі жоқ емес. Ендеше ендігі мақсат – осы концепцияны нығайта отырып, келешек ұрпаққа аманаттап жеткізу.
Осы тұста бұл күннің тарихына қысқаша тоқтала кеткен жөн. Қазақстан халқының бірлігі күні – уақыт талабынан, заман сұранысынан туған мереке. Оны барлығымыз да білеміз. Оның бастауында зобалаң жылдар да, Ұлы Отан соғысы да, индустриялизация кезеңі де жатыр. Ал осының бәрі бірнеше толқыннан тұратын үлкен-үлкен көші-қон арқылы жүзеге асты. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда титулды этнос – қазақ ұлты басым болған болса, 1930 жылдардан бастап республикаға миллиондаған өзге ұлт өкілі келе бастады. Көпшілігі еркінен тыс жер аударылса, кейінгілері – еңбек мигранттары. Бұл тұста, ащы да болса айтылуға тиіс шындық бар: КСРО-ның ұжымдастыру саясаты мен зұлматты жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақтың санын едәуір азайтып кетті. Міне, осылайша еліміз көпұлтты мемлекетке айналды. Бүгінгі күннің бір сабағы – осы, оны ұмытпауға тиіспіз.
– Күні кеше ғана Президенттің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті. Ендеше ҚХА-ның кешесі мен бүгініне өзіңіз қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы 30 жылдың ішінде Ассамблея жан-жақты транформациядан өткен іргелі ұйымға айналды. Өйткені ең басында оның мәртебесі мүлдем басқа еді. Әуелгіде оған консультативті-кеңесші орган ретінде қарап, оның болашағына күмәнданушылар көп болды. Дегенмен Ассамблея өзінің тиісті орнын, өзінің маңызды рөлін дәлелдеп шықты деп айтуға хақымыз бар. Ол бүгінгі күнге дейін қаншама жетістікке жете отырып, өзінің конституциялық мәртебесіне ие болды. конституциялық реформаларға дейін Парламент Мәжілісінде Ассамблеядан 9 депутат тағайындалатын болса, қазір Парламент Сенатында бұл ұйымнан 5 депутат өкілеттік етеді. Олар елдегі барлық этностың мүдделерін қорғап, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жүр. Мұның өзі Ассамблеяның жоғары мәртебесін білдіреді. Одан басқа, Парламентаралық ассамблеялық топ бар. Оған – Мәжілістен 20 депутат, Сенаттан 10 депутат мүше. Олар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы заңнамалық үйлестіруді, Парламенттің Ассамблея және өзге де азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді. Жалпы барлық депутаттың алдында бір ғана міндет тұр – әр күн сайын алғы шепте болу, батыл шешімдер қабылдау және сол үшін халық алдында жауапкершілік алу. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Ассамблеяның бұрынғы Ассамблеядан айырмашылығы жер мен көктей. Қазір бұл ұйымның құрамында «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Этномедиация институты» сияқты түрлі бағыт жұмыс істейді. Бұдан басқа, «Еріктілер клубы», меценаттар тобы бар. Осылардың барлығы өзінің тиісті міндетін атқарып, халықтар достығына, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Шындығына келгенде, жалпы Ассамблеяның өз жұмыс бағыты бойынша атқарылып жатқан шаруа өте көп. Олар көзге көрінбейтін, ешкімге айтылмайтын, сағаттың тіліндей бір жүйеге келтірілген бірлік пен ынтымаққа бастайтын жұмыстар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының кеңейтілген пленарлық отырысында сөйлеген сөзіне қатысты қандай ой қоса алар едіңіз?
– Әрине, бұл жиынның болғанын, мерейтойлы отырыста ел Президентінің сөйлегенін асыға күттік, оны ерекше ынтамен тыңдадық десек болады. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 30 жылдық тарихқа баға беріп қана қоймай, алдағы даму жолына бағыт берді. Биылғы сессия ерекше өткенін атай кеткім келеді. Мемлекет басшысының айтқан сөздеріне толығымен қосыламын. Елімізде этносаралық бірліктің нығаюына әрбір азамат мүдделі болуға тиіс. Ел бірлігін біз тек ұлттар мен этностарды ғана емес, еліміздегі 20 миллионнан астам халықтың барлығын біріктіретін қағидат ретінде қабылдауымыз керек. Татулығымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Бұл дегеніміз – баға жетпес байлық. Оны келесі ұрпаққа жеткізуге тиіспіз!
