Түркістан облысында жиі қозғалатын мәселенің бірі – жарық. Көп ауылда өткен ғасырдың ортасында орнатылған бағаналар шіріп, құлайын деп тұр.
Жарықсыз жұрт, жауапсыз мекеме
2,041
оқылды

Кезінде аз үйге арналып тартылған электр сымына жалғанған абоненттің көбейгені де жарық сапасының төмендеуіне себепші екені рас. Дегенмен жарық құнының жиі көтеріліп жатқанына қарамастан дер кезінде төлем жасап, электр қуатын жүйелі пайдалануы үшін бәріне үнсіз келісіп отырған халықтың сұранысы өз дең­гейінде қанағаттандырылмай отыр, сол себепті «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесіне көңілі толмайтындар көп.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың барлық аудан, қалаларда өткізіп жатқан халықпен кездесу жиындар­да тұрғындар тарапынан электр қуатына байланысты шағым көп екенін байқауға болады. Азаматтар шіруге айналған электр бағаналарын, жүктелімі артқан электр жүйелерінің жиі үзілетінін, қажетті қуат бере алмайтын трансформаторлар жайын айтып, орынды реніштерін білдіріп жатты. Тіпті, Төлеби ауданында өткен кездесуде биылғы үш айда аудан бойынша электр желілерінде 90-нан астам апаттық өшіру болғаны айтылып, бұл салада тәртіп қа­шан орнығатыны жөнінде сауалдар қойылды.

Тұрғындардың электр қуатының сапа­сына қатысты базынасы облыстық мәслихат депутаттарының өз сайлаушылары алдында өткізген есепті кездесулерінде де көпшілік көтеретін тұрақты тақырыпқа айналған. Электр қуатын беруші моно­полист ұйымның өз тұтынушыларының талаптарына атүсті қарайтыны, тозығы жеткен жабдықтарды ауыстырып жаңалауға асықпайтыны жөнінде тұрғындардың арыз-шағымдарынан да білуге болады. 

Нағыз халықтық сауалға айналған осы мәселеге жауап іздеу мақсатында жуыр­да Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың ұсынысымен депутаттық корпустың арнайы жиыны өтті. Күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты қарап, жергілікті жер­лерде қалыптасқан ахуал жөнінде нақты сауалдарын қою үшін облыстық мәслихат қабырғасында өткен жиынға аудан, қала мәслихаттарының төрағалары мен аймақтардағы әкім орынбасарлары шақыртылды. 

 Түркістан облыстық мәслихаты депутат­­тарының аудан, қала тұрғындары алдында есеп беру кездесулері кезінде сайлаушылар тарапынан электр энергиясы мәселесіне қатысты қойған сауалдарының талдау динамикасы жөнінде облыстық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Исаев айтып берді. Аппарат басшысы атап өткен мәселелер қатарында Бәйдібек ауданы Көктерек ауылдық округінен шағымданған азаматтың ауылдық округтегі электр бағаналарының 80 пайызына жуы­ғы ескіріп тозғанын, ал Қенестөбе ел­ді ме­кеніндегі 0,4 кВА электр бағаналары­ның ағаштары шіріп, бүгінде апатты жағ­дайда тұрғанын айтқан. Сонымен бір­ге Ордабасы ауданына қарасты Қайнар елді мекенінің тұрғыны да ауылдағы электр бағаналары әбден тозғанын айтып, жаңалауды сұраған. 

Облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіровке тұрғындар тарапынан Қазығұрт ауылының Отырар, Қожақұл би көшелері тұрғындарынан соңғы 10-15 жылдан бері электр жарығының зардабын көріп келе жатқанын, 30 шақты үй сонау 1989-1990 жыл­дары алғаш көшіп келгенде өздері қаражат жинап құрған трансформаторды қазір 200-ден аса тұрғын пайдаланатын­дықтан, бүгінде оның әбден тозғанын айт­ып ашынған өтініші келген. Салдарынан жарық жиі сөнеді. Ал шаяндықтар көбіне өздігінен электр сымдарын тартып ала­тын­­дықтан, адам өміріне қауіпті болып тұр. Өкінішке қарай, жауапты мекеме болып танылатын «Оңтүстік Жарық Тран­зит» ЖШС бұл мәселеге немқұрайды қарап отыр. Аппарат басшысы дәл осыған ұқсас өзекті мәселелер, Жетісай, Келес, Мақтаарал, Сауран аудандарында кезігіп отырғанын жеткізді.