Ассамблея сессиясында ел Президенті мемлекеттік тілдің мәртебесіне ерекше тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», – деген сөзіне толықтай қосыламын. Өз басым қазақ тілін насихаттауға сонау университетте оқып жүрген кезімнен-ақ атсалысып келемін. Содан бері бір нәрсеге көзім анық жетті. Кез келген тілде сөйлеуге адамды мәжбүр ету өте қиын. Адамның өзінің ниеті бар болса жетеді, ол қай тілде болса да, түсінісе алады.
Ал мемлекеттік тілдің өзі туралы айтар болсам, осыдан 10-15 жыл бұрын қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың қатары саусақпен санарлық еді. Ал қазір мемлекеттік тілге қызығушылық танытып жүрген өзге ұлт өкілдерінің қарасы қалың. Тіпті, ел азаматтары ғана емес, шет мемлекеттерден келіп қазақ тілін үйренсем деп жүрген шетелдіктер де бар. Оларда өз елдерінде ондай қажеттілік жоқ, бірақ дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесінде біз олардың ынтасына, ықыласына ие болып отырмыз. Бұл – өте қуанарлық жағдай! Сондықтан тағы да айтарым, тілді үйренуді мәжбүрлеуге болмайды. Егер қолайлы жағдай жасап, сұраныс тудырарлықтай дәрежеге жеткізсек, қазақ тілін үйренем деушілердің қатары арта түспек.
– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз? Қысқаша өмір жолыңыз, депутаттық қызметіңіз туралы не айтар едіңіз? 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің сіздің әулетте, отбасыңызда алатын орны қандай?
– Мен орыстілді отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қарапайым жұмысшы адамдар. Өзім орыстілді мектепті бітірсем де, қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын оқуға түстім. Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Педагогикалық университеттің Филология факультетінде оқыдым. Оны 4 жыл оқып бітіріп шыққан соң 2002 жылы Көкшетау қаласындағы Дарынды балаларға арналған техникалық лицейге қазақ тілі мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Сол жерде 17 жыл бойы ұстаздық жолдың барлық баспалдағынан өтіп, Мәжіліске келмес бұрын соңғы 6 жыл бойы осы лицейдің директоры боп қызмет атқардым. Басшылық қызметте де мұғалімдікті тастамадым. Жоғары сынып оқушыларына қазақ тілінен, қазақ әдебиетінен сабақ бердім. Парламентке бұған дейінгі VII шақырылым кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тағайындалған депутат ретінде келдім. Онда мемлекеттік тіл мәселесімен, әлеуметтік проблемалармен, заңнамалық жұмыстармен айналыстым. Ал қазіргі VIII шақырылымда ҚХА мүшелігімен қатар, «AMANAT» партиясының өкілімін. Көптеген заң жобасымен аймақтарда халықпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өз басым қай өңірге барсам да ондағы этносаралық жағдайдың қандай екенін назарымнан тыс қалдырған емеспін. Сол жердегі «Достық үйі» қалай жұмыс істеп жатыр деп көңіл бөлем, міндетті түрде этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесіп, әртүрлі маңызды мәселені талқылаймын. Одан кейін ондағы сұрақтарды Парламент қабырғасында көтеріп, шешімін табуға атсалысып жүрмін. Әрине, Парламенттегі жұмыс өте күрделі әрі мәнді, мазмұнды. Соның ішінде Парламентаралық топ тоқсанына бір рет жиналады, ал керек кезінде кез келген уақытта жиналуға әзір. Ел бірлігін сақтау жолында шешімін күткен мәселелерді қашанда кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені түрлі этностың көзқарасы да, менталитеті де, ділі де әртүрлі. Сол себепті ел бірлігі концепциясын міндетті түрде бірге талқылап, этносаралық келісімді одан әрі нығайту үшін не істеу керегін күнделікті күн тәртібіне қойып отырмыз.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің сіздің әулетте, отбасыңызда алатын орны қандай?» деген сұрағыңызға келетін болсақ, менің отбасымды «кішкентай ғана Ассамблея» деп айтуға болады. Өйткені күйеуімнің ұлты басқа, өзім өзге ұлт болсам да мемлекеттік тілді жақсы білемін, жолдасым да қазақша жақсы меңгерген. Баламыз қазір әскерде, өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр. Оны әдейі қазақи ортаға түссін деп, қазақшасын жетілдірсін деп Маңғыстау жеріне жіберіп отырмыз. Сондықтан да мен үшін ел бірлігі – жай сөздер емес, тағдырыммен тамырлас ұғым екенін айтқым келеді. Ол – менің жүрегімде сақталып тұрған үлкен қағидат! Сондықтан да оны қашанда балаларыма, немерелеріме жеткізуге тырысамын. Ол менің перзенттік парызым!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