Түркістан облысы аумағында электр желілерінің басым бөлігі «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның теңгерімінде екенін айтқан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева электр желілерінің физикалық тозу деңгейі 57 пайызды құрап отырғанын баяндады. Былтыр облыс елді мекендерінде 1 083 рет жарық сөнген. Оның ең көбі Сайрам­да – 108, Мақтааралда – 99 мәрте, Кентауда 91 рет болған. «Жарықтың жиі сөнуінің басты себептері ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының барысында орна­тылған электр желілерінің және транс­форматор­ларды нормативтік талаптарға сәйкестен­дірілмеуі, ескірген ағаш бағаналардың бол­уы, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде қайта жаңғырту, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыс­тарына мони­торинг жұмыстарының жүргізілмеуі; 110-35 кВ жоғары кернеулі электр желі­леріндегі күзет аймақтарының сақталмауы, халыққа түсіндіру жұмыс­тарының жүргіз­іл­меуі және басқа да бірқатар жайттың салдарынан болып отыр», – деген Роза Сариева инвестиция­лық бағдарлама қажеттілікке байланысты дұрыс бөлінбе­генін де жасырмады. Сал­дарынан елді мекендерде электр энергиясы  жиі өшіп, облыс орталығы бола тұра Түркістан қа­ла­сының электр энергиясымен қамтылуы ауылдық деңгейде қалған. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-на бірнеше рет тапсырма берілгенімен, аталған мәселеге назар аударылмай келеді. 

Жиында тұрғындардың шырылына айналған, жергілікті атқарушы және өкіл­ді органдардың бас ауруы боп қалып­тасқан ащы сауалдарға «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның бас директоры Ай­дар Махамбетке жауап беруге тура келді. Ол таяу жылдары жаңғырту жұмыс­тары жүргізілген аймақтарды атап, 2025-2029 жылдарға арналған ұлттық жоба ая­сында атқарылатын жұмыстар бойынша есеп берді. 

Отырыс барысында халық сенім артқан мандат иелері монополист ұйымның ин­вестициялық жобаларын бүге-шігесіне дейін қарады. Көп ауыл осы жобаға неге енбей қалғаны жөнінде өткір сауалдар қойыл­ды. Ауа райына қарай электр жарығы да құбылмауы керегі айтылды. Сапалы қызмет көрсете алмайтын ұйымды осы міндетті тиісті деңгейде атқару мүм­кін­дігі бар басқа да ұйымдармен ауыстыру, ұйымды мемлекет меншігіне қайтару тура­лы да өткір ұсыныстар  көтерілді. 

Жиынды қорытындылаған Нұралы Әлмаханұлы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвест жобалары көрсетілген жоспар барлық депутаттың қолында болуы керегін тапсырып, осы жоспар бойын­ша әр аудан, қала кесіндісінде атқарылып жатқан жұмыстарға депутаттық баға берілетінін ескертті. «Бұл мәселені жай ғана талқылап қоя салатын жиын емес. Нақты шешімдер қабылдап, бастысы, тұрғындардың сұранысына қатысты жұ­мыстар атқарылуы керек. Облыстық мәслихат депутаттарының, аудандық, қалалық мәслихат төрағаларының әрбір ұсынысы маңызды. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы халықтың қажеттілігіне байланысты әзірленуі тиіс және құрғақ уәде мен созбалаңға салынбауы керек. Сон­дықтан жиындағы көтерілген сұрақ­тардың нақты жауабын алу және 2026-2027 жылдарға арналған инвестициялық бағ­дар­ламаны толық зерделеу мақсатында жұмыстар әлі де жалғасады», – деді мәсли­хат төрағасы. 

Облыстық мәслихаттың маусым ай­ын­да өтетін сессиясында бұл мәселе қай­та қаралмақ. Депутаттар ендігі жолы ком­пания иесінің өзі келіп, есеп беруін жүктеді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы